Assembly of People of Kazakhstan

30 April, 2019

6927

Лариса Калькова: Қазақ халқы дегенде көз алдыма ең алдымен шығыс халықтарының ешқайсында жоқ сәукеле келеді

Бүгінде еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы көпке үлгі екені даусыз. Әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігіне кепіл болар үлкен құрылымдық күшке айналды.

Бүгінде еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы көпке үлгі екені даусыз. Әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігіне кепіл болар үлкен құрылымдық күшке айналды.

Ассамблеяның ХХVII cессиясына орай Жамбыл өңіріндегі «Полонез» поляк этомәдени бірлестігінің төрайымы Лариса Кальковамен кездесіп,  ұлттар арасындағы  бірлік, татулық, біртұтастық пен ынтымақ төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.    

— Жалпы қиын-қыстау кезеңде Жамбыл жеріне әртүрлі ұлт пен ұлыстардың жер аударылғаны тарихтан белгілі. Айтыңызшы, қасиетті Әулиеата топырағына поляк ұлты қалай келген? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

— Поляк этносы да басқа ұлт өкілдері тәрізді «ұлтшыл» деген жаламен репрессия құрбандарына айналды. Соның салдарынан Қазақстанға екі жүз мың поляк жер аударылды. 1956 жылдары поляктардың басым бөлігі өз отандарына оралғанымен, кейбірі түрлі себептермен Қазақстанда қалып қойды.

Жалпы Дүниежүзілік екінші соғыс жылдарында Италия, Бельгия, Голландияны фашистік тұтқыннан босату шайқасында Польшаның ұлттық батыры атанған генерал Андерстің бірінші және екінші поляк қолбасшылар армиясына біршама поляк азаматтары қосылған еді. Генерал Андерстің армиясының қалыптасуы Жамбыл облысы мен Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен тығыз байланысты.

Жер аударылып келген жүздеген поляк қоныстанушылары ұлттық батырымыз Андерстің басшылығымен құрылған армияның қатарында жүріп қаза тапты. Мәселен, 1942 жылдың ақпанынан сәуір айына дейін-ақ қазіргі Түркістан облысының аумағындағы Тянь-Шань жотасы бойымен жүретін теміржол бойына орналасқан Шотпақ ауылында №8 жаяу әскер бөлімшесінің 216 жауынгері, Луговая станциясы, Сыпатай батыр ауылында он тоғыз адам  және осы Луговая станциясының өзінде қырық алты поляк, Высокое ауылында жиырма үш, Манкент ауылында отыз үш азаматымыз  жерленген.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысының аумағында жетім қалған, ата-анасы хабарсыз кеткен поляк балалары үшін Адам Мицкевич атындағы польша мектебі, балабақша мен балалар үйі қызмет көрсетті. Бұған Тараз қалалық мұрағатынан табылған құжаттар дәлел бола алады. Осы тізімдерге сүйеніп, поляк балалар үйлері бұрынғы Жамбыл қаласында, Михайловка, Новоивановка ауылдарында, сондай-ақ, Отар станциясында болғандығына көз жеткіздік. Жамбыл өңірінде барлығы үш жүз алпыс поляк балалары болғандығы қазіргі таңда анықталып отыр. Сондай-ақ мұрағат құжаттарының деректеріне сай соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде де Отандарына оралмай, Қазақстан аумағын жерсініп, қоныстанып қалған поляк азаматтарының аз болмағаны белгілі болуда. Әзірге қанша поляк ұлтының толықтай Қазақстанда шоғырланып қалғанын анықтау мүмкін болмай отыр. Десе де, Қазақстан жеріне, қасиетті Әулиеата топырағына поляк ұлты осылай келіп, қоныс тапқан. Бұл біздің жадымызда өшпейтін тарих.  

Осы орайда «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің құрылу тарихына тоқталып кетсеңіз. Қазіргі таңда бірлестіктің құрылымы мен құрамы қандай? Нендей жұмыстарға ұйытқы болып жатырсыздар?

