Ұрпақтар сабақтастығы

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Алқызыл қалампыр, сыйлықтар және жүректен шыққан шынайы алғыс. Жамбыл жастары жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлерін осылай қуантып келеді. Азын-аулақ көмек пен құттықтаулар қан майданда жауға қарсы тұрып, ұрпағына бейбіт заманды сыйлаған ата-апаларымызды бір марқайтып тастайтыны анық. Бұған Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, ақсақалдар мен аналар кеңесі және «Ақ желкен» жастар лигасы тағы бір рет көз жеткізді. Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай, олар Тараз қаласында тұратын 10-нан аса соғысқа қатысушы мен тыл ардагерін құттықтап қайтты.

Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова өз құттықтауында: «Біз сіздерге алғыс айтудан еш жалықпаймыз. Ерліктеріңіз үнемі жас ұрпақтың жадында қалмақ. Барлық ардагерлерге тәуелсіз Қазақстанды құруға мүмкіндік бергені үшін рахмет айтамын» - деді.

Майдангер Нығмет Ахметов ақпан айында 95 жасқа келген. Майдан шебіне шақыртылғанда небәрі 19 жаста болыпты. Негізінен Калинин майданында соғысқан ол Жеңісті Прибалтикада қарсы алады. Ал туған жері Жамбылға 1946 жылы ғана жеткен екен. Ардагер қүтпеген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, жылы лебізін білдірді. «Мен сендерге бейбітшілік тілеймін. Майдан, қару, атомдық бомба дегенді білмей, соғысты көрмесеңдер екен. Өмірлеріңде бақытты күндер көп болсын!»

«Ақ желкен» жастар лигасының ұл-қыздары ардагерлермен ұзақ әңгімелесіп, атақты «Катюшаны» хормен айтып, ата-апаларды бір серпілтіп тастады. Жастар лигасының төрағасы Зайнутдин Махусеев ата-апаларымызға зор денсаулық тілеп: «Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, бірлігіміз бекем болсын! Жастарыңыз ұзақ, бақытты болыңыздар!» сөз сөйледі.

Жамбыл облысы әкімінің «Қоғамдық келісім» КММ-і, ақсақалдар мен аналар кеңесі, «Ақ желкен» жастар лигасының қызметкерлері осы сынды кездесулерді алдағы уақытта да өткізбек.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.