Татарлар -башқұрлар

Алғашқы  татар  қоныс  аударушылардың  едәуір  толқыны Қазақстан жеріне сонау 1552 жылы, ал ерікті қоныстанушылар Қазақстанға ХХ ғасыр басында келді. Татар этносының өкілдері Қазақстанның барлық облысында теңдей орналасқан.

 Қазақстан  татарларының  ең  ірі  ұлттық  бірлестігі – «Идеал» татар және татар-башқұрт қоғамдық және этномәдени орталықтары қауымдастығы. Ол 18 этномәдени орталықты біріктіреді. Жыл сайын маусым-шілдеде  республиканың  барлық  облыстарында  ең  әдемі  және  жарқын  ұлттық  мерекенің  бірі  –  Сабантой  тойланады.  Астана, Алматы, Павлодар, Петропавл, Өскемендегі этномәдени орталықтарында татар тілін оқытатын жексенбілік мектептер мен сыныптар ашылған. Оралда Ғабдолла Тоқай орталығы құрылды, Татар Республикасының қолдауымен ақынның мұражайы ашылды. «Яшьлек» газеті шығарылады, Татарстанның «Жаңа ғасыр» спутниктік телеарнасының хабары таратылады.

Татарлардың үстіңгі киімі түймесіз бірыңғай келеді, белдің тұсы ғана аздап бөлініп тұрады. Жейденің сыртынан жеңсіз қамзол киіледі. Әйелдердің қамзолдарын ашық түсті барқыттан тігіп, жиектері әртүрлі өрнектермен безендіреді. Ер адамдар қамзолдың сыртынан жилэн деп аталатын шәлі жағалы халат киеді. Ал суық күндері бешмет, чикмен аталатын сырт киімдер дұрыс саналады. Бас киімдері төбетей, кэлэпуш, кряшен, бөрек деп аталады. Бұлар пішіндері арқылы ажыратылады. Әйелдердің бас киімі калфак маржан тастан, алтын жалатылған немесе күміс тиындармен сәнделеді.

Елдің  барлық  облыстарында  этномәдени  бірлестіктер құрылған. Олардың қызметін Татар мен  башқұрт  ұлттық-мәдени  қауымдастығы  мен  Қазақстан Республикасының қоғамдық орталықтары үйлестіріп отырады. Жексенбілік  мектептер  мұғалімдерінің  күш  жұмсауының арқасында жастардың рухани-адамгершілік, интеллектуалдық және дене мүшелерінің даму деңгейі өсіп отыр. Сол жастар ғана әлеуметтік-мәдени және экономикалық ортада шығармашылықпен өзін-өзі дамытуға қабілетті, халықтың тілін, мәдениетін, дәстүрін тасушы бола алады.

Қазақстан құрамында «Салавит» башқұрт мәдени орталығы, «Айнұр» татар-башқұрт мәдени орталығы, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы мен «Татулық» татар-башқұрт  ұлттық-мәдени  орталығы  кіретін  қоғамдық қор жұмыс істейді.

Башқұрт халқының ұлттық киімі әр алуан болып келеді. Ер адамның костюмы - қайырма жағалы ұзын кең пішілген жейде, оның сыртынан тар жеңді көйлек пен балағы кең, қалын матадан тігілген шалбардан тұрған. Мерекелік жейде мен белдіктерді кесте өрнектермен әшекейлендірген. немесе рәсми жағыдайда жібек пен барқыт халаттарды, бешметтерді таққан. Қысқы сырт киім ретінде қой терісінен жасалған тондар, қысқа тондар, шұға халаттар мен чекмендер қызмет етті. Ерлердің дәстүрлі бас киімі қойдың және аң терілерінен, киіз бен сатып алынған маталардан тігілген. Кәмшат, бұлғын, құндыз және түлкінің терілерімен қапталған бөріктер өте бағалы болды. Пима мен ұзын шұға қонышты жұмсақ былғары етіктерді киетін.

Башқұрт әйелдерінің киімдері сәнді, әр түрлі болды. Әйелдер ішкі жейде мен кең шароварлар киетін. Тұрмыстағы әйелдер жейдесінің ішінен кеуде тартқыш байлаған. Жейденің сыртынан жеңсіз киім мен халат киген, оларды зер, қаптырма және тиындармен айналдыра тіккен. Ескі еляндар мен чекмендер түрлі түсті өрнектермен, шұға, зер, маржан тас, сердолик, тиын және асыл тастармен безендірілген. Адамның бас киімі - оның жасын, отбасылық, мүлікті-әлеуметтік жағыдайын көрсеткен. Әйелдердің, әсіресе мерекелік бас киімдері жарқын, сәнді, маржан тасты, тиын және күміс қаптырмалармен әшекейленген. Жас қалындықтар – ұзын кездемелі орамалды (кушьяулык) кестелеп, ал иек тоқымалы бауды – тиын мен інжу тастармен безендіріп жамылған. Әсіресе солтүстік аудандарда мұсылманша байланған орамалмен қатар кішкентай бөріктер киген.

 Г. Чистякова, «Чишмя» татар-башкұрт қоғамдық мәдени орталығының  негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі ансамбль өкілдерімен бірге. Павлодар қ., 1997 ж.