Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы

Версия для печатиPDF versionEPUB version

 

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі)

даму тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуын орта мерзімді перспективада қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) әзірлесін және бекітсін.
  3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар Жоспарды іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
  4. «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің    2013 жылғы 18 сәуірдегі № 552 Жарлығының (Қазақстан Республикасының               ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 25, 397-құжат) күші жойылды деп танылсын.
  5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

         Президенті                                                                    Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2015 жылғы 28 желтоқсан        

№   148

 

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2015 жылғы 28 желтоқсандағы

№  148  Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

Астана, 2015 жыл

Мазмұны

1.

Кіріспе

3

2.

Ахуалды талдау

3

3.

Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

6

4.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік этносаясатты іске асыру жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары

 

6

5.

Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері және ресурстық қамтамасыз ету

 

11

6.

Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

 

12

7.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

12

 

1. Кіріспе

Тұжырымдама «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 149 Жарлығына, Қазақстан Республикасының Президенті мақұлдаған Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасына (бұдан әрі – Доктрина), Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»; «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауларына, «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі – ҚХА) сессияларында, «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмаларға сәйкес әзірленді.

ҚХА-ның (2020 жылға дейінгі) қолданыстағы даму тұжырымдамасы  ойдағыдай іске асырылуда.

Бес институттық реформа шеңберінде Мемлекет басшысы алға қойған қазақстандық бірегейлік пен бірлікті азаматтық қағидат негізінде нығайту жөніндегі міндеттерді, мемлекеттік құрылыстың қазіргі кезеңінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыруды ескере  отырып жаңа ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірленді.

2. Ахуалды талдау

Қазіргі уақытта Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемдегі табысты модельдердің бірі ретінде танылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 маусымдағы № 593 қаулысымен бекітілген Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006 – 2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды. 

ҚХА-ның орта мерзімді кезеңге арналған (2011 жылға дейінгі) стратегиясы, ҚХА-ның (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы және оның негізгі ережелері орындалды.

Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді іс-қимылы қамтамасыз етілді.

ҚХА-ның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігері топтастырылды.

Этносаралық ахуалды мониторингтеудің және этносаралық қатынастар саласындағы алдын алу тетіктерінің жүйесі қалыптастырылды.

ҚХА-ның нормативтік құқықтық базасы құрылды.

ҚХА Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы
1 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Оған этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі қызметтерді ведомствоаралық үйлестіру жүктелді.

2007 жылғы конституциялық реформа ҚХА-ны конституциялық мәртебеге ие мекеме ретінде бекітті. Қазақстандық этностардың кепілді парламенттік өкілдігі қамтамасыз етілді.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан халықтары Ассамблеясы – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді.

2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, ол ҚХА-ны елдің саяси жүйесіндегі толық құқылы субъект ретінде бекітті, оның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің нормативтік-құқықтық негізін айқындады.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚХА туралы ереже бекітілді, онда ҚХА-ның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттігі белгіленді.

ҚХА-ның инфрақұрылымы нығайтылды, оның азаматтық қоғам және мемлекеттік билік жүйесіне кірігуі қамтамасыз етілді.

ҚХА жанында қоғамдық қорлар жұмыс істейді, көпфункциялы веб-портал даму үстінде, «Достық-Дружба» журналы жарыққа шығады, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында ҚХА депозитарийі құрылды.

Мемлекет басшысы – ҚХА Төрағасының тапсырмасы бойынша
2009 жылы ҚХА-ның Ғылыми-сарапшылық кеңесі құрылды. Барлық өңірлерде ЖОО базаларында ҚХА ғылыми-сарапшылық  топтары құрылды.  

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталық құрылды, ол Ғылыми-сарапшылық кеңестің жұмыс органы болып табылады.

ҚХА-ның Журналистер клубы құрылды. Өңірлік деңгейде қоғамдық келісім мен бірлікті жария ету бойынша осы сияқты құрылымдар жұмыс істейді.

Барлық деңгейдегі әкімдер мен ірі кәсіпорындар жанынан ҚХА-ның қолдауымен қоғамдық келісім кеңестері құрылды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылы ҚХА қызметін қамтамасыз ету жөніндегі ұйым ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Өңірлік деңгейде Астана және Алматы қалалары, облыстар әкімдерінің аппараттары жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары құрылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2015 жыл ҚХА жылы деп жарияланды.  

