Қырғыздар

 «Қырғызстан-Астана» этномәдени орталығы тілді, дәстүрді және халықтың рухани бірлігін сақтау жөнінде  жұмыстар  атқаруда.  Еліміздің  барлық  облысында қырғыз және мемлекеттік тілді оқытатын жексенбілік мектептер жұмыс істейді. «Қырғызстан-Астана» орталығы «Түркі халықтарының мәдени диалогы: тарих және қазіргі заман» жобасын жүзеге асырды. Бұл шараның мақсаты – әлемдік және қазақстандық түркологияны, бүгінгі түркі халықтарының өміріндегі мәдени-тарихи үдерістерді дамытудың жолдары мен келешегін талқылау, сондай-ақ өзара ғылыми, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық ауқымын кеңейту. Қазақстанда  тұратын  қырғыздар  өздерінің  дәстүрлері мен мәдениетінің ерекшеліктерін сақтай отырып, барлық этнос өкілдерінің арасындағы достық, бірлік пен келісім саясатын қолдайды.

Қырғыздардың киімдері көшпелі өмірге, атпен жүруге бейімделген. Өте ұзын әрі кең келеді, белдері былғары белдікпен буылады. Көбіне киізден, былғарыдан, жануарлардың терісінен тігілетін болған. Әйелдердің ұлттық киімдері: койнок (көйлек), белдемчи (кең ашылатын белдемше), элечек (бас киім), шокуло (қалпақ), тақия, ичиг немесе маас (жұмсақ былғарыдан жасалған аяқ киім).  Ерлердің ұлттық киімдері: замши-чалбар (былғары дамбал), оның қандагай, жарғақ шым деген түрлері бар, кементай (киізден жасалған шекпен), тоң, бас киімдері – тебетей, қалпақ, малақай.