Тарих

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Республика жұртшылығының 1989 ж. ақпандағы митингiсi Невада — Семей халықаралық қозғалысына жол ашты. Оны ақын О.Сүлейменов басқарды. Қысқа мерзiм iшiнде бұл қозғалыс ең ықпалды қоғамдық қозғалысқа айналып, ядр. сынақты тоқтату үшiн әскери өнеркәсiп кешенiмен тегеурiндi күрес жүргiздi. “Невада—Семей” қозғалысының бастамасы мен әлемдегi барлық ядр. қаруға қарсы қозғалыстардың атом қаруын сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жiгерiн бiрiктiру мақсатымен 1990 ж. мамырда Алматыда “Дүние жүзiнiң сайлаушылары ядролық қаруға қарсы” деген халықар. конгресс өткiзiлдi. Қазақстан Президентi Н.Ә.Назарбаев 1991 ж. 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы өкiмге қол қойды. Осы жылдары Кеңес одағында саяси-экон. жағдай қайта шиеленiстi. 1991 ж. 19 тамызда Төтенше оқиғалар жөнiндегi мемл. к-т (ГКЧП) құрылды. Олар КСРО президентi М.С. Горбачевтi Фороста оқшау ұстады, бұл мемл. төңкерiс жасау әрекетi едi. Бiрақ ГКЧП жеңiлiске ұшырап, оны ұйымдастырушылар тұтқындалды (қ. Тамыз бүлiгi). Оқиға КСРО-ның күйреуiн тездеттi. Бүлiктiң әшкереленуi компартияның таратылуына әкелдi. 7 қыркүйекте Қазақстан компартиясының кезектен тыс съезi болып, партияның таратылатындығы мәлiмделдi. Орнына соц. партия құрылды. 1991 ж. 1 желтоқсанда болған бүкiлхалықтық сайлауда Н.Назарбаев тұңғыш Президент болып сайланды (қ. Қазақстан Республикасының Президентi). 10 желтоқсанда Қазақ КСР-iн Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы шешiм қабылданды. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстанның мемл. тәуелсiздiгi жарияланды. 1991 ж. желтоқсанда Тәуелсiз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру мәселесi қаралды. Алдымен 8 желтоқсанда Минскiде Ресей, Беларусь және Украина басшылары кездесiп (қ. Беловеж нуы), КСРО-ны құру туралы келiсiм (1922) жойылғандығы және ТМД құрылғандығы туралы келiсiмге қол қойды. 13 желтоқсанда Орт. Азия мен Қазақстан басшылары Ашғабатта бас қосып, “Беловеж келiсiмiн” қолдайтындықтарын мәлiмдедi. 20 желтоқсанда Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызия, Молдова, Ресей, Тәжiкстан, Түрiкменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда кездесiп, 21 желтоқсанда ТМД-ны құру туралы Келiсiм хаттамасына қол қойды (1991). Қазақстанда осыдан кейiн егемен мемл. дамудың қарқынды жолына түстi. Бiртұтас Қазақстан азаматтығы, тәуелсiз экон. жүйе, қаржы-кредит, салық және кеден мәселелерi, ҚР-ның мемл. рәмiздерi белгiлендi. 1992 ж. 4 маусымда мемл. жалау, елтаңба (герб), 11 желтоқсанда елұран (гимн) мәтiнi бекiтiлдi. 1992 ж. 2 наурызда Қазақстан БҰҰ-на мүше болып қабылданды. Осы жылы 29 қыркүйекте Алматы қ-нда Дүниежүзi қазақтарының құрылтайы ашылды. 

