Армяндар

Қазақстандағы армян диаспорасы ХІХ ғасырдың екінші  жартысында  Армениядан  күштеп  көшірудің  нәтижесінде  қалыптасты.  Қоныс  аударушылардың негізгі толқыны Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысында тың және тыңайған жерлерді  игеру  жылдарында  Кеңес  Одағының  жүргізген саясатының салдарынан, сондай-ақ Закавказье оқиғаларынан кейінгі 80-90 жылдары келді. Армяндар Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар қалаларына қоныстандырылды.

Қазақстанның  14  қаласында  республикалық,  аймақтық,  облыстық,  қалалық  және  басқа  да  қоғамдық бірлестіктер, мәдени орталықтар жұмыс істеуде. Олар «Наири» армян мәдени орталықтары қауымдастығына  біріккен.  Оның  күшімен  Қазақстанда бірінші Қасиетті Карапет армян шіркеуі ашылды, «Наири» армян ұлттық газеті жарық көрді, армян тілінде әліппе шығарылды, Левон Мирзоян туралы кітап басылып шықты, 10-нан астам жексенбілік мектеп жұмыс істейді.

Армян  мәдениетін  дамыту  мақсатымен  Қазақстанның  басқа  да  армян  мәдени  орталықтарымен  кездесулер өткізіліп тұрады. Алматыдағы «Луйс» және  Қарағандыдағы  «Эребуни»  көшбасшы  орталықтар саналады. «Луйс»  армян  мәдени  орталығы  ай  сайын  армяндардың мәдени және рухани өмірін түлетуге байланысты шаралар өткізіп отырады. «Эребуни» этномәдени орталығы өзінің күш-жігерін жастарды армян тілін, халық әндері мен билерін үйренуге жұмылдырған. Мұнда армян халқының дәстүрлері рухында ұлттық мерекелер белсенді түрде өткізіліп тұрады.

Ерлер мен әйелдердің дәстүрлі киімі негізінен аласа жағалы жейде мен кең шалбардан тұрған, әйелдердің шалбары бүріліп, тобық тұсында бекітілген, ал ерлерде ол жалпақ шұлғаумен оралған. Сыртынан черкеска (ерлерде) және көйлек (әйелдерде) үлгісіндегі сыртқы киімнің әр түрлерін киген.

Ал әйелдер, көбінесе ұзын шарф байлаған. Әйелдер міндетті түрде сәнді кестелі алжапқыш жапқан. Әсіресе, алтын жіппен өрнектелген барқыт немесе шұғадан тігілген некелік алжапқыштар әдемі болған. Мех, киіз немесе тоқыма баскиім киген, ал әйелдер – түрлі әшекейлері бар жиек салынған жамылғы жамылған.