Немістер

 

Республика  аумағында  немістер  ХІХ  ғасырда-ақ пайда болған. Олар Ресей ішінде көші-қон қозғалысында белсенді әрекеттер жасады. Алғашқы шаруа  қоныс  аударушылардың  ірі  ошағы  Ақмола  облысының Омбы уезінде пайда болды.
Алматыда Неміс үйі ашылды. Ол Қазақстанда да және одан тыс жерлерге де танымал болды. Немістер кеңесі ірі этникалық бірлестік саналады. Ол Қазақстан мен Германия арасында байланыстырушы көпір болды.  Өйткені  бұл  елдердің  өзара  мүдделері,  әсіресе  этникалық неміс топтарының өмірлік іс-қимылдары бір арнада түйісіп жатты.
Кеңес ана тілді қайта түлету бағытындағы жұмыстарға үлкен маңыз берді. Астанада  «Возрождение»  қоғамының  күш  салуымен  құрамында балабақша, бастауыш мектеп пен гимназия бар неміс кешені құрылды. Қарағандыда неміс прогимназия (бастауыш сыныптар) мен неміс балабақшасы ашылды. «Возрождение» неміс этномәдени орталығы жанынан  жексенбілік  мектептер  жүйесі  ашылды. Қазақстанның 15 өңірінде ашылған мұндай мектептер, негізінен, Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Талдықорған, Шымкент  қалаларында  орналасты. 
Алматыда ТМД бойынша жалғыз неміс драма театры жұмыс істейді. Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі немістердің өмірі туралы тұрақты жұмыс істейтін апта сайын «Гутен Абенд» телебағдарламасы, тұрақты  неміс  тілінде  радиохабары,  «Дойче  Аль-гемайне»  газеті  ақпарат  беріп  отырады. 
Немістердің дәстүрлі киімі ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардан бастап киімнің ортағасырлық элементтері мен қала сәні негізінде қалыптаса бастаған. ХІХ-ХХ ғасырларда «тироль ерлер костюмі» деп аталатын киім кең тараған – қайырма жағалы ақ көйлек, иықбауы бар қысқа былғары шалбар, қызыл жилет, жалпақ былғары белбеу, тізеге дейін жететін шұлық, туфли және енсіз қайырма жиегі мен  қауырсыны бар қалпақ.
Әйелдердің ұлттық киімінің негізгі элементтері – корсаж немесе кофта, бүрмелі юбка мен алжапқыш.  Көбінесе иық жапқыш орамал салып жүрген. Әйелдердің бас киімі айрықша сантүрлілігімен ерекшеленеді – орамалдар, түрлі үлгідегі телпектер (чепцы) жән сабан қалпақтар.