Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Желтоқсан, 2018

5680

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ - ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ СЕРПІНІ

Қазақстандықтар латын әліпбиіне қатысты әлі де болса ортақ мәмілеге келе қойған жоқ. Оны жақтаушылар да, даттаушылар да, өз уәждерін айтып, ұстанымынан таяр емес.

         Ал, тарихқа үңілсек, латын әліпбиін қазақтар 13 жыл бойы қолданып келген. Тіпті, тарихи өлшеммен алғанда, таяуда ғана қолданған. 1928-ші 1941-ші жылдары аралығында. Туған атам, Ахметжан Қалиахметұлының жеке мұрағатындағы біраз құжаттар латын әрпімен толтырылған. Бала кезімде соларды ақтарып отырып, еш қиындықсыз, оп-оңай оқитынмын. Ішінде бала туу туралы куәлік, ұстаздық оқуды тәмәмдағанын растайтын куәлік, тағы басқа құжаттар бар.

         Бір қызығы, 1928-ші жылы Қазақстан аумағында латын әліпбиіне көшу науқаны жүргізілген. Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Талас Омарбековтың мәліметтеріне сүйенсек, сол жылы осы туралы жарық көрген Үкімет қаулысының өзі «Түркі әліпбиіне көшу туралы» деп аталған екен. Мұның себебін мамандар былай деп түсіндіреді: Қазан төңкерісінен кейін билік басына келіп, жаңа тәртіп орнатпақшы болған Кеңес үкіметінің бірсыпыра мүшелерінің өзі сауатсыздау болған. Мысалы, Калининнің жоғары білімі болған жоқ. Ал, Қазақстанды басқаруға келген Голощекин орта мектептің бар болғаны 4 сыныбын ғана тәмамдаған. Кейбір ғалымдар, соның тұсында еліміздің аумағында орын алған ашаршылыққа да сол Голощекиннің сауатсыздығы, білімінің таяздығы себеп болды деген пікір білдіреді.

         Сөйтіп, коммунистік идеологтар өздері ойламаған жерден, үкімет қаулысына дәл тауып ат қойған. «Түркі әліпбиіне көшу туралы» деп атап, Кеңес одағының түркітілдес халықтарын басқару жеңілге түседі деп сенген көрінеді. Екінші жағынан, түркітілдес халықтардың тілдері өте ұқсас болғандықтан, олардың жеке әліпбиі болған абзал деген пікірлер де айтылған. Тағы бір мәселе, сол кезде қазақтар да, басқа да түркітілдес халықтар араб әліпбиіне негізделген төте жазуды қолданғаны белгілі. Ал, бұл болса Ислам белгісі. Демек, атеизмді насихаттаған большевистік идеология үшін жат нәрсе. Мұсылман ортасында ислам идеологиясын Карл Маркс пен Фридрих Энгельс мұра ғып қалдырған қағидаттарға бет бұрғызу қажет болды. Сол мақсатта барлық түркітілдес халықтарға ортақ латын әліпбиіне негізделген «Түрік әлипбиі» пайда болып, халықтар соған көшірілді. Мұның негізінде саясат жатқаны аян.  

