Assembly of People of Kazakhstan

10 September, 2018

9039

Отбасы бақыты — берекеде: Астанадағы Мамышевтар отбасының шежіресі

Қазақстан Республикасы Президентінің «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы туралы Жарлығы шыққалы елімізде қанша үлгілі отбасы барын көріп, көзайым болдық. Әр отбасының өз тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Үбірлі-шүбірлі отбасы жастарға үлгі боларлықтай.  

Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүріп жатқан көптеген этностардың арасында некеге отырып, жанұяға айналғаны қаншама. Бір шаңырақтың астында әр ұлт өкілдері тіліне, дініне, ұстанымдарына қарамастан өзара рухани байланыста, жарасымда, береке-бірлігі жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының заңында көрсетілген міндеттерді, яғни, Қазақстан халқы бірлігін нығайту және ұлттардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін, отбасылық құндылықтарын сақтау және дамыту мақсатында Астана қаласының тұрғындары — Мамышевтер жанұясында «Отбасы күніне» орай қонақта болып, айрандай ұйып отырған бірнеше ұлттан құралған жанұяның татулығы мен жарасымдығына тәнті болып қайттық.

Бізді босағадан қарсы алған отбасы отағасы Мугдан Махмедұлы Мамышев бірден бізді төрге шақырып, жарасты әңгімеге дайын ниетте екенін білдірді.

Жұбайы Римма Мамышева өз қолымен пісірген иісі аңқыған нанын, аппақ ірімшігін дастарқан үстіне қойып, шайын демдеп, құрақ ұшып жүрді.

Біз де көптен көрісіп жүрген туысымыздың үйінде отырғандай күйге ендік. Осындай көтеріңкі көңіл-күйде әңгімемізді бастап кеттік. 

— Мугдан Махмедұлы, өзіңіз білетіндей, қыркүйектің алғашқы жексенбісі «Отбасы күні». Осыған орай сіздердің көпұлтты, көп балалы отбасыларыңызды оқырмандарға жаңа бір қырынан таныстырсақ деген ниетіміз бар. Әңгімемізді отбасыңыздан бастасақ.

— Жұбайым екеуміз бес бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Екеуміз балаларымыздың білім алып, жан-жақты болуына көп күш саламыз. Біз үшін олардың білімді, еңбекқор, бауырмал болып өсуі — басты мақсат.

 Менің ата-анам Кавказда, жұбайымның ата-анасы Қазақстанда тұрған.  

 Жұбайымның анасы Мархаба Аубакирова-Даирова қазақ болған. Ол кісі тарихта қалып, 2014 жылы «Астана: әйел келбеті» деген кітапқа енген.

1913 жылы Ақмоладағы кедей отбасында дүниеге келген.

Бала кезден белсенді болып, пионер, комсомол қатарына алынған. Қыз балаларды білім алуға үгіттеп жүрген. 

Ақмола округіндегі Қарағанды ауданында Қызыл киіз үй ұйымдастырып, әйелдер қауымын білімді болуына күш салып, феодал байларға қарсы үгіт-насихат жүргізген. 

Кейінгі жылдары сол Қызыл киіз үйдің меңгерушісі болып, халық арасында сауатсыздықты жоюға, саяси-тәрбие беруге күш жұмсап, халық арасында абыройлы болған. 

Соғыс жылдарынан кейін Алматы облысында тұрып, артынша Целиноградқа оралып, «Металлист» зауытында жұмыс істеген.

Көптеген медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.

— Сіздердің көпұлтты отбасыларыңызда бір-біріңізді түсіну, әркімнің салт-дәстүрін қабылдау жағы қалай болды? Дегенмен де сіздің ұлтыңыз шешен, жұбайыңыз татар...

