МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА «МЕНІҢ ЕЛІМ – МӘҢГІЛІК ЕЛ» ЖАСТАР АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Версия для печатиPDF versionEPUB version

17 қараша күні Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты республикалық жастар акциясы өтті.

Атырау облысынан қабылдап алған Республикалық акция Ақтауда таңғы сағат 9:00-ден бастау алды. Оны Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, облыстың жастар саясаты басқармасы, облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары, ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен «Жас қанат» жастар ұйымы, облыстың жастары ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар 11 шағын ауданындағы Ынтымақ алаңына жиналып, жол патрульдерінің көмегімен жүргізушілерді тоқтатып, оларға «Менің елім – Мәңгілік ел» деген жазуы бар әуе шарлары мен жүрекшелер таратты.  Әрі қарай, Ақтау халықаралық әуежайына барып, Атырау-Ақтау рейсінен түскен жолаушыларға дәл осындай кәдесыйлар беріп, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар 31 шағын аудандағы Мағаш базарына да ат басын бұрып, ондағы сатушыларды қуантты. Бұл тосын сыйдан кейін олар ерекеше ықылас пен мерекелік көңіл-күйге бөленді. Осындай қуаныш сыйлағандары үшін жастарға ризашылықтарын білдіріп, Тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтады.

Акция «Достық үйі» ғимаратында жалғасты. 500-ге  жуық жас буын мен әр түрлі ұйым өкілдері жиналған  акцияның барысында Кітап табыстау рәсімі мен концерттік бағдарлама болды. Мерекелік іс-шараны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызы Нұрғазиева сөз алып, бастады: «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің Елім – Мәңгілік Ел» атты жастар акциясы 4 қарашада Жетісу өңірінде басталып, міне, бүгін Маңғыстауға жетті. Жастар – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақ елінің мерейі өсті, қоғамда татулық пен келісім нығайды, экономикасы дамып, алдымызға жаңа биік мақсаттар қойылды. Сондықтан, Қазақстан, Назарбаев, Тәуелсіздік ұғымдары біртұтас мағынаға айналды. Осы арқылы біз МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ – МӘҢГІЛІККЕ МЫЗҒЫМАС ТҰҒЫРЫН БЕКІТТІК. Құрметті жастар, тәуелсіз еліміз жасасын!», - деп жастарға жалынды сөзін арнады.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының талантты өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, билер орындады. Атырау облысынан қабылдап алған «Мәңгілік Ел» кітабына Маңғыстау облысының жастарының қол жеткізген жетістіктері, өңірлерде  жастарға жасалған қамқорлықтар, сондай-ақ «Мәңгілік Ел» Патриоттық идеясының біріктіруші  рөлін және өңірлердегі  жастардың ҚР Президенті – Елбасына  қолдауын көрсететін үндеулері жазылды.

Акцияны жалғастыру кезегі Батыс Қазақстан облысында. Маңғыстау облысының жастары «Мәңгілік Ел» кітабын Батыс Қазақстан облысының жастарына ресми түрде тапсырды.

Мақсаты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе жастар арасында  ілгерілету, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың  қосқан үлесін және жетістіктерін көрсету болып табылатын акция 2016 жылы 28 қарашада Астана қаласында аяқталады. Оның қорытындысы бойынша жастардың Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы жазылған «Мәңгілік ел» кітабы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа 1 желтоқсан - Президент күніне орай тарту етіледі.

Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім»

КММ баспасөз хатшысы

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.