Этномәдени орталықтар - бірлігі жарасқан Қазақстанның рухани және материалдық байлығы

Этномәдени орталықтар - бірлігі жарасқан Қазақстанның рухани және материалдық байлығы

Елордадағы «Қазақ елі» монументінің ашық алаңында «Ынтымағы елімнің – Елбасының еңбегі!» мерекесі өтті.

Мерекеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан халқы бірлігі мейрамымен құттықтады.

Тәуелсіз еліміздің көк аспаны астында қалықтаған әуенмен, бишілердің көз қызықтырар биімен басталған іс-шараға бұл күні барша халық жиналып, мерекелік концертті тамашалады.

Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени орталықтары мерекелік дастарқан жайып, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барлығын жекедара құттықтап, тағамдардан ауыз тиді.

Ұлттық дастарқанда қазақтың бауырсағы, өзбектің палауы, ұйғырдың мәнтісі, тәжіктің ноны, украиндардың үзбесі, немістердің тәтті тоқаштары, күрдтердің долмасы және көптеген ұлттық тағамдары қойылып, дәмі тіл үйірді.

Сонымен қатар этномәдени орталығының бірқатар өкілдері мерекелік жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Үйғыр этномәдени орталығының жастар қанатының жетекшісі Наргизам Махмудова: «Қазақстан халқын бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, талмас қанат, қажымас қайрат, мөлдір махаббат тілеймін!».

«Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» ӨӨБ Нұр-Сұлтан қаласының филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шамо Фатоев: «Бүгінгі тамаша мерекемен барша халықты құттықтаймын! Әрдайым халқымызға бейбітшілік, өркендеу, бірлік, бар жақсылықты тілеймін!».  

«Злата» болгар этномәдени орталығының төрайымы Ольга Андриевская: «Бүгін керемет күн! Біз жыл сайын атап өтетін мерекеде барша жұртқа ашық аспан, күлімдеген күн көзін, жүректерге жылылық, әр үйде баланың сыңғырлаған күлкісі толы болсын деп тілеймін. Қуаныш пен ақ дастарқанымыз мол болсын. Әр қазақстандық біздегі ең құнды байлығымыз – бірлігімізді сақтай білсін!».

«Polacy» қоғамдық бірлестігінің жастар қанатының жетекшісі Юлия Козловская: «Орталық атынан қазақстандықтарды таңғажайып мерекемен құттықтаймын! Әрдайым елімізде молшылық, тыныштық, бақыт орнасын! Бүгін біз алаңда дастарқан жайып, барлығын құттықтағанымызға қуаныштымыз! Жақсылығымыз арта берсін!».

«Возрождение» неміс қоғамының неміс тілі оқытушысы Эльвира Минор: «Орталықтың атынан барша қауымды Қазақстан халқы бірлігі мейрамымен құттықтаймын! Елімізде лайым тыныштық болсын, халқымыз көркейіп, гүлдене берсін!».

«Лад» РСҚ Нұр-Сұлтан қаласының филиалының төрағасы Николай Шепелюк: «Қазақстан Республикасының жұртшылығын Бірлік күні мерекесімен құттықтаймын! Көк аспанымызды бұлт торламасын, алтын күні жарқырап, қуанышымыз көп болсын. Халқымыздың берекесі арта берсін!».

«Дала өлкесі казактарының одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мария Ерастова: «Бірлік мейрамы құтты болсын! Барша халыққа денсаулық, бақыт, жақсылық тілей отырып, әрдайым еліміз тыныш, аман болсын деймін. Қоғамдаға келісімнің қаймағы бұзылмасын!».

«Оберег» украин бірлестігінің төрайымы Тамара Ширмер: «Бүгінгі жарқын да, маңызды мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Біздің көреген Елбасының арқасында Ассамблеяның шаңырағының астында татулық пен келісімде өмір сүріп отырмыз. Шын жүректен Отанымыздың гүлденуіне тілек білдіремін. Тәуелсіз елдің болашағы – балаларымыз аман болсын. Бүгінгі мерекеде барлық этномәдени орталықтар ұлттық тағамдары қойылған дастарқан жайып отырмыз. Ұлттық өнерімізді паш етудеміз. Мұның бәрі келген көрермендердің игілігі үшін жасалып жатыр. Елімізді достық, тыныштық, бейбітшілік жайласын!».

Мерекелік көңіл-күйге Қазақстан эстрадасының жұлдыздары да қосылып, ән шырқап, мың бұралған бишілер биден шашу шашты. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Back to the list