Атыраулықтар: Ауыл тұрғындарының әл-ауқатына түбегейлі бетбұрыс жасалмақ

Версия для печати

Еліміздің қарышты қадаммен ілгері дамуындағы ғылым-білімнің алатын орнының ерекшелігіне орай жасалатын қамқорлық және материалдық тұрғыда қолдау шаралары әрқашан замана талабына сай болуға тиісті. Сонда ғана әлемдік озық жүйелермен шендесе аламыз.

Өз Отанымыздың, әрбір өңір мен өлкенің шынайы және тағылымды тарихын жоғары талаптар тұрғысында жазуды одан әрі дәйектеу және саралау қажет-ақ.

Бұл ретте Елбасының өткен жылғы бағдарламалық мақаласынан туындаған ынта мен қарқынды бір сәт те төмендетуге болмайды. Мұнда ұлт саулығының да алар үлесі зор екендігі дау туғызбайды.

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру да күн тәртібінен ешқашан түспеуге тиісті басты мәселенің бірі. Ол, түптеп келгенде, мемлекеттің және халықтың бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ететін шешуші тетік болып шығады. Ал, сыбайлас жемқорлықпен күрес ешуақыт тоқтамауға тиіс.

Қоғамда, мемлекетте қалыпты, тұрақты және сенімді жағдайды қалыптастырудың тағы бір өзекті шарты – ол жалпы қоғамдық келісімге қол жеткізу, адамдардың көңіл-күйінің парасатты тұрғыда қалыптасуын мүмкін ету мен әлеуметтік жағдайды үнемі жақсартып отыру, жалпыхалықтық татулық пен ұлтаралық шынайы түсіністіктерге жол беру, қоғамның басты капиталы - адамға жасалар қамқорлықтың деңгейін жоғарылата беру болмақшы. Осындайдан ғана еліміз өркендеу жолынан аумас еді.

Аманғали Әміржанұлы,

Атырау облыстық ҚХА

Қоғамдық келісім кеңесі

төрағасының орынбасары

 

Тікелей эфир арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын тыңдадық. Онда Елбасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне тоқталды.

Елбасы өз сөзінде халықты еңбек етуге шақырды. Сонда ғана табыс молайып, өмір сүру деңгейі көтерілетінін түсіндірді. Халықты жұмыспен қамтып, ел экономикасына үлес қосып отырған бизнес саласына нақты қолдау көрсетілмек.

Жолдаудағы халық табысының өсуін жақсарту жолындағы жеті тапсырмаға негіз болады. Аталған шараларды жүзеге асырар болсақ, қазақстандықтардың табысы артып, тұрмыстары одан ары түзелері сөзсіз.

Елбасы Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттігі де айтылды. Соңғы жылдары жалпы елімізде бұқаралық спортқа жақсы көңіл бөлініп, жағдай жасалуда. Біздің ауданымыздың өзінде көптеген спорт алаңдары пайдалануға берілді. Енді міне Елбасы Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырып отыр. Әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажеттігін айтып отыр.

Әрине спортпен айналысу үшін толықтай мүмкіндік жасалған дұрыс. Себебі спортпен айналысқан адамның дені сау, санасы сергек болады. Ал дені сау адам мемлекетіміздің басты байлығы емес пе?

Елбасы тапсырмасына орай Құлсары қаласы мен ауылдық округтерде спорт кешендері құрылысы жанданады деп сенеміз.

Жүктелген міндет ауқымды, сондықтан ел игілігі үшін жасалатын шаралар тек қана бірлесіп жұмыс жасағанда ғана жақсы нәтижеге жетеді.

Мұстахима Исаинова

Атырау облыстық

Жылыой аудандық

Аналар кеңесінің төрайымы

 

Елбасы Жолдауда халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру мен өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берген екен. Қазіргі кезеңде елімізде халық жағдайының жақсарғаны рас.

Басқаны білмеймін, біздің облысымызда, ауданда, тіпті ауылдарда бір-екі автокөліксіз үй жоқтың қасы. Ел жарыса пәтер салуда.

Десек те, әлі күнге дейін тұрмыс күйі ортадан төмен отбасылар жетерлік. Қамқорлыққа зәру мүмкіндігі шектеулі жандар ондап саналады. Мемлекеттен көрсетілетін жәрдем тұрмыс күйді жақсартуға жеткіліксіз.

Халқымыздың байлар мен кедейлер тобына бөлінуі айқындала түсуде. Дегенмен олар мемлекет көмегін тиімді пайдалану арқылы да табыстарын молайтып отыр.

Байығандардың бәрі бірдей «Қарабай» емес. Ұлы Абай айтқандай, «мейірімді» байлар біздің өңірде де жетерлік. Атамыз қазақ аруақты қастерлеген қазақ қой.