ҚХА қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделін шет елдерде насихаттау жұмыстарын жолға қойды. Қазақстандық модель ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің 56 тілінде таныстырылды және Қазақстан Республикасының шет елдердегі елшіліктеріне таратылды. Шетелдік әріптестердің өтініші бойынша ҚХА Хатшылығында әлемнің 20-дан астам елінен келген сарапшылар, ғалымдар, дипломаттар, журналистер  және ҮЕҰ үшін қазақстандық модельдің 60-тан астам таныстырылымы өткізілді.

ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарымен, Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығымен, Қырғызстан халқы Ассамблеясымен, Ресей халқы Ассамблеясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Ұлыбританияның Лондон қаласында Қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығы ашылды. 

2014 жылы ҚХА мен АӨСШК арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан этносаясатының мынадай артықшылықтары қалыптастырылды:

Біріншіден, елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың орнықты саясатының арқасында этностық және діни тиесілілігіне  қарамастан азаматтық тең құқықты іске асырудың тетіктері жасалды және жетілдіріліп келеді, азаматтық қағидат негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлік қалыптастырылып, нығая түсуде.

Екіншіден, Қазақстандағы этностардың өкілдігі және олардың мүдделерін іске асыру ең жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады – Конституцияның кепілі ел Президенті ҚХА Төрағасы болып табылады.

ҚХА жоғары органының – сессиялардың шешімдерін барлық мемлекеттік органдардың қарауы және орындауы міндетті.

Үшіншіден, ел Парламентіндегі этностардың кепілді өкілдігі ҚХА-ның Мәжіліске 9 депутат сайлауы арқылы қамтамасыз етілген.

Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын өзек еткен қазақстандық бірегейлік пен бірліктің құндылық негізі қалыптастырылды.

Бесіншіден, мемлекет этностардың тілі, дәстүрлері мен мәдениетін дамыту үшін жағдай жасады және қолдау көрсетіп келеді.

Алтыншыдан, бірегейлік пен бірліктің қазақстандық моделі азаматтық бастамашылдықтың, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің сындарлы диалогының негізінде дамиды.

Қазақстанда этносаралық қатынастар саласында халықаралық стандарттар шеңберінде жалпыға бірдей танылған барлық негізгі нормалар енгізілді.

Жалпы, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мен нығайтудың тиімді саяси-құқықтық және институттық – басқару жүйесі жұмыс істеп тұр.

Жаһандық экономиканың және әлемдік саясаттың қазіргі заманғы даму үрдісі жаңа қауіп-қатерлер туғызып отыр.

XXI ғасырдың жаңа сын-қатерлері – әлемдік экономиканың құбылмалылығы, қазіргі заманғы халықаралық қақтығыстардағы этнодіни фактор рөлінің өсуі, көші-қон ағыны мен босқындардың көбейе түсуі – Қазақстан халқының бірлігін, ұйымшылдығын және патриотизмін одан әрі нығайтуды талап етеді.

Азаматтық қағидатында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын,  қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы, «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттерді шешуге ұмтылуды, сондай-ақ бес институттық реформаны жүзеге асыру ісіне ҚХА-ның белсене қатысуы бойынша ҚХА-ның рөлін айқындауда түбегейлі жаңа тәсіл қажет.

3. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

Тұжырымдаманың мақсаты ҚХА-ның конституциялық мәртебеге ие мекеме ретінде одан әрі дамуы; оның азаматтық қағидат негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын ілгерілетудегі, Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудағы рөлін арттыру.

Тұжырымдаманың негізгі міндеттері:

1) «Қазақстан – 2050» стратегиясын ойдағыдай жүзеге асырудың түйінді факторы ретінде қоғамдық келісімді, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының жұмысын үйлестіруші ретіндегі ҚХА рөлін күшейту;  

2) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін мемлекет пен этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылының жаңа форматтарын енгізу;

3) Қазақстан халқының мәдениетін, тілдерін және дәстүрлерін дамытудағы топтастырушы фактор ретінде мемлекеттік тілдің рөлін нығайту;

4) болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру және жалпықазақстандық құндылықтарды нығайту мақсатында үш тілде білім беруді енгізуге жәрдемдесу;

5) бірегейлік пен бірліктің қазақстандық моделін шет елдерде тұратын отандастарымыздың, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен халықаралық қоғамдастықта кеңінен таныту;

6) халықаралық ұйымдармен және шетел мемлекеттерінің азаматтық қоғам институттарымен ҚХА-ның өзара іс-қимылы;

7) этномәдени бірлестіктердің жалпымемлекеттік кешенді міндеттерді шешуге белсене қатысуы болып табылады.