— Мен үшін, жұбайым үшін бұл аса мәселе болып туындаған жоқ. Арамыздағы сый-құрметіміздің арқасында біз отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкеліп отырмыз. Ең бастысы – татулық. Бір-біріміздің құндылығымызға ізетпен қарап, ортақ түсіністікке алып келеміз. Отағасы болған соң, менің көзқарасым мен пікірім бірінші орынға қойылады. Әйел адам ерінің қамқорлығында болады. Жұбайым да менің көзқарасымды бөлісіп, әрдайым бастамамды қолдап отырады. Онсыз отбасында жарасым болуы мүмкін емес.

— Өзіңіз қайда дүниеге келдіңіз, Мугдан Махмедұлы?

— Мен Кавказда туып, сол жақта балалық шағым өтті. Менің әкем Махмед Мамышев Қазақстанға 1943 жылы жер аударды. Анам Руман Убайтаева Қазақстанда туды. Осы жерде өсті. Алайда бір қызығы — әкем мен анам кейін Кавказға оралып, екеуі сонда танысып, отбасын құрады.

Мен бала кезден каратемен шұғылдандым. Онымен жетінші сыныптан бастап айналысқан едім. Ол кезде каратемен айналысуға тыйым салынған болатын. Өйткені карате адам өміріне қауіпті деген жансақ пікір қалыптасқан кез еді. Соған қарамастан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бізге каратенің қыр-сырын үйретіп жүрді.

Бозбала шағымда Венгрияда әскери борышымды өтедім. Әскерде де бұл ісімді тастамай, спортпен шұғылданып жүрдім.

Әскерден оралып, Мәскеу қаласына келіп, бір жылдай тұрдым. Сол жақта қара белбеу қорғадым. Ол кезге қарай, яғни, 90-шы жылдары каратемен айналысуға рұқсат берілді. Кейін достарыммен Германияға кеттім. Үш жыл уақыт сол жақта тұрдым. Ол жақта спортпен шұғылдануға қолайлы орта болды. Жалпы каратемен он жыл айналысыппын. Әлі де шұғылданамын десем болады.

Одан басқа еркін күреспен де шұғылдандым. Үшінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін каратемен қатар алып жүрдім де, біржола каратеге ауыстым. Еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер деген атағым бар.

Грозныйдың мұнай университетіне сырттай оқуға түстім. Артынша соғыс басталды. Біраз дүрбелең болды. Қанша қиындықтар өтті шешен ұлтының басынан. Қазір бәрі көрген түстей өтті де кетті.

— Сіздің әскери борышыңызды өтеген уақытыңыз Кеңес Одағының тұсында болған екен. Әскерде ұлттар арасындағы қарым-қатынас қандай еді?

— Иә. Әскерде көптеген ұлттар Отан алдындағы борышымызды атқардық. Арамызда қазақтар да болды. Бірақ біз тату болдық. Бір-біріміздің арамызда жанжал, дау болған емес. Сыйластықты күшейттік. Спортпен бірге шұғылданып, бір үйдің баласындай болған едік. Әскерде қатаң тәртіп болды.

— Балаларыңыз жайында айтып беріңізші.

— Үлкен қызым Хеда гимнастикамен шұғылданып жүріп, каратемен айналысқысы келетінін айтып, тоғыз жасында осы спорт түріне берген едім. Көптеген жетістіктері бар. Қызым карате бойынша қара белбеу иегері. Еуропаның екі дүркін чемпионы. Спорт шеберлігінің үміткері. Қазір «Назарбаев университетте» екінші курс студенті. «Тіл мен әдебиет» факультетінде білім алып жатыр. Қазақ, орыс, шешен, ағылшын тілін жетік меңгерген. Енді араб тілін үйреніп жүр.  

Хамзат деген екінші ұлым 11-ші сыныпта оқиды. Ол да каратемен шұғылданады. Мектеп бітірген соң техникалық бағытта білім аламын деп, сол саланың мамандығына оқуға түспекке дайындалы жүр.  

