«Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асырудағы жастардың әлеуеті

Версия для печати

25 қаңтар күні Астана қаласының әкімдігінде өткен дөңгелек үстел отырысында «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асыру мәнмәтінінде жастарды рухани-адамгершілік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, дін және мемлекеттік органдар өкілдері, оқу орындары мен Астана қаласындағы қоғамдық бірлестіктер өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты мен студент жастар қатысты.

Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен Астана қаласы «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелдің мақсаты – жастарды рухани-адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу жөніндегі ұсынымдар әзірлеу, балалармен және жастармен жұмыс істеу әдістерін жетілдіру.

Мәжіліске қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудағы жастардың әлеуеті, діни экстеризмге қарсы әрекет жасаудағы жастар ұйымдарының рөлі, отбасылық, ұлттық құндылықтардың маңызы, сондай-ақ рухани-адамгершілік бастауларын өскелең ұрпақ санасына сіңіру механизмі ретіндегі ұрпақтар сабақтастығы жайында сөз қозғады.

Жастарды ынтымақ пен ұлттық келісімге, өз халқы мен өзге этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу қажеттігі жөнінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Яннат Асхатқызы Низамутдинова айтты. «Бүгінгі таңда отбасылық тәрбие – ұлттың интеллектуалды, рухани, мәдени қайта жандануына айтарлықтай үлес қосады», - деп атап өтті ол.

Діндерді зерттеу орталығы қауымдастығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Юлия Денисенко өз кезегінде неліктен жастардың экстермистік ұйымдар мен жат ағымдардың жетегіне тез ілескіш болатынын түсіндірді. «Қоғамның өзге топтарымен салыстырғанда жастар өте белсенді әрі көп жағдайда денсаулығы мықты болып келеді. Аталмыш  ағымдар оларға сондықтан да қызығады. Өйткені бұл ұйымдарға қосылған жастар оның өркендеуіне күш салады. Өздерімен қоймай, өз отбасылары мен балаларын да әкеледі», - дей келе Ю.Денисенко аталған мәселенің өз пайымындағы шешімін ұсынды: «Менің ойымша, жастармен жастар ғана тиімді жұмыс істей алады. Сол себепті, қазіргі таңда біздің қауымдастықта Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен осы мәселеге қатысты нақты жоспар жасалды. Осы жоспардың аясында жастардың арасынан спикерлер даярлауды көздеп отырмыз. Жоғары оқу орынында, этномәдени орталықта немесе жастар ұйымдарында қандай дәріс оқу керектігін ғана емес, аудиториямен дұрыс жұмыс жасауға, дұрыс сөйлеуге үйретіп, керекті материалдармен қамтамасыз етеміз».

Юлия Денисенконың айтуынша, дәріс оқушылар білімін жетілдіру курстарына үнемі қатысып, тиісті куәлік алады, сондай-ақ семинарлар мен тренингтер өткізіп тұрады және жұмысының нәтижелерін арнайы сайттар мен әлеуметтік желілерде жариялайтын болады.

«ҚазАльянс» ҚБ атқарушы директоры Гүлмира Ескендір өз сөзінде: «Жаһандану жағдайында жастар үшін бұқаралық ақпарат құралдарындағы неше түрлі деструктивті материалдар, арзан ақпарат көздері қолжетімді әрі бақылаусыз болып келеді. Сондықтен, егер адамның санасында бала кезінен бастап нақты құндылықтар жүйесі қалыптаспаған болса, ол бұл ақпараттарды қалай реттеу керектігін білмейді. Нәтижесінде ол әлсіз болып, жат ағымдардың жетегінде кетеді», - деп атап өтті.

«Осыған байланысты, «ҚазАльянс» бірлестігі Қазақстан жастарын рухани-адамгершілікке тәрбиелеу ісіне, соның ішінде тәрбие беру ісін нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуге ұсыныстар енгізу, заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдана отырып ақпараттық қамтамасыз ету, тәрбие беру ісін ұйымдастырудағы үздік шетелдік тәжірибені анықтап, зерттеп, кеңінен тарату, тәрбие беру ісіндегі, оны басқарудағы жаңа технологияларды игеру, түрлі санаттағы балалармен, жастармен тығыз жұмыс істеу арқылы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету мәселелерінде жәрдемдесуге, қолдау көрсетуге дайын. Біздің тәжірибеміз – «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорымен әріптестік жасау. Соның нәтижесінде шетелде оқитын студенттерге психологиялық көмек көрсететін қызмет құрылды», - деп сөзін қорытындылады Г.Ескендір.

Жастарға арналған бүгінгі таңдағы өзекті жобалар туралы Астана қаласы жастар мәслихатының депутаты, Media Innovation Group лингвистикалық академиясының директоры, Көшбасшылық академиясының оқытушысы Ақерке Берлібай айтып өтті. «Еліміздегі барлық жастар ұйымдары, «Жас Отан» жастар қанаты мен «Жас Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер қозғалысынан бастап, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарға дейін өздерінің негізгі мақсаты жастарды рухани-адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу деп біледі».

Ақерке Берлібай екі жоба туралы толығырақ айтып берді. Оның бірі жақында ашылған Media Innovation Group лингвистикалық академиясы. Онда шетел тілін оқытудың тиімді әдісі жасалған. «Бұл жобадағы біздің басты міндетіміз тілді үйрету емес, тілді қолдана білуге үйрету», - дейді А.Берлібай.

Екінші жоба – Көшбасшылық академиясы. Жоба аясында ұлттық компаниялардың, мемлекеттік және бизнес құрылымдарының басшыларымен кездесулер ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, теринингтер өткізу және т.б. қарастырылған. «Академияда 2015 жылдың ішінде қаланың барлық оқу мекемелерінен (мектептерден бастап, жоғары оқу орындарына шейін) 400-ден астам адам оқу курстарынан өтті. Қатысушылар «Бизнес» бағытында өте жақсы нәтиже көрсетті. Олар өз бетімен бизнес-жоспар дайындап, 3 ай мерзім ішінде 4 млн. теңгеден астам кіріс тапты. Бұл Академия оқушылары іс жүзінде көрсеткен нақты нәтиже», - деді А.Берлібай.

Дөңгелек үстелге қатысушылар бүгінгі таңда жастардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысуы үшін жанжақты жағдайлар жасалған, жастармен жұмыс жасаудың жаңа әдістері енгізілген деген пікірге келді.

   

_____________________________

Астана қ. әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі:

тел. +7707-310-53-54 (87784301818)

WhatsApp - 7707-310-53-54

E-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.