Тұжырымдаманың құндылық негіздері «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті азаматтық қағидат негізінде нығайту мен дамытуды білдіреді.

4. Мемлекеттік этносаясатты іске асыру бойынша ҚХА қызметінің негізгі бағыттары

Мемлекеттік этносаясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша ҚХА қызметінің басымдықтары: қазақстандық бірегейлік пен бірлікті азаматтық қағидат негізінде нығайту мен дамыту, мемлекеттік этносаясатты іске асыруға атсалысу, ҚХА институтын нығайту.

  1. Қазақстандағы бірегейлік пен бірлікті азаматтық қағидат негізінде

нығайту және дамыту саласында

Бес институттық реформаны ойдағыдай іске асыру «Бір ел – бір тағдыр» қағидаты бойынша қоғамның топтасуы мен бірлігіне негізделген.

ҚХА-ның қызметі мынадай түйінді бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1) ҚХА-ның қоғамдық құрылымдарын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының құндылықтарын ілгерілету және  кеңінен таныту ісіне жұмылдыру;

2) мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыру процесінде этномәдени бірлестіктермен және азаматтармен жұмыс жүргізудің жаңа нысандарын енгізу;

3) қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау саласында ҚХА жұмысының жаңа бағыттарын дамыту;

4) Қазақ тілінің ұлттық корпусын – мемлекеттік тілді одан әрі дамытуды қамтамасыз ететін ашық, үнемі толықтырылып отыратын инновациялық ақпараттық-анықтамалық жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу;

5) мемлекеттік тілді оқыту, оның ішінде қазақстандық этностарға мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту жөніндегі «Тілдарын»  оқу-әдістемелік кешені негізінде этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері жанындағы этноағарту кешендерінің қызметін жаңғырту;

6) Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасын қолдау, сақтау және насихаттау;

7) Қазақстанның көпэтносты халқының қалыптасу тарихы және тәуелсіздікті нығайтудағы этностардың рөлі туралы ілімді тарату.

2. Мемлекеттік этносаясатты іске асыруға жәрдемдесу саласында

Республика деңгейінде мынадай шараларды іске асыру қамтамасыз етіледі:

1) Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларын, «Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясын, жаңа «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» экономикалық саясатын, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын түсіндіру;

2) «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын іске асыру жұмыстарына этномәдени бірлестіктер мен жұртшылықтың белсене қатысуы;

3) мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық жұмыс жоспарларын қалыптастыру мен іске асыру кезінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар үшін қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімді нығайту саласында ұсыныстар тұжырымдау;

4) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіндегі ҚХА-ның депутаттық тобының тәжірибесін жергілікті өкілді органдарға тарату;

5) әлеуметтік мәселелерді анықтау және алдын ала шешу бойынша  мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;

6) қоғамдық келісім кеңестерінің қоғамдық бақылау саласындағы жұмысын жандандыру;

7) қазақстандық қоғамдағы отбасы институтын, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, достық пен бірлікті насихаттауға этномәдени және қоғамдық ұйымдарды кеңінен тарту;

8) әлеуметтік лифт жүйесін, соның ішінде азаматтарды, әсіресе жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін жетілдіру.

Мемлекеттік этносаясатты іске асырудың нормативтік құқықтық базасын дамытудың маңызды бағыттары:

  1. ҚХА туралы заңнаманы жетілдіру;

2) ҚХА-ның Қазақстан Республикасының Парламентімен ынтымақтастық, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі ҚХА-ның депутаттық тобымен ҚХА-ның өзара іс-қимылы тетігін дамыту;

3) этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы заңнаманы бұзудың профилактикасы бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайту;

4) халықтың саяси-құқықтық мәдениетін көтеру, ксенофобия, экстремизм көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру;

5) қазақстандық бірегейлік пен бірлік саласында бірыңғай стандарттар әзірлеп, олардың біркелкі пайдаланылуын қамтамасыз ету.

Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту саласында өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдардың қызметін жаңғырту жүзеге асырылуда, ол мынаны көздейді:

1) өңірлік ассамблеялардың, Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдерінің аппараттары жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-ге, ҚХА-ның қоғамдық құрылымдарының қызметіне қазіргі заманғы басқару әдістерін енгізу;

2) мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру;

3) «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы шеңберінде өңірлердің ҚХА-лары арасында қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету.

