Түріктер

Қазақстан  жерінде  алғашқы  түріктердің  пайда  болуы  ХІV  ғасырға  тиесілі.  Бұл  сауда  қарым-қатынастарының  дамуымен  байланысты  болды.  Одан  кейінгі  түріктердің  көші-қоны  әртүрлі  себептермен  болып  жатты.  Оның  ішінде  қоныс  аударушылардың  басым  бөлігі  тың  және  тыңайған  жерлерді   игеру   жылдары   Ресейден   келді.   1944  жылдың  қарашасында  түріктер  Грузиядан Қазақстанға күштеп жер аударылды. Қазақстан Республикасының  аумағында  тұрып  жатқан  түріктердің  көпшілігі  –  сол  кездегі  қоныс  аударушылардың  ұрпақтары. Бүгінде олардың саны 198 мыңнан астам адам. Бүгінгі ахыска-түріктер республиканың 11 облысында тұрып жатыр. Олар Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында басымырақ.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының 46 мектебінде түрік тілі сыныптары ашылған. Алматы қаласындағы No 99 орта мектеп түрік тілін үйрету жөнінде базалық мектеп болып табылады. Үш жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Елдің әрбір облысында қазақ-түрік лицейлері  бар.  Түркияның  ЖОО-ында  Қазақстаннан  барған  жастар  білім  алуда  (100-ден  астам  адам). Барлық этномәдени орталықтардың қызметін «Ахыска»  түрік  этномәдени  орталығы  реттеп  отырады.  Орталық базасында «Чичеклер» ұлттық би ансамблі құрылған.  Түрік  ансамбльдері  барлық  салтанатты  шараларға қатысып, концерттер қояды, этникалық шығармашылық ұжымдары жиі-жиі фестивальдар өткізіп тұрады. 10 жылдан бері ұлттық түрік гюреші (еркін  күрес)  бойынша  халықаралық  турнирі  жыл  сайын  өткізіліп  келеді.  Жарысқа  Қазақстаннан,  Қырғызстаннан, Өзбекстаннан спорт шеберлері мен разряды барлар қатысады.

1999 жылдан бері қазақ, орыс және түрік тілдерінде республикалық «Ахыска»  газеті  шығып  тұрады.  Қазақстандағы  түрік  этностарының өмірі, тұрмысы мен дәстүрлері туралы баяндайтын түрік тілінде «Тәтті бастау», «Парыз» фильмдері жарық көрді.

Түріктердің киімдері салмақты түсімен, ешбір тоқымамен, желбіршекпен сәнделмейтіндігімен ерекшеленеді. Сонымен түріктердің негізгі киімдері: қолпылдақ келетін дамбал (шельвар деп аталады), жейде (гёмлек), құрылымы өте күрделі белдемше (ючетек), желетке (йелек), белдік (кушак), бас киім (колав). Кең келетін шалбар мен жейдені әйелдер де, ерлер де кие береді. Олар қара түсті материалдан тігіледі, яғни, бұл жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Әйелдердің ұзын көйлектері энта-ри деп аталады. Бұл киім башпайдан бастап, барлық жерді жауып тұрады. Кейде оның сыртынан инчик деген түймесіз желетке киіледі. Бас киім ретінде орамал немесе үшкіл орамал тағады. Бірімен шашын жапса, екіншісімен иекті жабады екен.