— Өткен кезеңсіз болашақ жоқ. Ал бүгінгі шақ –  ұрпақ, уақыт, арақашықтық  арасындағы байланыстырушы көпір. «Отан оттан да ыстық» демекші, туған топырағымыз жырақта болса да, ұлттық болмысты ұмытпаудың бірден-бір жолы – ол жайлы қағазда дерек қалдыру. Сол себепті, поляк этномәдени бірлестігі Жамбыл жерінде жерленген қандастарымызды ұлықтау және кейінгі ұрпаққа тарихымызды таныту үшін жұмыла жұмыс жасауда.

«Жамбыл облыстық поляк мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 1997 жылы құрылған және сол жылдың 11 маусымында Әділет департаментінде тіркелді. Оның негізін қалаушы және бірінші төрайымы, қуғын-сүргінге ұшыраған поляктардың қызы – Рабцевич Анна Петровна болған еді. Анна Петровна туған топырағы Польшаға қоныс аударғаннан кейін орталықты техникалық білімі бар В.М. Каневский басқарды. 1949 жылы туған оның  да  ата-анасы «ұлтшыл» деген айыппен қуғын-сүргінге ұшыраған. Орталық жұмысын қолға алысымен-ақ, бұл азамат орыс, поляк  тілдерінде журналдар басып шығара бастады. Онда ұлт азаматтары  Польшаға барған сапарлары, өздері саяхаттап жүріп, көрген-білгендері жайында, поляк тілін үйренудегі алған әсерлерін жазды. Сондай-ақ поляк халқының ұлттық құндылықтарын да насихаттаған мақалалар жарық көрді. Бұдан бөлек, қуғын-сүргінге ұшыраған поляктардың өмірі мен тағдырларынан мағлұмат,  олардың лагерьлердегі тұтқын ретіндегі басынан өткізген сынақтары жайында да естеліктер берілді.

2012 жылдан бастап Тараздағы поляк орталығының төрайымдық қызметі маған жүктелді. Қазір орталығымыз қырық бес мүшеден тұрады. Жыл сайын біз поляк этносының «Ашық есік» күндерін өткізіп, аймақ тұрғындарына ұлттық салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз жөнінде әңгімелеп береміз. Поляк жазушыларының өлеңдерін оқып, ұлы поляк музыканттары мен композиторларының музыкасын тыңдатамыз. Сайып келгенде, өзіміздің мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз жөнінде толық мағлұмат беріп отырамыз.  Ең бастысы – Жамбыл облысындағы жерленген поляктарға зор құрметпен қараймыз.

Орталық поляк азаматтарының жерленген орындарына барып еске алумен қатар, көлемді мемориалдық кездесулер өткізеді. Сонымен бірге қиын өмірлік жағдайдағы балалар орталығында, мүмкіндігі шектеулі сәбилерге, балалар үйіне барып жүздесіп, демеушілік көрсетудеміз. Жылына екі рет аз қамтылған және көпбалалы поляк отбасыларына да материалдық көмек береміз. Сондай-ақ ардагерлерімізді де ұмыт қалдырмай, тұрмысқа қажетті түрлі заттармен қамтамасыз етудеміз. Бір сөзбен айтқанда, біз Жамбылдың қасиетті жерін туған мекеніміздей сезініп, бір үйдің баласындай ынтымағымызды танытудамыз.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты ұлттар мен ұлыстардың достығын нығайту екені белгілі. Поляк этносының  өңірдегі өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынасы қандай? Бірлесе жүзеге асырып жатқан жобалар бар ма?

— Өзге этномәдени бірлестіктермен қарым-қатынасымыз жақсы. Ассамблеямен бірлесіп өткізетін арнайы іс-шараларымыз да аз емес. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі үлгі ретінде жыл сайын көрсететін қайырымдылық  дәмі  сияқты біз де биыл  шамамыз келгенше Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  мерекелік кештер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Ал нақты шараларға  келетін болсақ, өткен жылы неміс этномәдени орталығымен бірлесіп Анна Германның шығармашылығына байланысты үлкен фестиваль өткіздік. «Шиват Цион» еврей қоғамдық бірлестігі және облыстық тәжік этномәдени бірлестігімен бірігіп Мерке ауданында этнос күндерін ұйымдастырдық.

— Мойынқұм, Сарысу сынды шалғай аудандардағы ауылдарда талай өзге ұлт өкілдері тұрып жатыр. Олармен қалай байланыс орнатудасыздар? Ол жақтағы поляктардың тыныс-тіршілігімен таныссыздар ма?

