1 наурыз - Алғыс айту күні

Версия для печати

 

 

Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид  пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар - сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. 1937 жылы тағдыр тауқыметін тартып, қасиетті қазақ жеріне алғашқы болып корей халқы табан тіреген болатын. Содан кейінгі жылдары Қазақстанға шешен-ингуштар, күрдтер, қарашай-балкарлар, түріктер, татарлар, немістер жер аударған.

1 наурыз - барша этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн. Елбасының Жарлығымен дәл осы күн Алғыс айту күні болып жарияланды. Алғыс айту күні біздің елімізде биыл тұңғыш рет мерекеленді.

Алғыс айту күніне орай Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын болып өтті. Аталған жиынды облыс әкімінің орынбасары Б.Өнербаев ашып, облыс әкімі А.Баталовтың сәлемін жеткізді. Тәуелсіз еліміздің 25 жылда жеткен жетістіктерінің барлығы - еліміздің бірлігінің арқасында болғанын айта келіп, Бахтияр Әлтайұлы сөз соңында барша жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

Түрлі этнос өкілдерінің Қазақстанға жер аударылғандығы, зұлмат жылдардың қасіреті, қазақ халқының асыл қасиеттері туралы ҚХА мүшесі, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А.Идигов айтып берді. Ол озбыр саясаттың кесірінен жапа шеккен халықтар өзінің тарихи Отанынан көшуге мәжбүр болды, діттеген жерге жетпей талайы аштық пен суықтан опат болғанын еске алды.

Бұл жылдар Қазақстан үшін де оңай болған жоқ, алайда, қазақ халқы ашаршылық жылдарын басынан кешірсе де, депортацияға ұшырағандарды өзекке теппей, халқымызға тән кең пейілділігі мен қайырымдылығын көрсетті. Өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қолындағы бір уыс бидай, бір тілім нанымен бөлісті.

Іс-шарада сол кезде аман қалғандардың ұрпақтары сөз алып, қазіргі таңда қазақ елінде бақытты өмір кешіп жатқандықтарын жеткізді. Сөз соңында баяндамашы барлық қазақстандықтарды, облыс тұрғындарын бір-біріне алғыс айтуға, құрмет көрсетуге шақырды.

«Талдықорған корейлері қауымдастығы» ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Ким депортация туралы мәліметтерді келтіріп, еңбекқор корейлердің атынан қазақ халқына шексіз алғысын білдірді.  Сонымен қатар,  облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Сыдық, жастар атынан І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің 3 курс студенті О.Таджиева сөз сөйледі.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты, дарынды өнерпаздар патриоттық әндер мен әр этнос өкілдерінің билерінен шашу шашты, осылайша тағы бір мәрте көп этносты халқымыздың бай мәдениеті мен өнерін көрсетті.    

Қазақ  халқы «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп, орынды айтылған сөзді ерекше қадірлеген. «Өркенің өссін», «бала-шағаңның қызығын көр», «алдыңнан жарылқасын», «таудай бол» деген тілек-ниеттер біздің күнделікті өмірімізге әбден сіңісіп кеткен. Ол сөздерді естігенде бір марқайып, көңілің көтеріліп қалады. Адамнан «рахмет» деген сөз есту жақсы, жоғарыдағыдай тілек есту одан да жақсы. Жақсы істердің бастауы - жақсы сөзден басталады. Бір-бірімізге алғыс айтудан шаршамайық!

   

   

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.