         Алайда, көп ұзамай, билік бұл идеядан да бас тартты. Бар жоғы он үш жылдан кейін барлық түркітілдес халықтардың әліпбиі кириллицаға көшірілді. Мұның себебін Талас Омарбеков былай деп түсіндіреді: латын әрпіне негізделген ортақ әліпби түркітілдес халықтардың бірігуіне септігін тигізді. Ғалымдар тілімен айтқанда пантюркизм туралы әңгімелер жиіледі. Татар халқының көрнекті қоғам қайраткері Мирсаид Сұлтанғалиев сол кездері Туран Республикасын құру идеясын жария етті. Қазақтың ішінде Тұрар Рысқұлов та Кеңес Одағының мұсылман халықтарын біріктіретін Түрік Кеңес республикасын құру туралы идеясын айтқан болатын. Дәл сол кезде Ұлы Түркістан елін құруды жақтап жүрген Мұстафа Шоқай да туған елге жиі-жиі хат жаза бастады. Іс жүзінде Кеңес одағындағы түркітілдес халықтардың бірігу үдерісі қарқын алды. Сондықтан болар, Кеңес Одағының орталық билігі бұған жол бермеудің амалдарын ойластыра бастайды. Себебі түркітілдес халықтар бірлесіп, үлкен саяси күшке айналуы бек мүмкін еді. Сонымен қатар, кеңестік идеологияны орнатуға біраз кедергі туғызары хақ.  Түркілер мен Кавказ халықтарын орыстандыру саясаты қолға алына бастады. Бұл жоспарды іске асыру үшін әліпбиді ауыстыру қажет болды. Сөйтіп, 1941-ші жылы латын әліпбиі кириллицамен алмастырылды. Дәл сол уақыттан бастап, Ыбырай Алтынсарин, Абай, қазақ пен орыстың достығын насихаттап, оны нығайтуға үндеген басқа да қазақтың танымал қайраткерлерінің еңбектері мен туындылары кириллицамен бастырылып жарыққа шығады. Орталық билік оларды кеңінен насихаттай бастады.

         Бұл орайда айта кеткен жөн, дәл сол кезеңде оның аса қажеттілігі де жоқ еді. Өйткені, түркітілдес халықтардың барлық жазбаша деректері бұған дейін төте жазумен жазылған. «Алаш Орда» газеттерінің өзі де төте жазумен бастырылған. Ал, латын әліпбиі енгізілген 13 жылдың ішінде айтарлықтай ғылыми ізденістер болған жоқ. Демек, саяси қатерден басқа, ешқандай қажеттілік болмады. Қазақ халқының зиялылары да болашағын орыс халқымен байланыстырды. Алашордалықтардың басым көпшілігі Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін сол кездегі саяси күштермен одақтасып алғаны да белгілі. Демек, ешқандай қарсылық, немесе, бөліну идеялары болған емес. 

         Бірақ, 1941-ші жылға қарай Қазақстанда тұтастай ұлт мүддесін ойлайтын зиялы қауым толық жойылып кеткенін де естен шығармаған жөн. Большевизм идеяларын қолдайтын қазақтың жаңа интеллигенциясы сол жылдары кириллицаға ауысуға еш қарсылық білдірмегені белгілі. Қарсы шыға алмас еді де. Себебі сол кезде билікке қарсы шығу деген ұғым мүлдем жойылды. КСРО жоғары билігінің кез келген шешімдері ең дұрыс, ең тиімді деп қабылданатын.

         Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынов 1926-шы жылы Бакуде өткен тюркологтар съезінде латын әліпбиін енгізуге қарсы шыққанын айта кеткен жөн. Ол кездегі қоғамда пікірлер плюрализмі әлі де жойылмаған еді. 1941-ші жылға қарай одан да түк қалмағаны аян. 

         Кирилл әліпбиі қазақтарға көп жақсылық әкелгенін де жоққа шығаруға болмайды. Қазақ әдебиетінің классикасы, көптеген ғылыми еңбектер дәл осы кириллицамен бастырылып шыққан. Сол жазу арқылы орыс классиктерінің туындыларын оқуға мүмкіндік туды, орыс халқының мінез-құлқын жетік біліп алдық.

         Алайда, бүгінгі жаһандану заманында кириллицаның қолданылу аясы тар болып қалды. Ендігі мақсат – әлем халықтарымен жақындасып, тереземіз тең болуы үшін латын әліпбиіне көшу қажеттілігі туындады. Неге десеңіз бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы көш бастап келе жатқан мемлекетке айналды. Түркітілдес мемлекеттердің ішінде де үлкен саяси рөльге ие. Бауырлас мемлекеттердің көбінде латын әліпбиі қолданылатынын ескерген жөн. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан тәрізді көптеген түркітілдес елдер оған көшіп алған. Сондықтан, латын әліпбиі біріктіруші факторға айналуы мүмкін.

