Шешендер

Шешен  мәдениетін  қолдау  қоры  мен  «Заман»  рухани  мұрасы  жұмыс  істейді.  Бірлестіктің  міндеті  –  шешендердің  тарихын,  мәдениеті мен тілін қалпына келтіру, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін насихаттау. Қордың басты бағыттарының бірі – барлық этнос өкілдері арасындағы достық, бірлік  пен  келісімді  нығайтуға  жәрдемдесу.  Бірлестіктің барлық филиалдары жанынан жексенбілік мектептер ұйымдастырылған. Оларда балалар мен ересектер шешен және мемлекеттік тілдерді үйренеді.

Еркектердің дәстүрлі киіміне жейде, бешмет және шалбар жатады, шалбардың сәл тар болып келген балағын аяғын табанынан тізесіне дейін жауып тұратын мәуіті байпақтың қонышына салып қоятын. Аяқтарына теріден тігілген жеңіл жұмсақ етік киген. Жоғары сапалы мәуітіден тігілген черкеска сырт киім болып табылады. Шешендер ежелден бастап ерлердің де, әйелдердің де бас киіміне ерекше мән берген. Шешеннің папахасы оның абыройы мен қадір-қасиетінің белгісі болып есептеледі. Біреудің басынан папаханы қағып түсіру ел естімеген қорлық деп саналған. Егер шешен дау немесе жанжал кезінде папахасын басынан жұлып алып, жерге тастаса, бұл оның жанжалдың түбіне дейін жетуге әзір екендігінің белгісі.

ХІХ ғасырда барлық шешен әйелдері түймеленетін тік жағасы және кеуде тұсында тілігі бар туника үлгісіндегі ұзын жейде мен балағы бүрілген кең шалбар киген. Жейде сыртынан жағасыз, кеуде тұсы ашық және белінде түймеленетін, ұзындығы жерге дейін жететін желбегей көйлек киілген. Осы күнге дейін бас орамал әйел киімінің міндетті бөлігі болып табылады.

 «Вайнах» ансамблінің өнер көрсету сәті. Алматы қ., 1999 ж. 

«Вайнах» ансамблі «Наурыз» мерекесінде өнер көрсетуде. Алматы қ., 1997 ж.