Орыстар

Орыстар Қазақстанға XVI-XIX ғасырларда шаруаларды, казак отбасыларын, жер аударылған интеллигенцияларды қоныстандырудың нәтижесінде келді. Сонымен  бірге КСРО кезіндегі  еңбек  көші-қоны  да  бар.

Ірі  орыс  тілді  қауымдастықтар Алматы,  Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен  Астана және Алматы қалаларында орналасқан. Республикада сондай-ақ еліміз бойынша 24 филиалы бар «Республикалық  «Лад» славян  қозғалысы» қоғамдық бірлестігі, «Бастаулар» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан орыс қауымдастығы, Қазақстан орыс мектептері мұғалімдерінің қауымдастығы, «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның орыс партиясы» қоғамдық бірлестігі,  Қазақстан  Республикасындағы «Светоч» білім мен мәдениетті дамыту православ қайырымдылық қоғамы, «Панагия» аймақтық славян православ мәдени орталығы сияқты этномәдени бірлестіктер жұмыс істеуде.

Орыс халқының дәстүрлі киім-кешектері алуан түрлілігімен және аймақтарға байланысты бөлінуімен ерекшеленеді. Ерлер туника түріндегі және қисық жағалы жейделерді, шалбардың сыртына шығарып, белбеу тағып киген. Сыртқы киімі сол жағына қаусырылатын үшкіл шекпен болған. Көпестер мен бай шаруалар шекпен тәрізді белі бүрмелі бешпентше киген. Қисық жағалы жейде, етіктің ішіне салынған шалбармен бірге киілген поддевка 19 ғасырдың аяғындағы интеллигенция арасында сәнді болып саналған. Деревняларда шаруалар көбінесе шұғадан жасалған ұзын етек шапан армяк киіп жүретін болған. Қыста қойдың терісінен жасалған қысқа тондар мен тұлыптарды ашық түсті мата белбеумен орап буып киген.

Киім-кешектердің солтүстік және оңтүстік болып бөлінуі әйелдердің киіміне тән болған. Ақ кенептен жасалған иығына ендірме салып, жағасы жинақталып келген ұзын жейделер жалпы орыстардың дәстүрлі киім үлгісіне жатады. Солтүстік аймақтарда түсі мен тігуі жағынан әр түрлі ұзын сарафандар (ұзын, жеңсіз көйлек) киген. Тұрмысқа шыққан әйелдер бастарына кестемен, маржандармен әшекейленген биік төбелі бас киім кокошник киіп жүрген. Түсі, түрі және матасы жағынан әр түрлі байламдарды міндетті түрде байлаған. Оңтүстік аймақтардағы орыстардың киімдері кенептен, ұзын жейде мен торлы жүннен жасалған матаның тілімі поневадан тұрған. Оның сыртынан алжапқыштың бір түрі – запан киген. Кейде тұрмыс құрған әйелдер мүйіз формалы күрделі бас киім киіп жүретін болған. Нақышты жапсырмалар, інжу, маржандардан тұратын өрнектер, алтын, күміс бұйымдар сияқты әшекейлер ерекше алуан түрлі болған.

Жазушы, аудармашы Никольская Анна Борисовна – қазақтың ұлттық киімінде. 1959 ж.

«Славян мәдени орталығы»  қоғамдық бірлестігінің шығармашылық ұжымы. Павлодар облысы

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев М.Ф. Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының әртістерімен кездесу. Шығыс Қазақстан облысы. 7 сәуір 2015 ж.

Орыс этномәдени бірлестігі. Орал қаласы.