         Алайда, латын әрпіне көшудің басты себебі – соңғы ғылыми жетістіктерден қалыс қалмаудың амалы. Өйткені, бүгінде заманауи ғылым, техникалық прогресс, инновациялардың барлығы латын әліпбиіне негізделеді. Әрине, оның барлығын жетік меңгеру үшін осы әліпбиді енгізу қажеттілігі туындады. Оның үстіне ол ағылшын тілін меңгеруге де үлкен сеп болары хақ. Жасыратыны жоқ бүгінде барлық озық технологиялардың тілі – ағылшын тілі. Интернеттегі ақпараттың 90 пайызы, барлық хаттар мен жеделхаттардың 75 пайызы ағылшын тілінде жазылған. Әлемде жарық көретін кітаптардың үштен бірі ағылшын тілінде бастырылып шығады екен. Бүгінде бұл тілде бір жарым миллиардқа жуық адам сөйлей алады. Қазір Қазақстан мектептерінде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап-ақ оқытыла бастады. Бұл балалар ертең ағылшын тілін жетік меңгеріп алатыны сөзсіз. Сөйтіп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білетін болады. Демек, дүниежүзінің үздік университеттерінің есіктері қазақстандықтар үшін ашылады. Сондықтан да мемлекеттің, қазақстандық қоғамның дамуы үшін латын әліпбиіне көшу ауадай қажет дүниеге айналды.

         Бұған еш күмән келтіруге де болмайды дейді сарапшылар. Талдау, болжамдау және стратегиялық бастамалар институтының директоры Юлия Кучинскаяның айтуынша, латын әліпбиі – заманауи ғылымның тіліне айналды. Әртүрлі бағалаулар бойынша жыл сайын дүниежүзінде жарық көретін ғылыми-танымдық әдебиеттің 55 процентінен бастап 75 пайызына дейін латын әліпбиіне негізделген тілдерде жарияланады. 2005-2015 жылдар аралығында жарыққа шыққан Web of Sceince порталының бағалау тәсіліне сүйенсек, топ-15 үздік елдердің 12,5 миллион мақаланың 75,2 пайызы латын әліпбиінде бастырылған. Ал, сол ғылыми мақалалардың бар жоғы 2,4 проценті кириллица әліпбиінде жарияланыпты. Юлия Кучинскаяның пайымдауынша, аталған екі әліпби негіздеріне жіктесек, ғылыми ізденістердің айырмашылығы да жер мен көктей. Атап айтсақ, ғылым саласында көш бастап келе жатқан мемлекеттердің топ-ондығында 1,4 миллион патент шығарылған. Сол патенттердің 61 пайызы латын әліпбиін қолданатын елдерде шығарылған. Ал, сол патенттердің 2,7 проценті ғана кириллицаны пайдаланатын мемлекеттерде шығарылыпты. Демек, жаһандық деңгейде соңғы ғылыми жетістіктерді, өнертабыстың көшінен қалып қоймас үшін латын әліпбиінің маңыздылығы өте жоғары.

         Бұл орайда, пайда болып жатқан жаңа неологизмдер қазақ тілінде өз тіліміздің сөз қалыптастыру ережелеріне сәйкес бекітілгені қажет-ақ. Өйткені, ағылшын тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне енетін жаңа сөздер мағынасы мен мазмұны тым өзгеріп, мәнісінен айырылып қалады. А, терминдер тікелей латын әліпбиімен енетін болса, мұндай проблема жойылуға тиіс. Нәтижесінде мемлекеттік тіліміз жетілдіріле түседі, жаңаланады, байытылады. Лингвист мамандардың айтуынша, мұндайда тілдің өзін-өзі сақтау механизмдері өздігінен іске қосылып, дами бастайды.        

