«Көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі өтті

Версия для печати

Көшпенділер мәдениетіне арналған «Көшпенділер әлемі» Халықаралық фестивалі 30 маусым мен 1 шілде аралығында «Қазанат» атшабарының аумағындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені жанындағы алаңда өткізілді.

Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған фестиваль аясында орта ғасырлардағы батырлардың бейнесі қайта «тіріліп», ұрыс даласындағы айқас түрлері мен жалпы көшпенділер мәдениеті көрсетілді.

Екі күнге созылған ауқымды шараға Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан мен Қазақстан командалары қатысты.

Фестиваль тұжырымдамасы Түркі халықтарының Үлкен құрылтайы моделіне негізделген. Бұл шара Венгрия Халықтық республикасында 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аумағы 7 ауылдан тұратын фестивальдің тұрғындары көшпенділер мәдениетін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар, құралайды көзге атқан мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар мен музыка өнерінің майталмандары сан түрлі қойылымдарымен көрермендерді тәнті етті.

Мұндағы:
• «Ақ мерген» ауылы көшпенділерден келе жатқан көне қару садақпен атудың шеберлерін анықтады;
• «Шабыт» ауылы түркі халықтарының этникалық музыкасымен таныстырды;
• «Тайбурыл» ауылы «Көкпар тарту», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Асау» және тағы басқа ұлттық ойындарды көрсетті;
• «Керуен сарай» ауылы – меймандарға көшпенділердің ас әзірлеу әдісі мен мәзірін ұсынды;
• «Ақ сақа» ауылы «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Асық ату» және тағы басқа көшпенділер ойындарынан жарыс өткізді;
• «Батыр» ауылы дала батырларының ежелгі шайқастарының қыр-сырымен таныстырды;
• «Шебер» ауылы қолөнер шеберлерінің бұйымдарын таныстырып, оларды жасаудың сырымен бөлісті.

Осылайша, жиналған халық көшпенділер мәдениетімен жақын танысып, қатысушылар қойған «action» стиліндегі қойылымдарды тамашалады. Амазонкалардың ерекше өнері де фестивальді тамашалауға келгендердің таңданысын тудырды.

«Арқайым» нео-этнофольклорлық тобы, хомусшы әрі көмеймен ән айтудың шебері Тюрген Кама, «Тұран» этно-фольклорлық тобы, «The Spirit Of Tengri» байқауының лауреаты Юлиана Кривопашкинаның музыкалық шашуы көшпенділер әлеміне толық бойлауға мүмкіндік берді.

Келушілер де атқа мініп, асау үйретуге қатысып, қой көтеру мен тоғызқұмалақтан өткен жарыстарда өз бақтарын сынады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырған шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы, «QazaqGeography» РҚБ, «Asia Waters» компаниясының «Turan» табиғи минералды суы, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС, «Жас Отан» Жастар қанаты серіктес ретінде қолдау танытты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.