1993 ж. қаңтарда тәуелсiз Қазақстанның бiрiншi Конституциясы қабылданды. Осыдан кейiн Қазақстанның сыртқы елдермен қатынасы (республиканы 100-ден аса ел таныды) күшейдi. 1995 жылғы наурызда егемендiктiң тағы бiр белесi басталды. Қоғамдық бiрлестiктер көптеп құрылып, бiрқатар маңызды заңдар қабылданды. 1997 ж. ел Президентiнiң Қазақстан халқына үндеуi — “Қазақстан—2030 стратегиясы” жарияланды. Онда барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы, қауiпсiздiгiнiң шарттары айтылды. Сондай-ақ, елдi дамытудың болашаққа арналған жоспар-бағдарламасы көрсетiлiп, оған жан-жақты талдаулар жасалды. 1995 ж. 30 тамызда республикада бүкiлхалықтық референдум өттi, нәтижесiнде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды; қ. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 

Жаһандану бағытына байланысты әлемде түбегейлi өзгерiстер болып жатыр. ҚР сырттан инвестиция тартып, ел экономикасын, халықтың тұрмыс деңгейiн көтеруге ұмтылып отыр. Осы мақсатқа, ең алдымен, ТМД елдерiмен байланыс күшейтiлдi. Қазақстан 1995 ж. 28 қаңтарда Ресей Федерациясы, Беларусь мемлекеттерiмен бiрлесiп Кеден одағына қол қойды. Кейiн оған Қырғызия, Тәжiкстан елдерi қосылып, Еуразиялық экон. одаққа айналды. 1999 — 2000 ж. ҚР, Өзбекстан, Қырғызия, Тәжiкстан елдерi өзара экон. кеңiстiк құру мақсатында Орт. Азиялық экон. қауымдастыққа бiрiктi. Сондай-ақ, аталған одақтарға мүше емес басқа да ТМД елдерiмен (Украина, Молдова, Әзербайжан, Армения, Грузия, Түрiкменстан) тығыз саяси экон. байланыстар орнатылды. Ресей Федерациясында 2003 ж. Қазақстан жылы болып жарияланды. Өзiнiң геосаяси жағынан ҚР үш өркениеттiң (Шығыс, Батыс, Қытай, т.б.) қиылысқан жерiнде орналасқан. Осыған байланысты ол аталған үш бағытта да аса белсендi сыртқы саясат жүргiзiп отыр. Қытаймен екi арада шекара мәселесi толық шешiлдi, сондай-ақ, сауда-экон. байланыстар жолға қойылған. ҚР шығыс бағытта Жапониямен, Оңт. Кореямен, Үндiстан, Пәкстан, АСЕАН елдерiмен тығыз байланыс орнатқан. Таяу Шығыс елдерiнен Түркия мен ҚР-ның егемендiгiн тұңғыш мойындаған ел ретiнде аса тығыз саяси, экон., мәдени байланыстар жасалуда. Бұған қоса Иран, Ауғанстан, Израиль және араб елдерiмен экон. және мәдени қарым-қатынастар жақсы дамыған. 1995 ж. желтоқсанда Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына толық мүше болуы бұл қатынастарды әрi қарай iлгерi дамытты. 1996 ж. Шанхай ынтымастығы (ҚР, Ресей Федерациясы, Қытай, Қырғызия, Тәжiкстан, кейiннен Өзбекстан) ұйымы құрылды. Азияда бейбiтшiлiк орнату мақсатында Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 1999 ж. Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенiм шаралары жөнiндегi кеңес шақырылды. Аталған ұйымдардың барлығы да ТМД елдерiнде және Азияда бейбiтшiлiктi сақтау, экон. ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған. ҚР-на инвестиция тарату мақсатында 2000 ж. 26 — 28 сәуiрде Алматыда “Еуразия-2000” экон. саммитi өттi. Оған Орт. Азия, Кавказ, Ресей Федерациясы, Таяу және Қиыр Шығыс, Оңт.-Шығыс Азия елдерi, Қытай, Үндiстан, Жапония елдерiнiң өкiлдерi, халықар. қаржы және экон. ұйымдар, БҰҰ құрылымдары қатынасты. 2001 ж. 22 қыркүйекте ел тарихында тұңғыш рет Рим папасы Астана қ-на келiп қайтты. 2003 ж. қазанда Астанада әлемдегi ең негiзгi дiндердiң форумы өттi.