         Кез келген тілдің лексикалық бөлігі ең қозғалмалы, өзгерістерге көп ұшырайтын, иілгіш болып келеді. Ал, бүгінгі ақпараттық жаһандану заманында күн сайын жаңа терминдер, сөз тіркестері пайда болып отырады. олардың барлығы негізінен ағылшын, немесе латын әліпбиіне негізделген басқа да тілдерден енетінін естен шығармаған жөн. Сондықтан, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігіне дау болмау керек, дейді Юлия Кучинская. Оның айтуынша, талдау, болжамдау және стратегиялық бастамалар институты осы мәселеге қатысты арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізіпті. Сол сауалнаманың қорытындылары көрсеткеніндей, қазақстандықтардың басым көпшілігі латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдап отыр. Себебі әлемдік ақпараттың барлығы бізге латын әліпбиіне негізделген тілдерде келіп тұрады. ХХІ ғасырда дүниежүзіндегі адамзат баласының 80 пайызы латын әліпбиін қолданады екен. Сондықтан қазақ тілін оған көшіру – бұл жекелеген тұлғалардың қалауы емес. Бұл – заман талабы. Әрине, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру қажеттілігі бүгін ғана туындаған жоқ. Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бұл үрдісті қолға алу керек деген пікірлер айтылып келді. Кейбір ғалымдар оны қарқындату қажет деп санайды. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы дала елін мекен еткен барлық этнос пен ұлыстардың мүддесін ескеріп, латын әліпбиіне біртіндеп көшуді тапсырғаны белгілі. Мұның жөні бар, әрине. Қазақстандықтардың бірнеше буыны кириллицаға үйреніп қалған. Мемлекеттік тіл мәселесі әлі де болса өзекті. Осы мәселелердің барлығы бір қалыпта шешімін табуы үшін мұндай үрдістерді абайлап, қажетсіз жылдамдатпай жүзеге асырған абзал. Жаңа технологияларға, озық инженерлік шешімдерді игеруге ұмтылғанда латын әліпбиін тезарада игеріп, қолданысқа енгізеді дегенге сенім мол. Өйткені, бүгінде нақты ғылымдар, инновациялық технологиялар тілі осы латын әліпбиіне негізделген. Демек, әлемдік гуманитарлық және мәдени қоғамдастыққа етене жақындасудың бір тетігі.    

         Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың пайымынша, латын әліпбиін енгізу  арқылы біздің елге тек озық технологиялар мен инновациялар ғана емес, сонымен қатар инвестициялардың ағыны да еселеп өсуі ықтимал. Себебі, әлемдік капиталды иеленіп отырған алпауыттар үшін өзге алфавит деген кедергі жойылады. Яғни, латын әліпбиін енгізу еліміздің экономикасына жаңа серпін беруі мүмкін. Жаңа мамандықтар, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа бағыттары пайда болуы ықтимал.

         Саясаттанушы сонымен қатар, бұл үрдіс қазақ тіліндегі терминдер мәселесінің оң шешілуіне сеп болады деген пікір білдірді. Себебі, мұндай реформадан кейін өзге тілдерден ана тілімізге енген жаңа сөздер қазақ фонетикасына сай жазылады да, айтылады. Демек, өзге графикаға ауысу кезінде тілді жетілдіру мүмкіншілігі туындайды. Сол мүмкіншілікті мүлт жібермеу керек. Ерлан Сайыров сонымен қатар латын әліпбиі қазргі таңда өте ыңғайлы екенін атап өтті. Себебі кез келген электрондық құрылғының ортақ стандарттағы QWERT пернетақтасын пайдалану арқылы қазақ тілінде кез келген гаджетте мәтін теруге болады. Қазақ жастары интернеттегі ақпаратты еш қиындықсыз таба алатын болады. Білім мен ғылым жетістіктеріне де қол жеткізуге болады. Әрине, ондай мүмкіндіктер қазір де бар. бірақ, латын әліпбиінің көмегімен оған әлдеқайда тезірек қол жеткізу мүмкін. Оның үстіне қазірдің өзінде қазақстандық балалардың көпшілігі ноутбук, нетбук, смартфон секілді гаджеттері арқылы латын әліпбиін кеңінен қолданып келеді. Демек, латын әліпбиіне көшу осы уақытқа дейін қалыптасып үлгерген үрдіске соңғы ресми түрде нүкте қоюмен тең, дейді саясаттанушы.

         Не болса да, қазір латын әліпбиі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Яғни, қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі ең озық графикасына өтуі қазақ мемлекеттілігінің күшеюіне өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Асан Ахметжан

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.