«Менің елім – Мәңгілік ел» жалпыреспубликалық акциясы Павлодарда

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Бүгін Павлодар облысының жастары Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған «Менің елім - Мәңгілік Ел» атты жалпыреспубликалық патриоттық акцияға қатысты. Іс-шара Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Дүбірлі іс-шараға жоғары оқу орындар мен колледж студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы мен Павлодар мұнай-химия зауыты сынды кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар атсалысты. 

4-ші қараша күні Талдықорған қаласында бастауын алған аталмыш іс-шараның өткізілуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болды. Акцияның мақсаты – еліміздің барлық өңірлеріндегі жастардың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін паш ету және олардың Тәуелсіз Республикамыздың өркендеуіне қосқан үлестерін кең ауқымда көрсету болып табылады. «Тәуелсіздіктің 25 жылы аралығындағы «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері» атты кітап акцияның басты нышаны болып табылады. Күн бұрын эстафета нышанын қостанайлықтар павлодарлықтарға тапсырған болатын.    

Өз сөзінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Қасенов Бауыржан Қазыбекұлы Қазақстанның дүниежүзілік тұрақтылықтың орталығына айналғанын тілге тиек етті. «Ұлтаралық татулық пен ұлттық бірегейлік, бейбітшілік пен келісім – бұл біздің қоғамымыздың басты инвестициялары болып табылады», - деді ол. Сондай-ақ, ол өз сөзінде өңірдегі жастар саясаты дамуының басым бағыттары жөнінде айтып өтті. «Қазіргі таңда Павлодар облысы ойдағыдай дамып келе жатыр. Өндіріс орындары, жолдар, әлеуметтік нысандар мен жастарға арналған баспана құрылысы сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Павлодар облысы Жастарға қызмет көрсету орталығы құрылған еліміздің алғашқы аймағы болып табылады. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың рухани және материалдық дамуына бағытталған көптеген идеялардың генераторы болып табылады», - деді Бауыржан Қазыбекұлы.

«Менің елім - Мәңгілік Ел» акциясы бұған дейін еліміздің 9 өңірін аралап өтіп, бүгін Павлодар қаласына келіп жетті», - деді осы акцияның белсендісі Споткай Максим. - Эстафетаның басты символы «Жастар жетістіктерінің кітабы» желтоқсан айының басында Мемлекет басшысына табысталатын болады. Бүгін бұл кітапқа Павлодар жастары өздерінің жетістіктерін жазды». Сонымен қатар, ол іс-шараға атсалысқан барлық жастарды акцияның басталуымен және келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтады.

Акцияны жалғастырушы Шығыс Қазақстаннан арнайы келген қонақтарды жиналған қауым ыстық ықыласпен қарсы алды. «Жетістіктер кітабының» салтанатты тапсырылу рәсіміне Кереку өңірінің атынан облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жастар ұйымдарының үйлестіру кеңесінің төрайымы Паули Элина қатысты. 

Сондай-ақ, акция барысында Республика Тәуелсіздігінің құрдастары болып табылатын, жоғары жетістіктерге жеткен өскелең ұрпақ өкілдерін қошеметтеу рәсімі өткізілді. Олардың қатарында республикалық және халықаралық сайыстардың жеңімпаздары, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдері, шығармашыл жастар, спортшылар. Олардың барлығы Қазақстанның мақтанышы, болашақ үміті!

Іс-шараның басынан аяғына дейін халыққа лық толы мәдениет сарайының кең залында «Менің елім – Мәңгілік Ел!», «Один народ – Одна  судьба – Один лидер!», «Біздің Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан!» ұрандары толастамады. Рухты көтеретін бұл ұрандар іс-шара аяқталған соң ғимарат фойесі мен шығаберісінде де естіліп жатты!

Айтпаев Мақсат

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.