«Менің елім - Мәңгілік Ел» жастар акциясы Қостанай облысында

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Менің елім - Мәңгілік Ел» жастар акциясы Қостанай облысында жалғасын тапты. Ауқымды іс-шара «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 тұғыры» 25 жұлдызды күннің бастау алуымен тұспа-тұс келді.

Акция аясында өткен патриоттар форумына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚХА мүшелері, мемлекеттік мекемелер, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдарының өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, БАҚ қатысты. 

«Тәуелсіздік алғалы мемлекет басшысы жастар қауымына  барлық жағдай жасауда. Мысалы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шеңберінде білім алу, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу, «Дипломмен – ауылға» жобасымен мамандарға қолдау көрсету және т.б. Бүгінгі таңда кішкентай балапандарымыз «Назарбаев зияткерлік мектебінде» оқу мүмкіндігіне ие. Дарынды жастарға Астанадағы «Назарбаев университетінің» есігі ашық. Бұл Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Ел тәуелсіздігінің мерейтойына арнап спортшыларымыз жазғы Олимпиада ойындарында  17 медаль жеңіп алды. Олардың ішінде жерлестеріміз, Василий Левит пен Иван Дычконың болғаны қуантарлық жағдай», - деді өз сөзінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Іс-шара барысында  «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жариялау», «Қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл», «Семей полигонының жабылғанына 25 жыл», «Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл» және «Ыбырай Алтынсаринның туғанына 175 жыл» номинациялары  бойынша  ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық бейнероликтер байкауының жеңімпаздары марапатталды.

Қазақстанның даму жолындағы жетістіктерге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин тоқталып кетті: « Сонау VIII-ғасырдағы ұлы бабамыз, ұлы түрік мемлекетінің іргетасын қалаған Күлтегін каған бізге отанымызды сүйіп, «Мәңгілік Ел» ұлы мемлекет құру туралы өсиетін жартаста қашап, қалдырып кетті. Бүгінде Президентіміздің күш-жігері мен барша Қазақстан халқының арқасында Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланды. Мен, аға буын атынан, сіздер, жастарға осы идеяны одан әрі дамыту, жүзеге асыру жолында игі табыстар тілеймін».

Тәуелсіздікпен  құрдас болып келетін 25 жастың атынан облыс белсендісі, жастар ұйымының көшбасшысы, «Қостанай облысы Алтын кітабының» лауреаты Олжас Дүйсеков Мемлекет басшысына  арналған үндеуді оқыды.

«25 жыл ішінде Қазақстан орасан зор, жаңа биік шыңдарға серпіліс жасады! Біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа ел болашағы, яғни жастарға барлық жағдай жасап жатқаны үшін шексіз алғысымызды айтамыз. Бүгінде біздің жастар әлемнің беделді оқу орындарында білім алуда. Елімізде жас маманға қызмет бабында көтерілуге жол ашық. Патриот болу – біз, жастар үшін бұл Отанды сүю ғана емес, сонымен бірге ел  игілігіне өз күшімізді жұмсау деп есептейміз. Біз - Қазақстанның болашағымыз! Біз - Мәңгілік Елдің ісін жалғастырушымыз», -  деді Олжас өз сөзінде.

Акция аясында  Қостанайлық жастар акция символына айналған «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері»  кітабын Павлодар облысының өкілі,  «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Қайрат Жақияға тапсырды.

Ауқымды іс-шара барлық қатысушылардың «Атамекен» әнін қосыла шырқауымен аяқталды.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.