Assembly of People of Kazakhstan

19 July, 2019

5259

АНАСТАСИЯ КОРОЛЕВА: ЖУРНАЛИСТИКА – ӘРКІМНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ БЕРМЕЙТІН МАМАНДЫҚ

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар мәселелері бойынша жұмыс істейтін журналистер мен сарапшылар клубы ҚХА XV сессиясында Елбасының тапсырмасымен құрылған болатын.

Клуб – төзімділікті нығайтуда, этносаралық, қоғамдық келісімді және азаматтық бірлікті сақтауда БАҚ күшін біріктіруге ықпал ететін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-сараптамалық алаң болып табылады.

ҚХА құрылымдарының қызметін және клуб жұмысын жариялауға он бес тілде отыз жеті этникалық газет пен журнал тартылды. Олардың қатарына 1966 жылдан жарық көре бастаған және Қазақстан Республикасындағы неміс этносының жалғыз газеті болып табылатын «Deutschе Allgemeine Zeitung» (DAZ) республикалық ұлттық газеті кіреді.

«Deutschе Allgemeine Zeitung» республикалық ұлттық газеті аптасына бір рет және 1200 данамен екі тілде шығады. Газетті басып шығару Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қаржыландыруы, сондай-ақ Германия IFA-институтының қолдауының арқасында жүзеге асырылады.

Газеттің он екі жолағында Қазақстан Республикасында, Германияда, сондай-ақ басқа елдерде саяси және экономикалық жағдай туралы сараптамалық материалдар жарияланады; немістердің Қазақстан аумағында, басқа да республикаларда мәдени және қоғамдық өміріне үлкен мән беріледі.

Тарихи отанында ресейлік немістердің бірігу мәселелері жиі талқыланады және білім беру мен тәрбиелеудің өзекті мәселелері көтерілуде.

Жүзден астам ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық келісім мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Газет Қазақстан халқы Ассамблеясымен, сондай-ақ басқа да ұлттық газеттермен тұрақты байланыс орнатқан.

Осы орайда DAZ газетінің Social-Media редакторы Анастасия Королевамен журналист қандай дағдылар мен қасиеттерге ие болуы тиіс, әрі осы мамандықтың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар деген сұрақтарға жауап іздеген болатынбыз. Анастасия жас әріптестерінің арасында журналистика саласы бойынша әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану тақырыбында шеберлік сыныптарын өткізіп, өзінің шетелде алған тәжірибесімен алмасып жүретін креатив жастардың бірі.


Өзім туралы

Мен Алматы облысындағы шағын қала – Талғарда туып, өстім. Осында экономикалық лицейде білім алып, қосымша маркетинг пен менеджмент бойынша оқыдым.

Лицейді бітірген соң менің алдымда күрделі таңдау, болашақ тағдырымды шешетін қадам күтіп тұрды – ол мамандық таңдау еді. Негізінде біздің отбасымыздың мүшелері көбіне есепшілік мамандығын таңдаған соң, мен өз өмірімді гуманитарлық ғылыммен байланыстыруды жөн көрдім.

Жалпы өзімнің дәлдік ғылымға ебім барын біле тұра, жаңа бағытты бағындыруға бел шештім. Оқу орнын таңдауда Қазақ-неміс университетіне тоқталдым, бұл ретте менің этникалық тегім ықпал етті деп ойлаймын, менің анамның ұлты неміс.   

Ұлттық біріңғай тест пен сынамалы емтиханды тапсырып, «Халықаралық қатынастар» мамандығына оқуға түстім. Алғашқы жылдары қиындау болды, әрі қарай қай бағытта қозғалу керек деген ой мазалай бастады. Дей тұрғанмен саясат қызықтырып, дипломатиялық қызмет саласында дамимын деген нақты шешімге келдім.    


«Deutschе Allgemeine Zeitung» газетінің редакциясына қалай келдім?

