Неміс ұлтының өкілі Е. Янке Қарағандыда өткен «Тіл жанашыры» байқауының жүлдегері

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдері өз ана тілдерімен қатар қазақ тілін үйреніп, сөйлеудің маңыздылығына мән беруде.

Бұл бір жағынан міндет болса, екінші жағынан тілге деген құрмет. Бірнеше тілде сөйлейтін адамның қоғамдағы орны да айрықша. Ондай адамның табысы да, ырысы да артық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Әрбір халықтың тілін сол елдің дүниетанымы, мәдениеті мен тарихы, салт-дәстүрі арқылы меңгеруге болады. Өзге тілді неғұрлым көп меңгерген сайын, соғұрлым дүниетанымы кеңейіп, рухани байи түседі».  

Бүгінде өзге ұлттың қазақ тілінде таза сөйлегені ешкімді таң қалдырмайды. Қайта разылық тудырады. Сондай тұлғалардың бірі — неміс ұлтының өкілі Евгений Янке.

Евгений Янке Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы қазақ ауылында тұрып жатыр. Неміс этносының өкілінен құралған отбасында тәрбиеленген Евгений қазақ тілінде анық та қанық сөйлейді.

Ата-анасы Анатолий мен Мария Янке де ауылдастарымен қазақша сөйлесіп, тұрмыстарында қазақтың әдет-ғұрпын ұстанады. Қазақи ортаға әбден сіңісіп, бауыр басып кеткендері соншалық, отбасындағы бес бала да қазақша тәрбиеленген.

Үйдің кенжесі Евгений Янке ауылдағы Жамбыл Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиясының 10-шы орыс сынып оқушысы. Оқуда үлгілі, сыныптастарының, ұстаздарының, жалпы мектебінің мақтанышы.

«Евгений өте зейінді оқушы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін үлкен қызығушылықпен оқиды. Тіпті көркем әдеби шығармаларды оқығанды ұнатады. Қоғамдық жұмыстарға да араласып, белсенділік танытып жүретіні тағы бар. Бойындағы тілге деген сүйіспеншілігін байқаған соң, Евгенийге қолдау көрсетуді жөн көрдім», — дейді мұғалімі Бану Түсіпханова.

11 қыркүйекте Қарағандыда өткен «Тіл жанашыры» байқауына қатысқан Е. Янке облыс әкімі Ерлан Қошановтың қолынан «Тіл білгірі» номинациясы бойынша 250 мың ақшалай сыйақы алды.

Евгений мұндай ірі байқауға алғаш рет қатысып отыр. Бірден облыс бойынша 50-ге тарта үміткерден мерейі үстем болып, өзінің алғашқы табысына қол жеткізді әрі ата-анасына қуаныш сыйлады.

«Мен өмірімде бірінші рет маңызы зор байқауда жеңімпаз болып отырмын. Әрине күтпеген жерден сыйақыға қол жеткізіп, тіл білгірі атануым мен үшін зор жетістік. Қазақ тілінде таза сөйлеп, Отанымның игілігіне қызмет етсем, сол менің жетістігім. Аталған байқауда үздік болуыма септігін тигізген ұстазыма көп рақмет», — дейді Е. Янке.

Болашақта журналистика саласында жұмыс істеуді армандайтын Евгений облыстық, республикалық деңгейдегі алуан түрлі байқауларда биік тұғырдан көрініп жүр.

Жан-жақты даму үдерісінде жүрген мектеп оқушысының бойында зерттеушілік талабы да бар. Ғылыми-практикалық конференцияларда «Дархан елдің ерекшелігі» электронды оқулығын, «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам ба?», «Зат есімнің жасалу ерекшеліктері» деп аталатын ғылыми жобаларын таныстырған.

Қазақстандық патриотизм өңе бойынан аңқып тұрған Евгений келешекте ұлтаралық келісім мен жарасымдылықтың жаршысы және өз ұлтының мақтаны болары сөзсіз.  

       

       

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                     Нұргүл Шатекова

 

Дата события Ассамблеи: 
Жұма, 14 Қыркүйек, 2018

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.