«Чен-Рю» және «Станичники» халық ұжымдарының 15-жылдығы

Версия для печати

2015 жылдың 23 қазанында Астана қаласындағы «Жастар» сарайында «Чен Рю» вокалдық халық ансамблі мен «Станичники» казак халық хорының Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арнаған есеп беру концерті өтті.

Ұйымдастырушылары Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ болды.

Концерттің басында кәрістер мен славяндардардың ұлттық костюмдерін киген қыздар мен жігіттер кәріс этномәдени бірлестігінің «Самульнори» барабаншылар ансамблінің сүйемелдеуімен мереке қонақтарына нан мен тұздан дәм татқызып, жиналғандардың бәріне тәттіден шашу шашты. Одан кейін, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Құсайынова Л.С. жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйледі. Ол биылғы жылы 15-жылдық мерекелерін атап өткен ұжым басшыларына алдағы уақытта жаңа жетістіктерге жетулеріне және бұдан да өркендей берулеріне тілектестік білдірді. «Біздің осындай тамаша ұжымдарымыздың концерттеріне көрермендер ылғи да осылай көп жиналып, олардан ықыластарын аямасын» - деп қорытындылады сөзін Ләззат Құсайынова.

Мерекеге жиналғандар «Астана қаласы кәрістерінің этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің және «Лад» Республикалық  славяндар қозғалысы Астаналық филиалының шығармашылық ұжымының тартымды да мазмұнды концертін қызыға тамашалады.

Кәріс этномәдени бірлестігінің ең кішкентай өкілдері - «Миссон» ансамблінің кіші тобы орындаған «Қуыршақтар биі» де көрермендер ықыласына бөленді. 5-6 жастағы кішентай бишілер сахнаға алғаш рет шығып тұрса да, кәдімгі бишілердей өнер көрсетті. Сондай-ақ, кәріс мәдени орталығының Астана қаласы ардагерлер хорымен бірігіп, мемлекеттік тілде орындаған «Шолпан-Шолпан» әні де көпшіліктің көңілінен шықты.

«Лад» РСҚ астаналық филиалының «Станичники» халық хоры кішігірім музыкалық спектакль көрсетті деп те айтуға болады. Концерттің бағдарламасына негізделген әрбір әнді нақышына келтіріп айту – осы өнер ұжымының өзіндік ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Бүгінгі кеште де хор көріністермен сүйемелденген, ескі саптық және казак әзіл әндерін көрермендерге тамаша жеткізе білді.

Мерекелік бағдарламаның соңында «Чен-Рю» және «Станичники» халық ұжымдары «Қазақстан» әнін орындады.

***

Халықаралық фестивальдер мен республикалық байқаулардың лауреты -«Лад» Республикалық славяндар қозғалысы астаналық филиалының «Станичники» казак халық хоры 2000 жылдың тамыз айында құрылған. Н.А.Иванованың жетекшілігімен хор елорданың, Степногорск, Алматы қалаларының, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының, сонымен бірге, шетелдердегі Феодосия (Украина), Смоленск және Мәскеу (Ресей), Үндістан Республикасының 120 000-дай көрермені тамашалаған 200-ден астам жеке концертін берді.

«Астана қаласы кәрістерінің этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің «Чен Рю» вокалдық халық ансамблі 2000 жылдың қараша айында құрылған. Ансамбль репертуарында қазақ, кәріс және орыс тілдерінде орындалатын 30-дан астам әндер бар. Л.Б.Хамзина жетекшілік ететін бұл ұжым қалалық, республикалық іс-шараларға, фестивальдерге, байқауларға белсене қатысып, көптеген марапаттауларға және алғыс хаттарға ие болып жүр.

___________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. +7707-310-53-54

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.