Сондықтан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақылды ұрпағының құлағына құйып өткен. Осы бір керемет қағидалы сөзді бетке ұстаған «Бақай» корпорациясы басшылығы тәуелсіздік жылдары Өтен, Нарынбай, Төремұрат батырлар мен Әжібай би, Бала Ораздың басына кесене орнатуға бастама көтерді. Тарихи тұлғалардың жатқан жері жаңартылып, үлкен ас берілді. Одан кейінгі бітірген үлкен жұмыстың қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы Ақмешітте шырақшыға және онда келушілерге арнап салынған тұрғын мен түнек үйлер. Осы мекенге дейін 12 шақырымдық 4-категориялы жол төсеп, 36 шақырымға созылған газ құбыры тартылды, байланыс мұнарасы орнатылып, Ақмешіт телефон желісіне қосылды.

Одан қала берді, Шоқпартоғай мектебінің жанындағы интернат күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті жиһазбен қамтамасыз етілді. Ауылда 300 адамға арналған Қапан қажы мешіті бой көтеріп, жамағатқа есігін айқара ашты. Сспорт кешені салынды. Ол ауыл жастары мен жасөспірімдерінің спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Шоқпартоғайдан болашығынан зор үміт күттірерлік жас палуандар шықты. Кешен білім бөліміне түпкілікті берілді.

2004 жылы Құрсай өзегі арқылы өтетін жаяу көпірлер салынып, тұрғындар игілігіне берілді. 2015 жылы Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітін кеңейту жұмыстары басталды. Ол бұрынғы 600 орындықтан бір мезгілде 2 000 адам құлшылық жасай алатын үлкен ғибадат орнына айналды. Қазір онда шәкірттерге діни дәріс беретін медресе, кітапхана, діни заттар сататын дүкен, таһаратнама, 500 адамдық асхана, мал сою орны бар.

Дәл осы секілді жұмыстар ауданнан тыс жерлерде де жалғасты.

Елбасы Жолдауындағы негізгі қағидалардың орындалуына осындай жаны ізгі, еңбегі игі азаматтар көптеп қол ұшын берсе, халқымыз көркейіп, мұң-мұқтажға орын қалмас еді деп ойлаймын.

Нұрдәулет Ақназаров,

Атырау облысы Жылыой аудандық

қоғамдық Келісім кеңесінің төрағасы

 

Елбасының қай жылғы болмасын Жолдауларының өзегі ел экономикасын қарышты дамыту мен қазақстандықтардың әл ауқатын одан әрі жақсарту болып келеді.

Биылғы Жолдауда да Н. Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бері жылдарда елімізде атқарылған игі істерге қысқаша тоқтала келіп, қол жеткен табыстарымызды баянды ету, елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосуда алда тұрған міндеттерге жан жақты тоқталды. Ол үшін осы міндеттерді іске асыратын қазақстандықтардың әл–ауқатын жақсартып, әр адамның тұрақты табысы болуы керектігіне назар аударды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, елдің тыныс тіршілігіне қатысты бірде бір мәселе назардан тыс қалған жоқ.

Осыған орай Елбасы Үкіметтің жұмысы 3 бағытта: әлеуметтік сала, инфрақұрылым, қауіпсіздік бойынша жүруі керектігіне назар аударды. Ол үшін 2019 жылдан бастап бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысын 35%-ға, ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есеге өсіруді Үкіметке тапсырды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе ауыл кәсіпкерлігін дамытуға көңіл бөлу біздер, ауыл тұрғындары, үшін аса маңызды. Кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту үшін салықтық амнистия жүргізу, олардың жұмыстарына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жоюды талап етті Елбасы. Бұл сөз жоқ, әрбір қазақстандықтың алаңсыз, табысты еңбек етуіне мүмкіндік туғызады.

Елбасының жылма-жылға Жолдауларының өзегі болып келе жатқан мәселесінің бірі – агроэнеркәсіп кешенін дамыту. Ол тектен тек емес. Президент «Ауыл шаруашылығы Ел экономикасының драйверіне айналуы керек» деген болатын.

Жылма жыл бұл салаға миллиардтаған қаржы бөліне тұрса да, ауыл шаруашылығын аяқтан тік тұрып кетті деуге әлі ертерек. Бұл жағдайды Елбасы Жолдауда «Америкада халықтың 2%-ы ауылда тұрады, ал өндірген ауыл шаруашылық өнімін дүние жүзіне эскпортқа шығарады, бізде 40% халық ауылда тұрады, бірақ 18 млн халықты толық қамтамасыз ете алмай отырмыз» деп айтқан болатын.

