Украиндар

Қазақстан  жеріне  алғашқы украиндар  ХІХ  ғ.  келді. Украин  қоныс  аударушылары Қазақстан жеріне сталиндік репрессия кезінде, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Украин этносының  өкілдері  Ақмола,  Шығыс  Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Астана мен Алматыда басымырақ қоныстанған.

Бүгінде украин қауымдастығының ұлттық-мәдени жаңару үдерісі жүзеге асуда. Тіл мен дәстүрлерді оқып-білу жолға қойылған. Жиырмадан астам облыстық және қалалық украин этномәдени бірлестігі жемісті жұмыс істеуде, Қазақстанның Украинамен ынтымақтастығы белсенді дамуда, 270 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Қазақстандағы  украин  қоғамдық  ұйымдарын  «Украүнці Казахстану» қауымдастығы біріктіреді.

Украина мен Қазақстанды мына жағдай да байланыстырады: қазақ жерінде 11 жыл бойы белгілі жазушы Тарас Шевченко айдауда болды. Маңғыстау облысы елді мекендерінің бірінде, яғни Шевченко тұрған және өзінің шығармаларын жазған үйде оның атында мұражай ашылған. Шевченко  оқулары  өткізіліп  тұрады,  Ақтауда  Кобзарға  орнатылған  әлемдегі  ең  үлкен  ескерткіш  тұрғызылған.  2012  жылы  Киевте  қазақтың  ұлы  ақыны  Жамбыл  Жабаевқа  ескерткіш ашылды. Ал Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл толуына орай Астанада ұлы Кобзарға ескерткіш орнатылды.

Украиндықтардың дәстүрлі киімдері қолдан тоқылған кенептен жасалған шалбар, жейде, белдеулік және кеуделік киім, сыртқы киім, баскиім, аяқкиім, әшекей бұйымдардан тұрады. Украиндықтар арасында әлі күнге дейін киім-кешек үлгісінде этнографиялық ерекшеліктер кездеседі: дерга (күнделікті қапсырмалы киім), плахта (мерекелік, ашық түсті торлы жүн матадан екі кенептен пішілген, өрнектелген), спідниця (фабрикалық матадан жасалған белдеме), керсетка (шолақ жеңді киім) және т.б.

Әйел адамдар білезік, сырға, сақина, мойынға, омырауға тағылатын алқа, моншақ, монеталы алқалар (монисто, дукачі) сияқты әшекей бұйымдар таққан. Бастарына ақ орамал (намітка), баскиім сыртынан байлап(очіпка) киген. Түсі, фактурасы, байлау әдісіне қарай түрлі орамалдар кеңінен таралған. Ер адамдар кең шароварлар, кейіннен орыстар тәрізді тар шалбарлар киген. Кеудесі ойық, кестемен өрнектелген туника тәрізді жейделер кең таралды. Бас киімнен биік елтірі бөрік (кучма), қысқы бас киімдер (треух, малахаі), киізден, сабаннан жасалған шляпаны (бриль) айтуға болады.

Украинадан жер аударылған отбасы. 1908 ж.

Облыстық украин мәдениет орталықтары өкілдерінің Қазақстандағы украин елшісі В. Богатырьмен кездесу сәті. Алматы қ., 1997 ж.
Украина мәдениет орталығындағы «Колядки» дәстүрлі мерекесі. Алматы қ., 1998 ж.

«Бандура» халық музыкалық аспабында ойнау

Украин этномәдени бірлестігі. Қостанай қаласы

Украин этномәдени орталығының шығармашылық ұжымы

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевпен кездесу