«Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы бастау алды

Версия для печати

19 маусым күні Бурабайда «Қазақтану» жобасының тұсауы кесілді. Сол жерде бірінші жиыны өтіп, алғашқы дәрісі оқылды. Бұл айтулы шараға Ақмола облысының білім, мәдениет саласының өкілдері қатысқан болатын.

ҚХА мен түрлі ғалым, зиялылардан жиналған ғылыми кеңесшілердің бастамасымен "Қазақтану" жобасы жасалып, көрікті Көкшетау өңірінен бастауын алған жобаны қолдаушылар күннен күнге артып келеді. Солардың бірі – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, тарих ғылымының кандидаты Берік Әбдіғали бұл жобаның мән-мақсаты жайлы пікір білдірді:

«Қазақстандағы тұрақтылық мемлекет құрушы ұлтқа, яғни, қазаққа тікелей байланысты. Өйткені, бүгінде басқа ұлттар қазақты терең танып, тілін білсе, қазақ дүниетанымын, тарихын оқып білетін болса, ол елдегі халықтарды біріктіреді. Біздің қоғамымыздағы қарама-қайшылықтың көбісі ең бірінші қазақ тілі мен тарихын, қазақтың мінезі мен сана-сезімін, мәдениетін білмегендіктен туындап жатады. Шын мәнінде біз мемлекет құрушы ұлт, халықтың көпшілігі болғандықтан,  ұлтымыздың асылын жұртқа таныту  қазақтар үшін өте маңызды болуы керек. Сондықтан, бұл «Қазақтану» жобасы – өзге ұлт өкілдері мен қазақтың арасын жақындату, бір ұлтты кеңірек тану тақырыбындағы көлемді жұмыс. Әрине, Қазақстандағы этностар мен қазақтар өзара танысып, бір-бірінің тарихта жүріп өткен жолына қанығып, татулық пен бірлікте өмір сүрсе, елде үнемі тұрақтылық болмақ. Бір-бірін тану, түсінуге ұмтылудың өзі халықтарды жақындастырады. Қазақтың ұлттық құндылығын, дәстүрін насихаттау, қазақтың киелі жерлері арқылы қазақты тануға қызығушылық тудыру – қазақтану жобасының негізі. Сондықтан да біз осы жобаны толықтай қолдап отырмыз. Бұл жобаның мақсатына қазақтың болмысы мен дәстүрін елімізде тұрып жатқан түрлі этностар мен кейбір қазақтардың өздеріне таныстыру да енген. Себебі қазір кей қазақтың өзі салт-дәстүрді біле бермейді, бір салтты әр аймақта түрліше ұстанатынын да көріп жүрміз.  Ал «Қазақтану» – тал бесіктен жер бесікке дейін орындалатын дәстүрлерімізді, қазақы тәрбиені насихаттаудың, күнделікті тұрмыста атқарып жүрген салт-жоралғының бірізділігін табудың жолы, тетігі ғой».

Естеріңізге сала кетсек, жоба аясында еліміздің қасиетті жерлерін аралау мен лекторийлер өткізу жоспарланған. Бұл – уақытша науқан ғана емес, осы салада жүрген мамандардың күнделікті жұмысы. Сондықтан, қазақтың дәстүрін, мәдениетін өзгелерге танытып, тілді насихаттау сынды жұмыстың барлығын кешенді түрде жүзеге асыру көзделген. Елімізде бір жағынан мемлекеттік тіл саясаты орындалып жатса, бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттығымызға қосымша дем беретін шара болып отыр. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.