БҰЛ КҮНІ - 14 МАМЫР

БҰЛ КҮНІ - 14 МАМЫР

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қайраткерлік қызметінің жылнамасы. 

2007 ж.: Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысына төрағалық етті.

Н.Ә.Назарбаев топтың жұмысын қорытындылай келе, оның негізгі ұсыныстары Президент өкілеттігінің бір бөлігін Парламентке қарай қайта бөлу және Парламентті сайлау жүйесіне, саяси партиялардың, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттыруға, құқық қорғау жүйесін одан әрі дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтары кепілдігін дамытуға қатысты екендігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Парламент палаталарының қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.

 

2008 ж.: Мемлекет басшысы Астана қаласында өткен «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанатының І съезіне қатысты.

Съезд делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде Президент «Жас Отан» жастарды әлеуметтендірудің, жас ұрпақтың бойында прогресшіл түсініктер мен осы заманғы құндылықтарды қалыптастырудың басты тетіктерінің бірі болуы қажеттігін айтты. Осыған байланысты жастар қанаты патриоттық құндылықтар мен прогресс мақсаттарының, дені сау ұлт қалыптастыру идеясын насихаттаудың, мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес пен қоғамдық қызмет саласы үшін осы заманғы және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастырудың негізінде ел жастарын топтастыруға күш салуы керек.

Сөз соңында Н.Ә.Назарбаев ел Президентінің жанынан жастар саясаты жөнінде арнаулы Кеңес құруға шешім қабылдағанын жариялады және Үкіметке жастар саясатының біртұтастығын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 

*****

Мемлекет басшысы Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаянмен кездесті.

Кездесу барысында мұнай-газ және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан-әмірлік тікелей инвестициялар қорын құру, мұнай-химия кешенінің құрылысын салу жайы, Абу-Даби қорының Қазақстандағы қызметі, «Ақтау Сити» және «Абу-Даби – Плаза» жобалары мен басқа да бірқатар бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру мәселесі әңгіме болды. 

*****

Мемлекет басшысы «Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» №33-IV Заңына қол қойды.

 

2009 ж.: Мемлекет басшысы ЕурАзЭҚ бас хатшысы Т.А.Мансұровты қабылдады. Ол Қазақстан, Беларусь және Ресей Кеден Одағын құру барысы туралы, атап айтқанда, үш мемлекетпен барлыққажетті құжаттардың 88% келісілгендігін, бүгінгі таңда қалған құжаттарды келісу бойынша үдемелі келіссөздер жүргізіліп жатқандығын баяндады.

ЕурАзЭҚ бас хатшысы үкімет басшыларының алдағы маусым айында өтетін кездесуінде тағы 6 халықаралық шартқа қол қойылатынын хабарлады. Ағымдағы жылдың соңына дейін мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Кеден одағының кедендік кодекстерін бекітеді деп жоспарлануда. 

*****

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» №160-IV Заңына қол қойды.

Президент сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 21 сәуірдегі №378 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №803 Жарлығына қол қойды.

 

2012 ж.: Мемлекет басшысы Беларусь Республикасында ресми сапармен болып, осы елдің астанасы Минск қаласында Президент А.Г.Лукашенкомен кездесті.

Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайту, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Халықаралық күн тәртібіндегі Қазақстан және Беларусьтің БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және т.б. ұйымдар аясындағы ынтымақтастығы туралы мәселелер келіссөздердің маңызды бөлігіне айналды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдету және көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл жолдары белгіленген мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. 

 

2014 ж.: Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті А.Гүлге Сома қаласының маңындағы шахтада болған жарылыс салдарынан көптеген адамдардың қаза болып, зардап шегуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

 

2015 ж.: Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ.Мәсімовті қабылдап, ол ағымдағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы, индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру қорытындылары, көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның қызметі туралы баяндады. 

 

2017 ж.: Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ оған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары және делегациялары келді. 

*****

Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсімі аясында бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен жұмыс бабындағы кездесулер өткізді.

Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді Форумның табысты ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путинмен және Түркия Республикасының Президенті Р.Эрдоғанмен әңгіме барысында таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындылары талқыланды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкомен және Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевпен, Иран Ислам Республикасының және Малайзия Федерациясының премьер-министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік экономикалық форум төрағасы К.Швабпен жүздесті.

Н.Ә.Назарбаев БҰҰ бас хатшысы А.Гутерришпен әңгімелесті, ол ШЫҰ Астана қаласында өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады.

Испания Корольдігінің Премьер-министрі М.Рахоймен әңгіме барысында Испания Королінің алдағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы нақтыланды.

*****

Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық ынтымақтастық форумына қатысуына байланысты Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында болған кезінде осы елдің Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның бұдан да жоғары деңгейде нығая түсетініне сенім білдірді.

Бұдан басқа, тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады.

Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеу үдерісіне қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен бірге ҚХР Төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының табыстылығын, сондай-ақ АӨСШК халықаралық бастамасының маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшылары сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына ерекше назар аударылды. 

*****

Сол күні Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті.

Кездесу барысында мемлекеттер арасында тауар айналымы көлемін ұлғайту мәселелері, Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективалары, технологияларды және экологиялық тұрғыдан таза заманауи өндірісті дамыту аспектілері, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл орнату жайы талқыланды. 

 

Дереккөз: Akorda.kz

 

Дата события ассамблеи: 
14.05.2019

Back to the list