Венгрлер

Венгр этносының өкілдері  –  кеңестік  кезеңде,  тың  және  тыңайған жерлерді игеру кезінде, жоғары және орта оқу орындарын бітіріп, арнайы жолдамамен келгендер. Бірінші дүниежүзілік соғыстың әскери тұтқындарының ұрпақтары да кездеседі. Қазақстандағы  бүгінгі  венгр  диаспорасы  –  (500-ге  жуық  адам)  Қазақстанның  барлық  облысында  шашыраңқы тұрып жатыр.

Алматы қаласында венгр этносының өкілдері «Алматы қаласындағы венгр мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігіне біріккен. Орталық венгр ұлттық мәдениетін түлетіп, дамытуға, венгр халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтауға жәрдемдесетін  қоғамдық  ұйым  болып  табылады.  Орталық  жанынан  ана  тілін  оқыту  курстары  ашылған. Венгр этномәдени орталығының қызметі туралы ақпарат «Достық-Дружба» журналында тұрақты жарияланып  тұрады. 

Венгр ұлттық киімі ортақ әрі бірегей болғанымен аймақтық ерекшеліктер бар. Әйелдер – бүрмелі белдемше мен жеңі кең көйлек немесе ашық түсті жеңсіз көйлек, бастарына тақия киіп, орамал тартқан.  Ерлер кенеп көйлек, шалбар (гатья) мен кеудеше, бастарына аң терісінен тігілген бөрік және сабан қалпақ киген. Қарапайым тігілген мауыты шекпен (губа), кестелі жадағай (сюр), аң терісінен жасалған ұзын жамылғы – ерлердің сырт киімі.