Қалалық қоғамдық келісім кеңестерінің кеңейтілген отырысы

Версия для печати

Астана қаласы қоғамдық келісім кеңестерінің кеңейтілген отырысы 2016 жылғы 31 наурызда қалалық әкімдік ғимаратында өтті. Жиында елорданың әлеуметтік-саяси ортасына қоғамдық келісім кеңестері институтын енгізу тетіктері талқыланды.

Алқалы жиынға қоғамдық келісім кеңестерінің және Астана қаласы ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Отырыс барысында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, Астана қаласы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов, «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Зейнолла Шибкенов және Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшы-медиаторы Қайрат Төкебаевтар баяндама жасап, 2016 жылдың келесі тоқсанына арналған жоспарларымен бөлісті.

Жиында сөз алған Ләззат Құсайынова Қоғамдық келісім кеңестері ең алдымен, жергілікті жерде және тұтастай қала бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясына қоғамдық келісім мәселелерін шешуге және Ассамблеяның алдына қойған мақсат-міндеттерін іске асыруға жәрдемдесу мақсатында құрылғанын атап өтті.

Кеңестің бүгінгі таңдағы рөлі мен міндеттері жөнінде Астана қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов айтып берді. «Қоғамдық келісім кеңесі – бұл жұмыс істемейтін, ешкімге қажеті жоқ кезекті комиссия емес, керісінше дәл қазір іске қосуды қажет ететін маңызды тетік. Астана қаласы бойынша ірі кәсіпорындар негізінде үш қоғамдық келісім кеңесі құрылған болатын. Олар «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКМ және «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС»-нің қоғамдық келісім кеңестері. Бұл кеңестердің алдында тек кәсіпорын шеңберінде ғана емес, жалпы аймақ бойынша  тұрақтылықты, азаматтық татулықты, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту міндеті тұр», - деді Ә. Әлпейісов.

Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ Қоғамдық келісім кеңесінің төарағасы Зейнолла Шибкенов: «Вагон жөндеу зауытында азаматтық қоғамды біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басшылық ұстанып отырған саясат ұжымдағы келісім мен бірлікті сақтауға бағытталған. Зауытта қалыптасқан жағдайға үнемі талдау жасалып, әлеуметтік кикілжіңдердің алдын-алу және шешу бойынша ұсыныстар әзірленуде. Ұжыммен өткізіліп тұратын жиі-жиі кездесулер, кәсіподақ және жастар ұйымдарымен жүргізілетін жұмыстар ұжымдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға көмектеседі.

Ардагерлер кеңесімен де жұмыстар атқарылып жатыр. Айта кету керек, бізде 78 ардагер бар. Біз оларды жыл сайын басқосуға шақырып, байланысымызды үзбеуге тырысамыз. Биыл зауыттың іске қосылғанына 75 жыл толады. Алайда, 2015 жылғы қарашадан бері жұмыс мөлшері күрт азайып кетті. Сөйтіп, зауыт жұмысшыларының саны 540-тан 310-ға азайды. Сондықтан бұл біз үшін жан ауыртарлық мәселе. Десек те, біз мейлінше жұмыс мөлшерін арттырып,  ұжымымызды сақтап қалуға тырысып жатырмыз».

Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіндегі медиацияны дамытудың болашағы туралы Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшы-медиаторы Қайрат Төкебаев баяндады: «Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация бағытын дамытуда көп этносты Қазақстан халқының зор әлеуетін пайдалана алады. Әдетте, дау-жанжал туындаған жағдайда халық ақсақалға, елге сыйлы азаматқа жүгінген. Соның нәтижесінде дау-жанжал сот органдарына жетпестен шешілетін болған, оны «түп тамырымен жою» деп атайды.

Бүгінгі көрсеткіш бойынша Астана қаласында алты кәсіби емес медиатор тіркеуге алынды. Олардың бесеуі Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының тарапынан тіркелгендер. Олардың ішінде Низамутдинова Яннат Асхатовна, Берёза Альфия Ибрагимовна және Загидулина Нурия Рафхатовна «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығынан, Шварц Елена Андреевна – «Возрождение» неміс қоғамынан және Төкебаев Қайрат Орақұлы – «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері ретінде тіркелген. Бұдан бөлек екі үміткер («Хазар» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің өкілдері) аудандық әкімдік тізіліміне тіркеуге тұру үшін өтініш беріп, құжаттарын жинап қойды».

Өз сөзінде Қайрат Орақұлы «Қоғамдық келісім» КММ жанынан ашылған медиация кабинетіне екі ай ішінде құқықтық сипаттағы түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға 21 азаматтан өтініш түскенін атап өтті. Түскен өтініштердің арасында этносаралық сипаттағы даулар жоқ. Бұл ұлтаралық тұрақтылық пен келісімнің жақсы көрсеткіші болып саналады.

Отырыс барысында сондай-ақ, қоғамдық келісім кеңестерінің елордадағы қызметін жандандыру мен дамытудың түйткілді мәселелері, оның келешегі мен институционалдық тетіктеріне қатысты мәселелер талқыланды.

   

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.