Әзірбайжандар

Алғашқы  әзірбайжан  этносының  өкілдері  Қазақстанға ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Әзірбайжан  этносы  өкілдерінің  саны  130  мыңға  жуық адамды құрайды. Әзірбайжан этносы өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген. Осы күндері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жинақы орналасқан.

Әзірбайжандықтардың этномәдени бірлестіктерінің қызметін Қазақстан әзірбайжандарының «Вэтэн» конгресі қадағалайды. 2011 жылы Қазақстанда Әзірбайжан мәдениетінің күндері  өткізілді.  Бұл  шара  Қазақстан  мен  Әзірбайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанының 20 жылдығына орайластырылған еді.  Бакуде  қазақстандық  дипломатиялық  өкілдік  ашылған сәттен бастап Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы  Гейдар  Әлиевтің  есімін  иеленген  Достық қоғамы белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің  20  жылдығы  мен  Қазақстан  және  Әзірбайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 20 жылдығы шеңберінде Бакуде Абай Құнанбаев атындағы көшенің ашылуы мен ескерткіш тақтаның орнатылуы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен Баку мем-лекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ашылуы, ішкі ұлттық жиһаздарымен 10 қанатты қазақ киіз үйінің тұсаукесері,  Қазақстан  Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әзірбайжан тілінде  шыққан  «Қазақстандық  жол»  кітабының  тұсаукесері, «Астана» деген атпен ұйымдастырылған Қазақстан мен оның елордасы туралы фотокөрменің ашылуы,  Қазақстан  киносының  апталығы  сияқты  салтанатты  шаралар  өткізілді. 

Әзірбайжандардың ұлттық киімдері халықтың тарихымен, рухани және материалдық мәдениетімен тығыз байланысты. Ер адамдардың киімдері: уст кейнейи (жейде), габа және чуха (екеуі де иыққа жабылады), кюрк (қой терісінен жасалған тон). Папах, яғни, бас киім әрбір ер азаматтың абыройы саналады, оны жоғалтып алу намыстан жұрдай болумен пара-пар. Джораб аталатын шұлық та кез келген аяқ киімнің ішінен киіледі.

Әйелдердің үстіңгі киімі чадру, бетті жабатыны рубенд деп аталады. Көбіне ашық түсті маталардан тігіледі. Бір аймақтарда қысқа етекті көйлекпен дамбал киілсе, келесісінде тек ұзын көйлектер киіледі. Бастарына барқыттан тігілген әртүрлі пішіндегі тақияларды киіп, астына орамал тағады. Кейбір киімдерде чутгу деген шаш салатын жасырын қалталары болады.