ҚХА қызметін ақпараттық қамтамасыз ету саласында мынадай шаралар іске асырылады:

1) БАҚ-та, Интернетте, жаңа буын масс-медиасында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде  бес институттық реформаны іске асыру барысы туралы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын және қазақстандық бірегейлік пен бірлікті ілгерілету бойынша түсіндіру жұмыстары;

2) ҚХА-ның ақпараттық ресурстарын дамыту, «Болашағы біртұтас ұлт» ақпараттық науқанын, «Болашаққа 100 қадам» медиажоспарын іске асыруға,  «100kadam.kz» сайтын контенттік тұрғыдан толықтыруға жәрдемдесу;

3) Қазақстан Республикасының ұлттық брендін, «Ұлы Дала Елі» елдік брендін ел ішінде және шет елдерде насихаттау жөніндегі жобаларды жүзеге асыру;

4) масс-медиамен өзара іс-қимыл саласындағы жұмысты жаңғырту: ҚХА журналистер клубы негізінде журналистер үшін практикалық семинарлар, «Шаңырақ» жыл сайынғы этножурналистика байқауын және ҚХА медиафорумын (екі жылда бір рет) өткізу;

5) Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ шетелде тұратын отандастардың әлеуетін пайдалана отырып, қазақстандық бірегейлік пен бірлік моделін шетелдік БАҚ-та кеңінен таныту жөніндегі ақпараттық жұмысты күшейту;

6) этностық БАҚ-тың дамуына қолдау көрсету.

Білім беру саласында мынадай іс-шаралар кешені қамтамасыз етіледі:

1) барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын оқытуға қолдау көрсету;

2) «Қазақстан 2020: болашаққа жол» 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін, оның ішінде жастарды қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған жобаларды іске асыруға тарту жолымен, іске асыруға қатысу;

3) Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы идеясын іске асыру бойынша этномәдени бірлестіктер мен ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының белсенді жұмыс жүргізуі;

4) қазақстандық құндылықтарды зерттеу және жастар арасында бірлік пен келісім құндылықтарының сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қорымен өзара іс-қимыл жасау;

5) ҚХА-ның республикалық лекторийі негізінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын дәріптеу және ілгерілету бойынша ғылыми-білім беру семинарларын ұйымдастыру.

Мәдениет саласында ҚХА қызметі мынадай бағыттарға топтастырылатын болады:

1) елде және шет елдерде, оның ішінде Қазақстан этностарының тарихи шыққан елдерінде қазақстандық мәдениетті танымал ету;

2) «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын, сондай-ақ елдің мәдени мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік беретін туризмді ілгерілетуге қатысу;

3) мәдениет пен халықтық қолданбалы өнерді дамытуға жәрдемдесу;

4) Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасындағы және облыстық кітапханалардағы  ҚХА депозитарийін кеңейту;

 

 

Мынадай бағыттардағы халықаралық ынтымақтастық:

1) бірегейлік пен бірліктің қазақстандық моделін, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын танымал ету бойынша шет елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

2) Қазақстан үшін практикалық ұсынымдар тұжырымдай отырып, бірегейлік пен бірлікті нығайту саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу;

3) шетелде тұратын отандастарды ана тілін, мәдениетін, ұлттық дәстүрін сақтау және дамыту, тарихи Отанымен байланыстарын нығайту тұрғысынан қолдау;

4) Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ, АӨСШК, ТҮРКСОЙ елдерімен екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды  нығайту;

5) Қазақстан этностарының тарихи шыққан елдерімен диалогын дамытуға және ынтымақтастығын кеңейтуге қолдау көрсету.

3. ҚХА институтын нығайту саласында

ҚХА Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру бойынша қайырымдылық қызметтің, медиацияның, қоғамдық бақылаудың және үкіметтік емес ұйымдардың қызметтерін қоғамдық үйлестірушісі болады.

