Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара

Версия для печати

Биылғы жылдың 1-қазаны күні қаладағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде» Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өткізілді. Оған республикалық ардагерлер кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, аталған іс-шарадан ақпарат тарату үшін БАҚ өкілдері қатысты.

 

Іс-шара ұйымдастырылған орындағы мекеме басшысы Кенжеболат Бәпішев өз сөзінде қазір мұнда 317 адамның тұрып жатқанын атап өтіп, ардагерлерге әрдайым қамқорлық көрсетілетініне сендірді. «Бүгін үлкен мереке. Біз әрдайым үлкендерге құрмет көрсетуді естен шығармаймыз. Тек осы күні ғана емес, оларға деген ыстық ілтипат ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Өйткені, олар өміріміздің жарқын болуына ерекше үлес қоса білді. Қарттыққа қадам басқанымызда, кейінгілер де біз туралы осындай жылы сөз айтуы қажет», - деді мекеме басшысы сөз орайында.

К. Бәпішевтің сөзінен мәлім болғанындай, мекеме қызметкерлері қарттарға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келе жатыр екен. Сондықтан мекеме басшысы оларға да алғыс айтуды ұмыт қалдырмады.

  

Қаладағы барлық іс-шараның жоғары деңгейде өткізілуіне бір кісідей атсалысып жүрген қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы қызметкерлері бұл жолы да қарттар ортасында болып, олардың көңілдерін серпілтіп тастады. «Бүгін біз мерекеге қатысуға емес, сіздерге лайықты құрмет көрсетуге келдік. Жалпы, сіздердің тәуелсіз Қазақстанды өркендетуге қосқан қажырлы еңбектеріңізді халқымыз ешқашан ұмытпайды. Әрбір күніміз арайлап атып, өздеріңізге қуаныш сыйласын, қадірлі қарттарым!»,-деді ерекше толқып Гүлнәр Тайгокова.

 

Г. Тайгокова сөз соңын ала мекеме директоры К. Бәпішевке ел Президентінің атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Рухани келісім, достық пен ұлтаралық бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны және гуманитарлық мұраттарға адал болғаны үшін» деп жазылған Алғыс хатын табыс етті.

Мерекелік іс-шара шеңберінде ардагерлер, оларға қалтқысыз қызмет жасаған мектеп оқушылары мен мекеме қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Ардагер» аллеясына гүл шоғын қойды.

Жиын соңында этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен мерекелік концерт өткізілді.

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

тел: +7707-310-53-54

WhatsApp-8-777-310-53-56

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.