Елордада ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл тойланды

Версия для печати

9 ақпан күні елордалық М.Горький атындағы мемлекттік орыс драма театрында Астана қаласының кәріс этномәдени бірлестігі ұйымдастырған ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі тойланды.

Ай күнтізбесі бойынша келетін Жаңа жыл (Сольналь) – кәріс халқының ерекше маңызды дәстүрлі мейрамдардың бірі болып саналады. Бұл мейрам олар үшін мән-мағынасы жағынан тіпті 1 қаңтардан да маңызды болып есептеледі. Мейрам күндері көптеген коммерциялық мекемелер уақытша жұмысын тоқтатып, адамдар бірнеше күн демалады. Кәрістер бұл күндерді отбасы мен ағайын-туманың жанында өткізу үшін туған жеріне сапар шегеді. Сольнальда адамдар ертерек ұйқыдан тұрып, әдемі болып жүруге тырысады. Дәстүр бойынша отбасының үлкеніне бас иіп құрмет көрсету рәсімін жасау керек, бұл олардың бір отбасы мүшелері екенін білдіреді.

Мерекелік кеште сөз алған Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Чо Енг Чон: «Жаңа жыл – бұл ерекше мейрам. Біз оны жаңару, жаңғыру мезгілімен байланыстырамыз. Сол себепті, осы жерде жиналған сіздерге, сіздердің жақын адамдарыңызға  және барша жұртшылыққа алдағы өмірде сәттілік,  жұмыста жетістік және отбасының амандығын тілеймін», - деп, жиналған қауымды мейраммен құттықтады.

Жиынға қатысқан ҚР Сенат Парламентінің депутаты Георгий Ким: «Осы жерге жиналған баршаңыздың атынан Астана қаласы кәріс этномәдени бірлестігі басшылығына және қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Біздің осы жерге жиналып отырғанымыз сіздердің орасан зор еңбегіңіз бен қажырлы қайратыңыздың арқасы. Әрбір мейрам өмірімізге сән беріп, бәрімізді бір арнаға тоғыстырады, түрлі қиындықтар мен сынақтарды жеңе білуге үйретеді», - деп атап өтті.  

Астана қаласы кәріс этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак: «Биыл бірінші рет тойланғалы тұрған «Алғыс айту күні» қарсаңында кезінде түрлі этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алған қазақ халқына, қазақ жеріне үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Қазір біз бәріміз осы елдің тең құқылы азаматтарына айналдық. Сондай-ақ, бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанымыз үшін барлық этнос өкілдеріне алғысымды білдіремін. Бүгінгі мерекелік концерт сіздерге арналады», - деп ізгі тілегін білдірді.

Ресми құттықтау сөздерден кейін «Самульнори» барабан ансамблінің орындауындағы әсем күймен мерекелік жаңа жылдық концерт басталды. Концерттік бағдарлама әсем ән мен биге толы болды. «Миссон» кәріс би ансамблі келген қонақтарды назды биімен таңқалдырса, «Чен-Рю» халықтық вокал ансамблі залды ерекше әнге тербеді. Ал, «Миссон» ансамблінің кіші тобының орындауындағы нөмір кештің нағыз сәні болды.

   

 

_____________________________

Астана қаласы әкімідігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. +7707-310-53-54

WhatsApp - 7707-310-53-54

E-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.