Осыған байланысты салада еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есеге өсіруге, ауыл шарушылығын озық жеделдетілген технологиямен дамыту керектігін, ол үшін білікті мамандар қажет екенін айтты. Елімізде аграрлық жоғары оқу орындарын Назарбаев университеті мен әлемдегі озық жоғары оқу орындарының стандарттарына көшіру қажеттігін айтты.

Алда тұрған бұл міндеттерді іске асыру үшін салаға жыл сайын 100 млрд теңге қаржы бөлінетін болды. Бұл біздің өңірімізде де ауыл шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Елбасы биылғы Жолдауда «Күнделікті дүниелер экономикасы» деген жаңа терминологияын айтты. Бұл не? Біз қаншалықты ілгері дамысақ та, әлі күнге дейін күнделікті тұтынатын тауарларды өндіруге мән бермейді екенбіз. Жергілікті жерлерде кейбір қарапайым заттарды өзімізде шығармай, шеттен тасимыз. Елбасы осыны да қою керек деді. Бұл да шағын бизнес өкілдерінің, орта бизнес нысандарының жұмыстарының бір бағыты болуы керек.

Соңғы жылдары қабылданған «7-20-25» бағдарламасы, «Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама», «Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер» бағдарламалары да осы мақсатты көздейді.

«7-20-25» бағдарламасы қабылданғаннан бері қаншама рет осыны іске асыру механизмін жетілдіру бағытында шаралар қолға алынуда. Кеше Елбасы да аз қамтамасыз етілген жанұялар мен бюджет қызметкерлері үшін төленетін алғашқы жарнаның белгілі бір бөлігін ұзақ мерзімге қарыз немесе қайтарымсыз грант түрінде мемлекет өз мойнына алуы керектігін айтты. Ұлттық банк бұл бағытта алғашқы шараларды іске асыра бастады. Бұл да халыққа деген қамқорлықтың бір көрінісі.

Енді осы бағдарламаны қалай пайдалану жөнінде көпшілік әлі білмейді, әсіресе ауыл тұрғындары. Ал банктер бағдарламаны қаржыландыра бастады. Енді осы жұмыстың жариялылығын жетілдіру керек. Ол үшін қаржыландыра бастаған банктер өз қызметкерлерін аудандарға жіберіп, тұрығндармен кездесулер өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізулері керек немесе баспасөз бетінде хабарландыру берулері қажет.

Алға қарай өңірлерді одан әрі дамыту қолға алынбақ, ол дегеніміз жергілікті жерлерде энергиямен жарықтандыру, сумен қамтамасыз ету, жергілікті жолдарды жөндеу немесе жаңадан салу болып табылады. Бұл да, сөз жоқ, ауылдық елді мекендерді дамытып, көркейтуге, ауылда тұратын халықтың тұрмысын жақсартуға деген қамқорлықтың бір көрінісі екені сөзсіз.

Жолдауда жастарға білім беру, әсіресе мектепке дейінгі мекемелерде, орта білім беретін оқу орындарында жұмысты жолға қою, жаңаша ұйымдастыру, жоғары оқу орындарының жұмысын жетілдіру міндеті қойылды. Мүғалімдердің балаларға сапалы білім беруін қамтамасыз етуі мақсатында оларды қосымша жүктемелер мен қоғамдық тапсырмалардан босату, олардың мәртебесін айқындайтын «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» Заң қабылдау тапсырылды.

Ұлт денсаулығы мемлекетіміздің басты басымдықтары болып қала береді. Медицина мекемелерінің жұмысын жетілдіру, ауылдық амбулатория дәрігерлерінің жалақысын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатылап 20%-ға көтеру тапсырылды. Бұл медицина қызметкерлерінің ауылда тұрақталуына оң әсер етері сөзсіз.

Сот жүйесін одан әрі жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту, мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру, мемлекеттік қызметшілер санын реттеу арқылы, олардың жалақысын 2,5 есеге дейін өсіру көзделіп отыр. Олардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларға 7 сағаттан артық жұмыс жасатуға тыйым салынатын болды.

Біздің мемлектіміздің болашағы жастар болғандықтан, оларға жан жақты қамқорлық жасап, қолдау көрсету тапсырылды. Президент 2019 жылды Жастар жылы деп атауды ұсынды.

Жолдауда алда турған мақсаттарымызға қоғамда келісім мен бірлікті сақтай отырып қана қол жеткізуге болатыны айтылды.

Елбасы Жолдауын ауданда тұрып еңбек етіп жатқан барлық ұлт өкілдері қолдайды. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері Елбасы Жолдауын халық арасында кеңінен талқылап түсіндіруге белсенді түрде араласатын болады.

 

Асқар Құрманбаев,

Атырау облысы

Махамбет аудандық

маслихатының депутаты