Астана - Ұлы дала елордасы!

Алаштың ажары — Астана

Жиырма жыл бұрын жұдырықтай жұмылған қазақ баласы Арқа төрінде Астана атты шаңырақты төбеге көтеріп, бір-бір уық болып қадалған еді. Айналасы жиырма жылдың ішінде әлем таныған шаһар ерекше құлпырып, ажарлана түсті. Ал, бүгін кешегі жас, бүгінде бас қалаға айналған Астананың 20 жылдығын тойлауға кірісіп кеттік.

«Көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі өтті

Көшпенділер мәдениетіне арналған «Көшпенділер әлемі» Халықаралық фестивалі 30 маусым мен 1 шілде аралығында «Қазанат» атшабарының аумағындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені жанындағы алаңда өткізілді.

Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған фестиваль аясында орта ғасырлардағы батырлардың бейнесі қайта «тіріліп», ұрыс даласындағы айқас түрлері мен жалпы көшпенділер мәдениеті көрсетілді.

Екі күнге созылған ауқымды шараға Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан мен Қазақстан командалары қатысты.