Бірыңғай республикалық күні аясында облыстық ассамблея активінің жиыны өтті

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылауға арналған Бірыңғай республикалық күн аясында облыстық ассамблея активінің сарапшылармен кездесуі өтті.

Іс-шараға облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, жастар қанаты, ғылыми-сараптамалық топ, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы, облыстық, қалалық Қоғамдық келісім кеңесі, қаладағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.

Актив отырысы барысында облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Отанымыздың терезесі тең тұруды басты мақсат еткен Елбасының сындарлы саясаты қазақстандықтардың мүддесіне бағытталған, ұлттық тарих, бүгін мен болашақтың қалыптасуы, ұлтқа деген шексіз махаббат жүректе сақталуы керек екені мақала мазмұнынан тыс қалмаған. Туған жердің қадір-қасиетін ұмытпауға шақырған бастамада ұлттық болмысты сақтау мәселесі де жан-жақты қамтылғандығы баршаны қуантады. Бүгін біз осы мақала төңірегінде ашық пікір алмасу өткізу үшін бас қосып отырмыз», -деді.

Ал, «Славяне» этномәдени бірлестігінің мүшесі Майя Бусыгина «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады деген Елбасының сөзін толықтай қолдаймын. Баланы балабақшадан патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Сонда біздің бірлігіміз бекем, ұрпағымыз рухты болып өседі. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр барлық ұлттық құндылықтар жатады. Осы құндылықтарды ардақтап, әспеттеген ел ғана тозбайды. Міне, Елбасы өз мақаласында осыған үлкен назар салуға халықты да шақырып отыр. Мен Қазақстанда тұрғаныма 54 жыл болды және өзімді осы елдің патриотымын деп толықтай айта аламын», -деді ол.

Жиынға қатысушылар Елбасы мақаласының осы бағыттары туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының мүшесі Талғат Телеубаев, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин де келелі ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топ пен Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының мүшелерінен құралған сарапшылар пікірі тыңдалды. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, латын әліпбиіне көшу, ұлттық код, білім сапасын жақсарту және тағы басқа маңызы жоғары мәселелер талқыланды.

Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, сараптамалық кездесу пікір алмасумен жалғасты.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.