V курста біз тағлымдамадан өтуіміз керек болып, мен «Deutschе Allgemeine Zeitung» республикалық ұлттық газеттің редакциясына бардым. Бұған дейін алматылық «Возрождение» неміс этномәдени орталықтың іс-шараларына қатысып, газетпен серіктесетінмін.

Шағын жазбалар, мақалалар жазып жүріп, бұл мен үшін маңызды екенін ұқтым. Тағлымдамадан кейін мені штаттан тыс тілші ретінде жұмысқа алды. Ақырында, міне, жылдан астам уақытта мен DAZ Social-Media редакторы болып жұмыс істеп жүрмін. Менің міндетім әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізу. Біз Instagram, Одноклассники, Facebook, Bконтакте желілерінде бармыз, сондай-ақ Youtube-те «Немцы Казахстана» деп аталатын арнамыз бар.

Іс-шараға келгенде фото-бейнеге түсіріп, оны монтаждаймын. Шолу мақалаларын жазамын, соңғы уақыттарда сұхбат жазуды бастадым. Бірінші сұхбатым «Біздерді таны» айдарымен басталды, ол жерде мен неміс өкілінің спортта, дәлдік ғылымда, басқа да салада жетістікке қол жеткізген озат жастары жайлы жазамын.


Есте қаларлық сұхбат

Мен сұхбаттасқан адамдардың барлығы өз алдына қызық тұлға. Мысалы, садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның бірнеше дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың жүлдегері, атақты спортшы Павел Фишерден сұхбат алғаннан кейін көп дүниені білдім.

Бұған дейін сен үшін беймәлім сала жайында материал жазғанда, сөздік қорың молаяды. Журналистика – бұл сан қырлы мамандық, онда шекара болмайды, сен үздіксіз дамып, өсіп, әлемді танисың. Бір жағынан бұл мамандық барлығының қолынан келе бермейді. Адамдармен тілдесуге, жан-жақты болуға ынтаң болуы керек. Кез келген істе сен оны сүйетіндігің маңызды, сол арқылы мақсатыңа жетіп, табысты боласың. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, әйтсе де бұған дейін журналист боламын деп мүлде ойламаған да едім ғой.

Ұжым жайында

Мен өте бақыттымын – менің керемет ұжымым бар. Біздің директор Роберт Герлиц туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Мен бас редактор Олег Клименко мен техникалық редактор Вероника Лихобабинадан көп нәрсені үйрендім. Осындай тәжірибелі адамдар сені қоршаған кезде, өсіп, дамисың. Басқаша болуы мүмкін емес.


Сұхбатқа қалай дайындаламын

Әдетте біз әлі жазбаған тақырыпты таңдап алып, сұхбат алатын адам туралы ақпарат жинаймыз. Жуырда біз Талдықорғанда тұратын танымал кардиолог-дәрігер Владимир Крайсманнан сұхбат алуға бардық. Бұл адаммен көптеген сұхбаттар жазылған екен, сондықтан сұхбат құру оңайға түспесі анық, өйткені оның жауап бермеген сұрағы қалмаған да шығар. Бірақ сен бұл адам туралы көп нәрсені іздедің ғой, сол себепті білгеніңді одан әрі тереңдетіп, басқа қырынан алып шығасың. Мен өзім әңгімелесетін адамды сезінуім керек, сонда ғана ақпаратты толық жеткізе аламын.

Сұхбат алғыңыз келетін тұлға

«Халықаралық қатынастар» мамандығын оқығандықтан, мені саясат көбірек қызықтырады. Мемлекет көшбасшысымен сұхбаттассам деген арманым бар. Мүмкін бұл қазір күлкілі көрінер, бірақ алдыңа қойған мақсатыңа жетуге қалай да тырысуың қажет.

Бұрын біздің танымал этнос өкілдерінен сұхбат аламын деген арман үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді, қазір қалауың болса, бәрі де қолыңнан келетініне көзім жетіп отыр.

