«Қазақстан кәрістері» фотокөрмесі өтті

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында кәрістердің Қазақстанда мекен етіп келе жатқанына 80 жыл толуына және Қазақстан мен Корея Республикаларының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай  «Қазақстан кәрістері» фотокөрмесінің ашылуы болды.

Аталған іс-шараны Қарағанды облысындағы кәрістердің этномәдени бірлестігінің қолдауымен Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігіндегі кәрістердің мәдени орталығы ұйымдастырды.

Көрменің ашылуы басталардың алдында келген қонақтарды 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиаданың және параолимпиада ойындарының бойтұмарлары Сухоранг пен Бандаби қарсы алды. Этномәдени бірлестіктің жастары көрмені тамашалауға келгендерді олимпиада қозғалысы мен қысқы ойындар бағдарламасына енетін спорт түрлерімен таныстырып, сонымен қатар қысқы олимпиаданың спорттық нысандарын насихаттады. Корея Республикасының елшілігі дайындаған сыйлықтары, фотожурналист Ким Джисоктың сыйлық нұсқасы ретінде әзірленген фотосуреттер салынған кітап пен алдағы олимпиаданың бойтұмарлары безендірілген естелік сыйлықтар көрмеге қатысушылар үшін тосын сый болды. Қарағандылықтар олимпиада ойындарының бойтұмарларымен бірге және көрмеге қойылған фотосуреттер көрінісінде суретке түсті.

Орталық белсендісі Елизавета Афанасьевна Ким ұйымдастырған («У Петровича» мейрамханасы) тамаша фуршеттен кейін көрменің ашылу салтанаты болды. Танымдық іс-шараны кіріспе сөзбен ашқан Корея Республикасы елшілігіндегі Кәрістердің мәдени орталығының директоры Ли Херан: «Бұл көрмеде корейлік фотосуретші Ким Джинсоктың 1937 жылы кеңестік озбыр саясаттың салдарынан Қазақстанға күштеп қоныс аударылған кәрістердің алдыңғы буын өкілдерінің ауыр тағдыры және қазақ елінде бүгінгі мамыражай тірлікте ғұмыр кешіп жатқан олардың ұрпақтарының емен-жарқын өмірі жан-жақты бейнеленген. Аталған фотожобаның бастамасы Кәрістердің мәдени орталығының бастамасымен 80 жылдыққа орай 2016 жылы жаз айында қолға алынған болатын.

Қазақстанға арнайы фотоматериалдар дайындауға келген Ким Джинсок Қызылорда, Алматы және Астана қалаларында болып, кәріс этносы өкілдерінің бүгінгі тіршілік-тынысын фотосурет көрінісі арқылы көпшілік назарына ұсынуды жөн көріпті. Сонымен қатар, Қазақстанның көрікті жерлері мен ерекше көз тартатын әсем табиғаты, қалалардың көріністері, қарапайым адамдардың күнделікті өмірі суреткердің назарынан қалыс қалмапты», - дей келе танымдық-тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырып, өткізуге қолғабыс еткен  Қарағанды облысындағы кәрістердің этномәдени бірлестігінің төрайымы Ким Лилия Михайловнаға және  Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нұрмағанбетов Ержан Нұрланұлына алғысын білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Ержан Нұрмағанбетов көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқтала келе, Қарағандыдағы кәрістердің этномәдени бірлестігінің қаламызда тұрып жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара түсіністігі мен бірліктерін нығайтуға қосып отырған үлесінің зор екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, Лилия Ким Корея Республикасының Елшілік өкілдеріне қаламызда жүйелі түрде танымдық шараларды өткізуге қолғабыс етіп келе жатқандарына ризашылығын білдірді. Бұған дейін де елшілік өкілдері кеншілер шаһарында дәстүрлі ұлттық аспаптарда ойнау шеберлерімен таныстыру рәсімін өткізуге мұрындық болса, кәріс суретшілерінің еңбектері мен киноөнер туындылары фестивалін өткізіп, қылқалам шеберлері мен өнер майталмандарының шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстыруды да назардан тыс қалдырмапты.

Көрмедегі фотосуреттердің авторы Ким Джинсок дүниенің төрт бұрышын аралап, түрлі құбылыстар мен әсем бейнелерді қалт жібермей «өткір көзі» арқылы таңбалап, көрерменіне жолдап жүрген өнер иесі. Сонымен қатар ол киноиндустрия саласында да жемісті еңбек етіп, өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретіп, дәріс оқып жүрген ұстаз.

Көрмені тамашалаған қарағандылықтар Қазақстандағы кәрістердің өмірі туралы фотосуреттермен қызыға танысып, осындай тағылымы мол кездесулер одан әрі қарай да жалғасын таба берсін деген ниеттерін білдіріп тарқасты.

Дата события Ассамблеи: 
Жұма, 22 Желтоқсан, 2017

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.