Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация Кеңесінің Ережесі

Версия для печати

2017 жылғы 7 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясы

медиация Кеңесінің кеңейтілген отырысында мақұлданған

 

 

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация Кеңесінің

ЕРЕЖЕСІ

 

1.Жалпы ережелер

1.Қазақстан халқы Ассамблеясының Медиация кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – ҚХА) жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

2.Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады. 

3.Кеңес құрамы ҚР Парламенті депутаттары (келісімімен), судьялары (келісімімен), мемлекеттік органдар мен қоғамдық медиация ұйымдары өкілдері, адвокаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинеттерінің өкілдері және т.б. қатарынан қалыптастырылады.

4. Кеңестің құрамын ҚХА Хатшылығының келісімімен Кеңес бекітеді.

5. Кеңес төрағасын отырыста Кеңес мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасы болып ҚХА Хатшылығының келісімімен беделді қоғамдық қайраткер немесе белсенді қоғамдық-саяси ұстанымы бар тұлға сайлануы мүмкін.

6.Кеңес төрағасы лауазымы бойынша ҚХА Кеңесінің құрамына кіреді.

 

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

 

7. Кеңестің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мақсатында медиация институтын дамыту болып табылады.

Кеңестің негізгі міндеттері:

– ҚХА қызметі аясында қоғамдық келісім саласындағы медиация бойынша стратегиялар әзірлеу;

– қоғамдық келісім саласындағы медиация бойынша ҚХА құрылымдарының қызметін үйлестіру және жүйелеу;

– медиация бойынша ҚХА құрылымдарының қызметін ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз ету;

– этносаралық қатынастар саласындағы медиация бойынша отандық және шетелдік тәжірибені зерттеу, ҚХА қызметі аясындағы медиация бойынша практиканы жетілдіру;

 – ҚХА құрылымдары үшін этносаралық қатынастар саласында медиация бойынша әдістемелік материалдар әзірлеу;

– этносаралық қатынастар саласындағы медиация бойынша отандық және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту.

 

3. Кеңестің өкілеттіктері

 

8. Кеңес өз құзыреті шегінде:

1) өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға;

2) Кеңес отырыстарында Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға;

3) ) Кеңес құзыретіне жатқызылған нақты проблемалар мен мәселелер бойынша ұсыныстар тұжырымдау мақсатында жұмыс топтарын және комиссиялар құруға;

4) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға;

5) медиацияны нормативтік-құқықтық реттеу бойынша ұсыныстар жасауға құқылы.

 

4. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

 

9. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсан сайын кемінде бір рет өткізіледі.

10. Кеңестің отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілігі қатысқан кезде заңды болады.

11. Кеңестің шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Кеңес мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

12. Кеңес отырыстарына Кеңес мүшесі болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық медиация ұйымдарының, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

13. Кеңес төрағасы:

1) Кеңестің қызметін басқарады және оның отырыстарына төрағалық етеді;

2) күн тәртібін айқындайды және Кеңес отырыстарының хаттамасына қол қояды.

14. Төраға болмаған жағдайда оның міндеттерін төраға белгілеген орынбасар атқарады.

15. Кеңестің хатшысы:

1) Кеңес мүшелеріне отырыстың өтетін уақыты мен орны туралы хабарлайды;

2) Кеңес отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;

3) Кеңес отырыстарының хаттамасын ресімдейді;

4) Кеңес төрағасына қабылданған шешімдерді орындау бойынша атқарылған жұмыс туралы оның мүшелері дайындаған есепті ұсынады;

5) Кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша басқа да функцияларды жүзеге асырады.

16. Кеңесінің жұмыс органы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы болып табылады.

Кеңестің жұмыс органы:

1) Кеңестің қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

2) Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізеді;

3) Кеңес қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

_____________________________________________________________