Ясмин деген қызым да каратемен айналысады. Экономикалық лицейде алтыншы сыныпта оқиды. Болашақта медициналық жоғары оқу орнына түсіп, дәрігер бола ма деп үміттенеміз. 

Галим деген ұлым үлкен тениспен айналысады. Ол өзінің болашақта кім болғысы келетінін, қандай мамандыққа баратынын толық шешкен жоқ.

Кенже ұлым Мухаммад үште. Уақыты келгенде күреске беремін деп отырмын.

Балаларыма көп білім мен тәрбие беруге талпынамын. Олардың жан-жақты болуына барымды салып жүрмін.

Мектептегі оқуынан бөлек, балаларым түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатысады. Қазіргі заманда көптеген балалар компьютерден бас алмай, уақытының бәрін текке өткізетінін білеміз ғой. Мен балаларыма әлеуметтік желілерде уақытын зая кетіруге тыйым салып, рухани баюдың жолына жөн сілтеп отырған жайым бар.

— Отбасында өзара қай тілде сөйлесесіздер?

— Көбіне орыс тілінде сөйлейміз. Арасында шешен тілін пайдаланамыз. Балаларым қазақ тілін жақсы біледі. Тіпті үлкен қызым мектепте оқып жүргенде қазақ тілінен олимпиадаға қатысып, орын алып жүрді.

Нағашы әжесінің айбынды мінезі үлкен қызыма дарыған. Тіл білуі, оқуға құмарлығы, белсенділігі ұқсайды. Мектепті қызыл аттестатпен аяқтады. 

— Жұбайыңыз қай ұлттың тағамын әзірлейді? Жалпы отбасылық

сүйікті тағам бар ма?

— Алдымен менің әскердегі қызық оқиғамды айтып кетейін. Арамызда қазақ жігіті болған. Сол өзінің туған күнін атап өтпекке ет асқан еді. Дастархан басына отырғанымызда, алдымызға келген етті әлгі қазақ жігіті «біздің ұлттық тағамнан ауыз тиіңдер» демесі бар ма. Мен «Қалайша ол сендердің ұлттық тағамдарың болады? Бұл кавказдықтардың тағамы» деп таңдандым. Содан дау басталды. Сөйтсем, расында ет қазақтың ұлттық тағамы екен. Оны Қазақстанда тұрған ата-анам Кавказда тұрса да, дастарханнан үзбеген екен. Мен сол жақта туып-өскендіктен, оны өз ұлтымыздың тағамы деп қабылдаған екенмін.

Біз өз отбасымызда қазақ, шешен, татар ұлтының тағамдарын әзірлейміз. Мереке күндері дастарханға ет қойылады. Шешен ұлттық тағамы «галушки» мен қазақтың еті ұқсас. 

Жалпы шешендердің үстелінде ет, сүт, көкөніс тағамдары қатар тұрады. Қазіргі уақытта баршамыздың дастарқанымыз молшылықта.   

— Қазақстанға қай жылы келдіңіз? Неліктен осы жақта өмір сүруге ниеттендіңіз?  

— Қазақстанға тұңғыш рет досыммен жұмыс бабымен 1996 жылы келдім. Осы жақта Ресей мен Қазақстан арасында бірлескен энергетика бойынша уақытша жұмыс болды. Мені соған жауапты болуға шақырды.  Жыл бойы жұмысты тындырып тастап, Германияға кетуім керек болды. Бірақ өмірлік жұбайымды кездестіріп, осы жақта орнығуға шешім қабылдадым.

Қазіргі таңда Қазақстанда ағам, әпкем тұрып жатырмыз. Қазақстанның азаматымыз.

Қазақстан бірліктің, достықтың мекені. Мұнда тұрып жатқан қанша ұлттар бар, бір-бірімізбен татулықта, ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз. Бұл да қазақтың жүрегі кеңдігінен деп ойлаймын.

