ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ АНАР ӘБЖАНОВА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ 15 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖЕКЕ КӨРМЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРМАҚ

Версия для печати

2017 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің мектеп-интернаттың мұғалімі Анар Әбжанова өзінің 30 жасында-ақ Қазақстанның  Суретшілер одағының мүшесі, көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерді.

Оның алғашқы жеңісі 2006 жылы Астана қаласында «Жұлдыз ай» республикалық балалар шығармашылығы  фестивалінде Гран-При алумен келді. Екі жылдан соң Қазақстанның астанасында «Шабыт» XI – Халықаралық жастар шығармашылығы  фестивалінің «Бейнелеу өнері» номинациясында Гран-При  иеленді.

Алайда Анар Абжанованың  кәсіби табысқа деген жолында раушан гүлдері шашылып жатпады. Ол бала жасынан саңырау болды. Сол себепті сурет әлеміне ену ол үшін өте қиын болды.

Анар ерекше жан. Ол әлемді үнсіз күйінде қабылдайды. Жанары жақсылықты ғана көреді.  Сондықтан болар, оның қылқаламынан туған туындыларының барлығы да сезімге толы тым әдемі дүниелер. Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасының 2017 жылғы жеңімпазы, суретші Анар Әбжанова өзі туралы әңгімелейді.

- Өнерге алғаш аяқ басуыңыз туралы айтып беріңізші…

- Бала кезімнен сурет өнеріне қызығып өстім. Қарындаш пен қағазға деген әуестігім қаз тұрмай тұрып-ақ, еңбектеп жүрген сәтімнен басталған сияқты.   Анамның айтуынша, еңбектеп жүріп, оның сөмкесінен қарындаш іздейтін көрінемін, содан онымен еденді, қабырғаның қолым жеткен тұстарын шимайлап тастайды екем. Анам кейін маған түрлі-түсті суреттері бар кітапшалар бере бастапты. Есейген сәтімде де менің қолымнан қарындаш түспеді.

Суреттің сырын ұға бастаған сәтімде, түрлі мультфильм кейіпкерлерін салып, олардың қимыл-қозғалысын бейнелей бастадым. Менің барлық жұмыстарым басымнан өткерген сәттерім мен өзімнің түйсік-танымыммен байланысты. Отбасым да, өзім де менің суретші болатынымды кішкентай кезімнен ұққан тәріздіміз.

Бойжеткен сәтімде мен сән қумадым, керісінше мойныма фотоаппарат іліп алып, айналамды, табиғатты суретке түсіріп жүретінмін. Бір уақыт тіпті декорация жасау, бисермен өрнектеу, киім тігу секілді шеберлік курстарына да барып, шығармашылықтың бұл түрлерімен де айналысып көрдім. Өздігімнен ағылшын тілін үйрендім. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде 1998 жылдан есту қабілеті нашар балаларға арналған көркемсурет студиясына бардым. Бұл уақытта жеті жаста болатынмын. Мұнда суретшіліктің қыр-сырын, техникасын меңгердім десем де болады. Мектептен кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясына оқуға түстім. Әрине, оқуға түсу кезінде аздаған қиындықтар болды. Алайда, бастысы, өзім армандаған оқуға түстім және менің шын мәніндегі шығармашылық жолым осы жерден басталды. Сурет салғанды жаным сүйеді, сондықтан өзім ләззат алатын сурет салудың қыр-сырын бар ынта-жігеріммен меңгеруге тырыстым. 2004 жылдан бастап халықаралық түрлі конкурстар мен көрмелерге қатыса бастадым.

Анар Әбжановамен болған толық сұқбатты осы жерден оқи аласыздар

Ассамблеяның оқиға күні: 
Жексенбі, 30 Желтоқсан, 2018

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.