Мынадай шараларды іске асыру көзделген:

1) ҚХА-ның, «Қоғамдық келісім» РММ-ның, олардың аумақтық құрылымдарының ұйымдық құрылымы мен жұмыс істеу тетіктерін одан әрі жетілдіру;

2) қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, Қазақстан Республикасының Президенті – ҚХА Төрағасы тапсырмаларының уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауды қамтамасыз ету бойынша жүйелі мониторингті, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;

3) «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының «Бірегейлік және бірлік» бөліміндегі іс-шараларды іске асыруда ҚХА, «Қоғамдық келісім» КММ өңірлік құрылымдарының жауапкершілігін арттыру;

4) ҚХА Төрағасының этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын орынбасарлары қызметтерінің тиімділігін арттыру;

5) ҚХА Кеңесінің қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытудағы және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асырудағы рөлін күшейту;

6) Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру жөніндегі міндеттерді ескере отырып, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің және оның өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтарының, ҚХА кафедраларының қызметін жаңғырту;

7) ҚХА іске асыратын жобаларды сараптамалық сүйемелдеуді күшейту;

8) этносаралық қатынастар саласындағы статистикалық деректер қорын қалыптастыру және мониторинг жүйесін жетілдіру, ел басшылығына арналған ұсыныстарды дайындау кезінде жаңа тәсілдерді енгізу;

9) ҚХА жанынан медиация жөніндегі құрылымдарды қалыптастыру және медиация рәсімдерін қоғамдық келісім мен бірлік саласындағы мәселелерді шешуге пайдалану жұмыстарын жандандыру;

10) қоғамдық бақылау және қайырымдылық саласында ҚХА-ның қоғамдық келісім жөніндегі кеңесінің, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуда ҚХА Аналар кеңесінің рөлін күшейту;

11) достық үйлеріне, этноағарту кешендері мен этномәдени бірлестіктерге консультациялық көмек пен әдістемелік қолдау көрсетуді ұйымдастыру.

5. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері және ресурстық қамтамасыз ету

Тұжырымдама ережелерін негізгі орындаушылар: ҚХА, ҚХА-ның атқарушы органы ретіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдері аппараттарының жанындағы «Қоғамдық келісім» өңірлік коммуналдық мемлекеттік мекемелері, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдары, ҚХА-ның өңірлік хатшылықтары, қоғамдық келісім кеңестері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, азаматтық қоғам институттары (келісім бойынша) болып табылады. 

Тұжырымдама ережелері заң актілері, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, сондай-ақ ҚХА сессияларының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті – ҚХА Төрағасының тапсырмалары негізінде қалыптастырылатын арнайы іс-қимыл және іс-шаралар жоспарларын әзірлеу арқылы да іске асырылатын болады.

Осыған ұқсас іс-шаралар жоспарларын өңірлік ассамблеялар әзірлейтін болады және оларды оның төрағалары бекітеді.

ҚХА Хатшылығы Мемлекет басшысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Тұжырымдаманы, сондай-ақ «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру жөніндегі жұмыстары туралы жыл сайын есеп береді.

Тұжырымдаманы іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылатын болады.

6. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

 

Міндеттерге мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы қол жеткізу көзделіп отыр:

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 2008 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі Жарлығы.

7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

Тұжырымдаманы іске асыру нәтижелері:

1) мемлекеттік этносаясатты және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын үйлестіруші ретіндегі ҚХА институтын нығайту, оның рөлін арттыру;

2) қоғамдық келісім мен халық бірлігін нығайту бойынша институттардың жаңа инфрақұрылымдарын қалыптастыру;

3) қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту саласындағы өңірлік саясатты жетілдіру;

4) қайырымдылық, медиация, қоғамдық бақылау саласында ҚХА жұмысының жаңа бағыттарын қалыптастыру;

5) «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен «Ұлы Дала Елі» брендіне негізделген Болашағы біртұтас ұлт құндылықтары жүйесін қалыптастыру;

6) тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, қоғам санасына «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын сіңіру;

7) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін одан әрі жетілдіру;

8) қоғамдық келісім және бірлік мәселелері бойынша мемлекеттік этносаясаттың нормативтік құқықтық базасын дамыту;

9) мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның қоғамдық маңызын арттыру;

10) үштілділікті енгізу мен дамытудың қажетті білім беру, әлеуметтік және ақпараттық тетіктерін құру;

11) қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту мақсатында ақпараттық жұмыс жүйесін құру;

12) «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын ескере отырып, білім берудің барлық деңгейі үшін жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін дамыту;

13) этносаралық және қоғамдық келісім мәселелері бойынша шет елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту болмақ.

Осы Тұжырымдаманы іске асырудың басты нәтижесі бірегейлік пен бірліктің қазақстандық моделін дамыту, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру және Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіретін орталық ретінде ҚХА институтын одан әрі нығайту болуға тиіс.

 

_______________