ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «МЫҢ БАЛА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІСТЕРІН ЕНГІЗУ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГТІҢ ХРОНИКАСЫ. 6 КҮН

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Республикалық семинар-тренингтің 6-күні әдеттегідей қазақтың ұлттық биінің түрі «Қара жорғамен» басталды. Содан кейін, ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ханшайым Әбдутәліпқызы Қарабаева «Тілді дендей үйрету жолдары» әдісі бойынша семинарын бастап кетті.

Семинардың мақсат-міндеті тіл үйрету барысында қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдердің ерекшеліктерін зерделей отырып, оларды қазақ тілін оқып-үйрету барысында тиімді пайдалану мүмкіндіктері мен жолдарын қарастыру.   

Аталған мақсатқа сәйкес филология ғылымдарының кандидаты Х. Қарабаева  шет тілдерін үйретуде қолданылатын танымал тәсілдердің бірі – дендеу әдісінің  (метод  полного погружения) ерекшеліктеріне сипаттама беріп, дендей оқыту әдісі негізінде қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдарын баяндады.

Әдістеме терминдерінің қалыптасуы, оның ішінде дендеу әдісі, дендей оқыту әдісі терминінің авторы ретінде аталған ұғымдық атаудың уәжділігі сараланды.

Сонымен қатар функционалдық грамматиканың жүйелілік қағидаттары қазақ тілі материалдары негізінде түсіндіріліп, грамматикалық материалдарды тіл үйренушілерге икемді де жүйелі ұсынудың авторлық шешімдері көрсетіліп, аймақтық қоғамдық келісім орталықтары оқытушыларымен бірге интерактивті түрде талқыланды, арнайы жаттығу тапсырмалары орындалды. Семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.

Сонымен қатар, «Мемлекеттік тілді және үштұғырлы білім беруді дамытудың инновациялық тәсілдері» 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының негізгі шараларын іске асыру бойынша дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Ғ. Телебаев, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, «Ұлытау» жобасының ғылыми жетекшісі, ҚХА ҒСК мүшесі, саясаттанушы Дос Көшім, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Тұрсынбай, Алакөл аудандық әкімдігінің қызметкерлері, ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ мен өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, Достық үйлері мен лингвистикалық орталықтардың әдіскерлері, тіл мамандары, оқытушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында үш тұғырлы тiл мәселесiне назар аударды. Дос Көшім: «Заман талабына ілесу үшін үш тұғырлы тіл саясатының өзіндік маңызы бар. Алайда, мемлекеттік тіліміздің орны бөлек. Оның мәртебесін жоғарылату, қолданыс аясын кеңейту жұмысы жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс. Бұл ретте, яғни қазақ тілінің беделін көтеруде Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген жұмыстар атқаруда» - деп сөз бастады.

Сонымен қатар, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Тұрсынбай мен ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ бөлім басшысы Ш. Пулатов Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары іс-шараларын іске асыру бағыттарын нақтылап айтып берді.

Өз кезегінде ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Ғ. Телебаев «Мемлекеттік тіл – Қазақстан  халқын ұйыстырушы  факторлардың ең негізгісі. Аяқталып жатқан іс-шарада тілдерді үйретудің әдістемелері бойынша семинар-тренингтер өткізіліп, тәжірибе алмасулар болды. Нәтижесінде өңірлік Достық үйлері мен лингвистикалық орталықтарға мемлекеттік тілді оқыту бойынша жаңа әдістемелер әзірленіп ұсынылады» - деп іс-шараның маңыздылығын қорытындылап айтты.

Сондай-ақ семинар-тренингтің қатысушыларына алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тілеп, оқулықтар мен сертификаттар табыс етілді.