Assembly of People of Kazakhstan

12 July, 2019

4944

Шавкат Исмаилов: Қырғызстан мен Қазақстанның халық Ассамблеялары 2011 жылғы меморандумға сәйкес ынтымақтасуда

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының XVIII сессиясында «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов өз баяндамасында бірлестіктің атқарып жатқан жұмысына тоқталған еді. Бірлестікте азаматтарға әлеуметтік, гуманитарлық көмек көрсету бағытында мемлекет деңгейінде салмақты жұмыстар атқарылған.      

— Шавкат Абдуллаұлы, өзіңіздің баяндамаңызды «Қазіргі жағдайдағы этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбы аясында өрбіттіңіз. Соған тоқтала кетсеңіз.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсіміндегі сөзінде өзінің басты мақсаттарын айқындап өтті. Соның бірі – қоғамның бірлігін сақтау және әрбір азаматтың құқығын қорғау.

ҚР Конституциясы елде тұрып жатқан этностарға өздерінің мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтап, оны дамытуға және қоғамда өз ұлтын емін-еркін танытуға мүмкіндік береді. Осы орайда астаналық ҚХА этномәдени бірлестіктері жаңа Достық үйінде бір жылдан бері мазмұнды іс-шараларды ұйымдастырып өткізіп келеді. Осы азғантай уақыт ішінде Ассамблеяның тек қаланың ғана емес республикалық, халықаралық деңгейде түйіткілді мәселелерді шешуде әлеуеті өсті.

Біздің «Қырғызстан-Астана» бірлестігі он төрт жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде ғылыми, әлеуметтік, гуманитарлық салалардағы қызмет бағыттары қалыптасты. Әрі осы бағыттар бойынша қызмет қоғамның нақты сұраныстарынан тізбектеліп, тек қырғыз этникалық тобымен шектелмеді.

— Нақты қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

— Қырғызстан халқы Ассамблеясы мен Қырғызстандағы қазақ диаспорасымен ынтымақтастық шеңберінде 2011 жылы біз екі Ассамблея арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.

«Болашақ үшін есте сақтау» республикалық жобасына қатыса отырып, өз алдына жеке жоба қалыптастырылды, оның барысында Қарағанды облысының Спасск кентіндегі мемориалдық кешенінде естелік белгі орнатылды. Оның қуантарлық тұсы – он үш адамның туысы табылды.

Бірлестіктің белсенді қатысуымен 2015 жылы Астана қаласында Шыңғыс Айтматов көшесі, ал ағымдағы жылдың мамыр айында «Айтматов оқулары» іс-шарасы аясында №79 мектеп-лицейде жазушының атымен музей ашылды.

Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігімен бірлестік аясында 2013 жылы Мұхтар Әуезов күндерін өткіздік. Оның шеңберінде Бішкектегі Әуезов көшесінде естелік тақта орнатылды. Қазақстанның оң имиджін қалыптастыру мақсатында Қазақстан туралы Қырғызстанның БАҚ-да мақалалар үнемі жарияланып тұрады.

Біздің бірлестік мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға белсене қатысып жүр. Мысалы, мен «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне қатысамын. Арнайы мониторингтік топта бірлестіктің үш мүшесі бар.

«Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесінде (инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу) – өкіліміз бар. Енді тағы бірі Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі ведомствоаралық тобының мүшесі, № 4 емхананың Бақылау кеңесінде бір өкіліміз бар.

2018 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша біздің жұмысымыз Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығының грамоталарымен марапатталды.

Сонымен қатар 2015-2017 жылдары біз Еуроодақ қолдауымен Қызыл Жарты Ай қоғамының жобасына қатыстық. Оның нәтижесінде еңбек мигранттарының қызметін заңдастыруға көмек көрсетілді, бұл қала бюджетіне патенттер мен салықтардан түсетін қосымша түсімдерге ықпал етті.

Биылғы жылдың маусым айынан «Өмір тынысы» ҚБ-мен бірлесіп трансплантацияланған органдары бар тұлғалар үшін халықаралық жарыс ұйымдастырылды, сондай-ақ донорға ескерткіш орнату жұмыстары жүргізілуде.

— Сіздердің ішкі істер қызметімен де серіктестікте жұмыс істейтіндеріңізді білеміз. Бұл салада қандай істер атқарылуда?

— Иә, 2014 жылдан бастап бірлестік жас қызметкерлерді тәрбиелеуге бағытталған «полиэтникалық қоғамдағы полиция» жобасы бойынша қала полицейлері арасында жұмыс жүргізуде. Бірлестіктің екі мүшесі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша (Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Ішкі істер департаменті) қоғамдық бақылау комиссиясының құрамына кіреді.

— Бірлестіктің мүшелері тілек білдірушілерді тегін мамандық алып шығатын курстардан оқытуға мұрындық болуда. Одан басқа әлеуметтік, гуманитарлық қызметке араласып жүрміз дедіңіз, сол жағын тарқатып кетсеңіз.

— Бала күтуші, бала тәрбиешісі (гувернантка), үй аспазшысы мамандықтары бойынша төрт жүзден астам осал топқа жататын адам тегін оқудан өтті. Компьютерлік сауаттылыққа оқыту курстарында екі жүзден астам мүмкіндігі шектеулі адам оқытылды.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласында біз 2016 жылдан бастап БҰҰ Жаһандық Қорының Прожект ХОУП жобасы аясында құрт ауруының алдын алу бойынша жұмыс істейміз.

Бірлестік Қазақстан мен Қырғызстанның Қызыл Жарты Ай қоғамымен қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету, сондай-ақ отбасылық байланыстар мен іздестіру қызметін біріктіру бағдарламасы бойынша ынтымақтасады. Мәселен, 2018 жылы хабар-ошарсыз жоғалған деп жарияланған екі адамның тұрған жері анықталды, отанына оралуға көмек көрсетілді.

Жуырда Саран қаласындағы ауруханадан бір жасар қыз баланың жүрегіне күрделі ота жасалды. Басында анасының да, баласының да құжаттары жоқтығынан квотамен ота жасау мүмкін болмап еді, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіліне өтініш беріп, 3,5 айдың ішінде оларды құжаттандырдық.

Өткен жылы біз Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының дүниежүзілік федерациясына Қарағанды облысынан екі баланы іздестіруге құжаттар әзірлеп жібердік, олар биыл Қазақстанға «Жусан-3» арнайы операциясы кезінде қайтарылды. Осы жұмысым үшін «Гуманитарлық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталғанымды айта кетейін.

Бұл біздің атқарып жатқан жұмысымыздың және жүзеге асырып жатқан жобаларымыздың бір бөлігі. Менің ойымша, этникалық топ өкілдерінің қоғамның әлеуметтік проблемалары мен сұраныстарын шешуге қатысуы – этникалық топ өкілдерінің арасында азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді, ал үлкен тәжірибесі бар этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік, гуманитарлық және басқа да жобаларға қатысуы қоғамның дамуына, әлеуметтік шиеленісті шешуге, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының беделін арттыруға елеулі үлес қосады.

Осы орайда мен келесіні айтар едім, әсіресе әріптестеріме: этномәдени бірлестіктің регламенттелген ережелерімен ғана шектеліп қалмай, біздің қоғамымыздың әлеуметтік сұраныстары мен қажеттіліктерін шешуге қатысу қажет. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Әрине құқықтық құзыреттер шеңберінде.

Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыратын мемлекеттік органдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және оны іске асыру бойынша үнемі ынтымақтастықта жұмыс істегені дұрыс деп ойлаймын.

— Сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

TOP NEWS