Астана қалалық аналар кеңесінің мәжілісі

Версия для печати

Бүгін елордалық «Көмек-Help» әлеуметтік көмек орталығында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшелері қайырымдылықпен айналысатын жандармен және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында елордалық меценаттар мен қайырымдылық жасаушылар алғыс хаттармен марапатталды.

 Астана қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынованың айтуынша, өткен жылдан бастап қайырымдылық қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басты бағдарларының бірі ретінде таңдап алынған болатын. Осы бағыттағы жобалардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру. Л.Құсайынова: «Аналар кеңесі емделуге және материалдық көмекке мұқтаж жандарға жәрдем береді. Елордалық Аналар кеңесінің арқасында Астананың үш ауданында осыған ұқсас кеңестер құрылды. Олар өз құзырындағы кеңестерді бақылап қана қоймай, материалдық көмекке, адами қарым-қатынасқа, өзара көмекке мұқтаж отбасыларды өз қанатының астына алуда», - деп атап өтті.

Елордалық аналар кеңесінің төрайымы Яннат Низамутдинова кеңес жұмысына тоқталды: «Астана қаласының аналар кеңесінде жеті адам қызмет етеді. Біз сондай-ақ аудандар бойынша аналар кеңесін құрдық. Алматы ауданы бойынша Светлана Мұқатаева жауап береді. Есіл аудандық аналар кеңесінің төрайымы – Гүлмира Төлепбергенова болса, Сарыарқа ауданында – Сара Инербаева. Біз аудандық кеңестер жетекшілерімен бірлесе отырып, «Даналық маржаны» атты аналарға арналған клуб құруды жоспарлап отырмыз. Клубтың мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің бала тәрбилеудегі тәжірибелерімен бөлісу». Сөз соңында Яннат Асхатқызы: «Біз титтей еңбегіміз арқылы еліміздегі этносаралық келісімді, өзара құрмет пен толеранттылықты қамтамасыз етуге азғантай болсын үлес қосып келеміз,» - деп сөзін тұжырымдады.

 Бұдан кейін сөз алған «SOS балалар ауылы» бағдарламасының директоры Зәуреш Арыстанова: «Біздің балаларымызға көп жылдар бойы мемлекеттен ғана емес, қоғамдық ұйымдар тарапынан да қолдау жасалып жатыр. Мысалға, «Даймекс» компаниясы мен «ABUS group» ЖСШ көп жылдан бері Балалар ауылында өтетін түрлі мейрамдарға материалдық көмек көрсетіп келеді. Соңғы жылдары олардың қатарына «Билайн» компаниясы да қосылды. Сол үшін оларға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да, әсіресе, жұмыспен қамту саласында әріптестігіміз жалғасады деген үміттемін», - деді.

Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі Астана қ. Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Кеңестің негізгі міндеті отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды тарату жөнінде шараларды жүзеге асыру болып табылады.

   

 

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. +7707-310-53-54

WhatsApp - 7707-310-53-54

E-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.