Кәсіби дағдымды жетілдіруге ықпал еткен кітап

Менің кәсіби маман ретінде қалыптасуыма әріптестерімнің тәжірибесі ықпал етті. Мен теориядан гөрі тәжірибені ұнатамын. Басқалардың қалай жұмыс істейтініне қарап, қайталап отырдым.

Сүйікті кітабым деп Николло Макиавеллидің «Государь» трактатын айтар едім. Меніңше, көптеген саяси қызметкерлер еңбек жолында осы туындыны басшылыққа алады. Маған оның ұшқыр ойы ұнайды, оның айтқан сөздерін өмірде қолдануға болады.


Журналист мамандық па? Әлде бейімдік пе?

Меніңше, бейімдік. Бейімділігің болса, журналистика саласында жұмыс істегің келіп, тұрақты дамуға, ақпаратпен жұмыс істеуге ынтығып тұрасың.

Болашақ журналисттің қандай дағдысы болуы керек?

Бейілді болу, бейтарап позицияны ұстану өте маңызды. Белгілі бір көзқарасты қорғай отырып, сен өз респондентіңнің пікіріне сантүрлі ойыңды бірде білдіре алсаң, бірде ол мүмкін болмайды. Белгілі бір адам немесе оқиға туралы өз тұжырымын жасай отырып, ақпаратты жинай және өңдей білу қажет. Бұл оқырманға өзінше қорытынды жасауға оңтайлы. Журналист бейтарап, білімді, білімге құштар болуы, үнемі дамуы, жетілуі және барлық оқиғалардан хабардар болуы тиіс.

Мамандық кемшіліктері

Бұл күрделі мамандық. Бірнеше сағатқа кешігіп жазылған жаңалық өзектілігін бірден жоғалтады. Ақпарат ағымында әрдайым ширақ болу керек, кейде бұл толастамайтын энергияны қажет етеді.

Жас журналистерге кеңес

Жас журналистер өмірін жаңа, таза парақтан бастайды. Мен оларға өз жүрегінің қалауына жүгініп, әділ, адал және белсенді бол дер ем. «Қажетті жерде уақытында болу үшін қозғалу керек» – менің ойымша, дәл айтылған сөздер.


Шегі жоқ мамандық

Біздің штат шағын, сондықтан бойымызға бірнеше дағдыны дарытуға тура келеді: фотоға түсіру, бейнеге түсіру, мақала жазу, сұхбат пен әлеуметтік желіні жүргізу секілді. Кейде күйзелістік жағдай болуы мүмкін, бірақ бұл сананы жаңартуға тиімді. Медиа саласы алпауыт, сол себепті оны толықтай меңгеру мүмкін емес. Мен жетілдірудің шегі жоқ екенін түсінемін және өз дағдыларымды әрдайым дамытуға тырысамын.

Өмірде бәрін үйреніп кету мүмкін емес екенін білемін, бірақ сонда да қажеттіні үйреніп алуға тырысамын. Өз біліктілігімді шетелде жетілдіріп келдім. Атап айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында Берлинде медиасеминарға қатыстым, Польшада Wochenblatt.pl-те тағлымдамадан өттім. Wochenblatt.pl баспа, сайт, радио және телеарнаны қамтиды. Бес апта бойында барлық бағыттар бойынша тәжірибеден өтіп, аудиоподкастарды жасауды үйрендім. Бұл өте қызықты тәжірибе болды.


Қазақстандықтар туралы

Мен қазақстандықтар – бірегей жаратылған халық деп есептеймін. Біз бірнеше тілде еркін сөйлейміз, өз салт-дәстүрлерімізді құрметтейміз, қазақ халқының әдет-ғұрпын білеміз, оны сыйлаймыз. Мен достарыма немесе туғандарыма жаңа затымды көрсететін болсам, «көрімдік бер» деймін. Бұдан бөлек қазақтардың көптеген жағымды жақтарын сіңірдік, оның ішінде қонақжайлылық. Көптеген тілдерді үйрену, басқа халықтың мәдениетін білу – жан-жақты дамуға әкеледі, бұл ғажап үрдіс!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

TOP NEWS