ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «МЫҢ БАЛА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІСТЕРІН ЕНГІЗУ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГТІҢ ХРОНИКАСЫ. 5 КҮН

Версия для печати

Республикалық семинар-тренингтің 5-күні әдеттегідей дене шынықтырумен және қазақтың ұлттық биі «Қара жорғадан» басталды. Содан кейін, «Ұлытау» мәдени-лингвистикалық жобасының әдіскері Байтілеуова Ғалия «Қазақ тілін ұлттық салт-дәстүрмен ұштастыра беру жолдары» әдістемесі бойынша семинарын бастап кетті.

Ғ. Байтілеуова ұсынған әдістемеде тіл үйретудің натуралды (табиғи) әдістемесі жатыр. Бұл әдістеме күнделікті өмірде жиі қолданысқа түсетін сөздер мен сөз тіркестерін қамтиды. Бұл қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлттық мәдениеті атмосферасына бойлау тәсілімен қазақ тілін үйретудің арнайы әзірленген әдістемесі бойынша тілді еркін сұхбат түрінде меңгеру және оны интуиция деңгейінде қабылдауға бағытталған. Әдістеме бейнелі ойлауды, есте сақтауды және логиканы жетілдіруге септігін тигізетін, топтар арасындағы пікірталастарды, бейнетренингтерді ойын түрінде жүргізуді, суреттерді, пиктограммаларды қолданады. Нәтижесінде тыңдаушы А-1 деңгейін меңгеріп, сөйлеп шығады. А-1 деңгейі 48 сағаттан тұрады.

Бұл күн қазақтың салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарына арналған мәдени-танымдық бағдарламаға толы болды. Осы ретте «Ұлытау» мәдени-лингвистикалық жобасының әдіскері Нұрлан Әміреев қазақ халқының дәстүрлі тұрғын үйі – киіз үй тігу бойынша танымдық шеберлік сыныбын өткізді.

Н. Әміреев «Киіз үй көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келді. Киіз үйдің құрылысы бірнеше бөліктерден, яғни кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, табалдырық, маңдайша, таяныш секілді негізгі бөліктерден тұрады» - деп атап өтті. Жоба қатысушылары киіз үйді тігуге белсене қатысты.

Сонымен қатар, «Ұлытау» жобасының ғылыми жетекшісі Дос Көшім өзге ұлт өкілдерінің балаларына асық ойынының түрлерін үйретсе, жобаның әдіскері Ғ. Байтілеуова қыз балаларға қазақ халқының ұлттық тағамдары құрт жасауды және бауырсақ пісіруді үйретті.