Сонымен қатар Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел жағдайын ойлап, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Соның арқасында Қазақстанның барлық ұлты бір тудың астына жиналып, күш біріктірді. Күші мығым елге ешкім күмәнмен қарамасы анық.  

— Ата-анаңыз Қазақстанда тұрамын дегеніңізге қалай қарады? Туған жеріңізге қайта оралғыңыз келмей ме?

— Жоқ, Қазақстанда қалғаныма еш өкінбеймін. Олар екінші Отанына айналған Қазақстанда тұратыныма қарсы болған жоқ. Қайта Қазақстан өмір сүруге жайлы, бейбітшілік пен тыныштық орнаған мекен деп құп көрді. Қуанбаса, ренжіген жоқ. Тіпті бұл таңдауым талқыға салынбады да. 

Астана қаласындағы «Шешен-ингуш» этномәдени орталығының шараларына қатысып тұрасыздар ма?

— Иә, орталықтың жай-күйін біліп отырамыз. Балаларым түрлі шараларға қатысып тұрады. Сонымен қатар олар жексенбілік мектепке барады. Ана тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді үйренеді. Соның арқасында отбасымызда рухани құндылықтарды сақтап отырмыз.

Кавказға туғандарыма барар кезде әкем маған «қазақтың ескі әуендері, әндері жазылған таспа әкеп берші» деп, тапсырма береді. Мен қайтсем де іздеп тауып, әкемнің өтінішін орындаймын. Әкем қазақ халқының қонақжайлылығын, бауырмалдығын, ақкөңіл пейілін ешқашан ұмытқан емес. Сағынышын қазақ әндерін тыңдаумен басады.

Менің әкем фототілші болып, газетте жұмыс істеген. Бізге де жан-жақты білім беріп, тұлға болып қалыптасуымызға көп еңбек етті. Бізге берген тәрбиесінің арқасында тұрғылықты жердің әкімшілік басшысынан ата-анам алғыс хат алып тұратын. Балаларының жетістігі үшін алғыс алу үлкен мәртебе деп есептеймін.

— Мугдан Махмедұлы, әңгімеңізге рақмет, отбасыңызға бақыт, береке тілейміз!

— Сіздерге де рақмет. Қазақстанымыз жыл сайын көркейіп, тамырын тереңге жайып, өсіп-өне берсін. Ел тыныштығы мен қуаты арта берсін. Барлық отбасыларға амандық пен мерекелі, берекелі дастарқан тілеймін! 

Сұхбат барысында ойыма «Отбасы ошағы» атты аңыз әңгіме орала берді.

Ертеде бір ауылда үш жас отбасы өмір сүріпті. Күндердің бір күнінде ол ауылға бақыт келіп қоныстайды. Ол өзінің қай отбасында жарық пен жылу толы болса, сонда қонатынын айтып мәлімдейді.  

Мұны естіген бірінші отбасы өз үйлерін күміске толтырады. Үй жарық болады да, бірақ күмістің жарығы үйді жылыта алмайды.

Оны көрген екінші отбасы өз үйлеріне алтынды толтырады. Ол үй жарық бола түседі, бірақ жылулық бәрібір болмайды.

Тек үшінші тапқыр отбасы өз үйлерінің ошағына от жаққан еді. Оның әсерінен үй жарық болып, жылуға толады.

Бақыт таңдауын жасап, сол үйге мәңгілік қоныстануды ұйғарады. Содан бері ошағында оты жағулы отбасында бақыт мекендеп, үй иелерімен бірге тұрып жатыр деседі.  

«Отан отбасынан басталады» деп айтып кеткен ата-бабаларымыздың осы ұлағатты, мағыналы сөзіне үңіліп қарасаңыз, қаншама мән бар. Шынымен де әрбір отбасы өз алдына жеке бір Отан.

Осыған орай Елбасының айтқан мына керемет сөзі бар.

«Отбасында адам бойындағы  асыл  қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім — жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады».

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

 

TOP NEWS