— Ауылдық аймақтарда тұратын поляк қандастарымызбен тығыз байланыстамыз. Араласып-құраласып тұрамыз. Еске алу, мемориалдық сынды кештерде бас қосып, ой-пікірлермен бөлісеміз. Сондай-ақ бір-біріміздің қуанышымыздан қалмай, құдаласып, жекжаттасып жатқан жайымыз да бар.

— Поляк ұлтына тән қандай ерекшеліктер бар? Оқырман қауымға поляк ұлтының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ырым-жоралғылары туралы айта кетсеңіз?

    — Поляк этносының  өзіндік салт-дәстүрлері, ғұрыптары мен өнері баршылық. Бірлестіктің «Полонез» аталуы да тектен-тек емес. Полонез – поляк халқының бір-бірінің қолынан қапсырып ұстап, айнала билейтін ең сүйікті ұлттық билерінің бірі. Үнемі позитивті көңіл-күйде жүрейік, өмірімізде ән мен би көп болсын, қуанышта, шаттықта, бірлікте болайық деген ниетпен орталығымыздың атын да осылай деп атауды жөн көрдік. Бұдан бөлек, ұлттық болмысымызды айқындайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз жетерлік. Оны  жамбылдықтар «Бірлік», «Алғыс айту» күндеріне ұйымдастырып келе жатқан шараларымыздан көріп жүр.   

     — Өзіңіз айтып өткендей, Елбасының Жарлығымен елімізде «Алғыс айту» күні белгіленді. Айтыңызшы, «қазақ ұлты» дегенде көз алдыңызға не келеді және бірлік, біртұтастық, ынтымақ пен татулық дегенді қалай ұғынасыз?

— «Алғыс айту» күні Ассамблеяның туған күнімен тұспа-тұс келетін мереке. Екеуін бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайды.

Қазақ ұлтын өзім кең пейілді, жомарт, үлкен қасиетке ие, текті халық деп танимын. «Қазақ халқы» дегенде менің көз алдыма ең бірінші шығыс халықтарының ешқайсында жоқ қазақтың әдемі сәукелесі келеді. Мұндай ұлттық бас киімі бар қазақ елінің қыздарына беретін тәрбиесі мен үлгі-өнегесі зор.

Ал бірлік, ынтымақ, татулық дегеніміз - қазақтың бірегей ұлы құндылығы.Қазақстан осы үш игі қасиетке бай ел. Қаншама ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында татулық пен толеранттылықта ұстап отырған мемлекеттің келешегі кемел екеніне бек сенімдімін.

— Әлемдегі бірде-бір мемлекетте ұлттар мен ұлыстар достығы дәл біздегідей дәріптеліп, құрметтелмейтіні анық. Оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ұйытқы болуымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы дәлел. Соңғы кездегі саяси өзгерістер мен билік тармағындағы ауыс-түйістер осы Ассамблея жұмысына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

— Дәл осы тұста көреген басшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Ұлт көшбасшысының өзге ұлттар үшін жасаған жақсылығын тарих ұмытпайды.

Ал соңғы кездері болып жатқан саяси өзгерістерге ешқандай алаңдаушылық білдірмеймін. Себебі,  Қазақстан заңына, сарабдал саясатына сенемін. Елді кім басқарса да,  әділдіктің қара қылын қақ жарып, Елбасының салиқалы саясатын жалғастырады деп сенемін. Қаймағы бұзылмаған бірлігіміз бен біртұтастығымыз мәңгілік болады деп ойлаймын.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Нұр-Сұлтан қаласының төрінде өткен жиыннан алған әсеріңіз қандай?

— Сессия жұмысынан тек жақсылық күттік. Президент сайлауы науқаны қарсаңында ұйымдастырылып жатқан жиынның өз жемісі болады. Бір жағынан бұл өзге ұлт өкілдерін мемлекеттің ішкі саяси өміріне араластырудың жарқын жолы. Бізге, ұлттар достығына деген құрмет. Сондықтан сессия жұмысы мемлекет ертеңі үшін қабылданатын ұлы шешімдермен ел есінде қалады деген ойдамын.  

— Әңгімеңізге рақмет, ұлтаралық татулықтың берік болу жолында жасап жатқан жұмысыңызға жеміс тілеймін!

TOP NEWS