«Қазақстан халқының ұлттық ойындары» фестивалі

Версия для печати

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында 8 - 10 маусым аралығында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының  ұйымдастыруымен «Таубұлақ»  туристік базасында  «Қазақстан халқының ұлттық ойындары»  фестивалінің облыстық туры өтті.

Оған  этномәдени орталықтардың төрағалары мен белсенді жастары, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Мақсаты – өзге  этнос өкілдерін ұлттық спорт және ойын түрлерімен таныстыру, оның мәнін, ұлттық маңыздылығын ұғындыру, элементтерін үйрету, ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтына баулу; жастарды  алдыңғы ұрпақтың ұлт денсаулығын сақтау бойынша тәжірибесімен және салт-дәстүрлерімен таныстыру.

Ұлттық ойындар – халқымыздың өмірімен бірге дамып келе жатқан  мәдени жетістіктерінің маңызды бір саласы.

Олар – ата бабамыздан бізге жеткен асыл қазынамыз. Бұл ойындарды ежелде ата-бабаларымыз тойларда, жиындарда, үлкен мерекелерде ойнаған. Ұлттық ойындар осылайша атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесінің көрінісі де болған.

"Таубұлақ“ туристік базасының әсем табиғатын тамашалаған қатысушыларға  „Бұрқанбұлақ“ сарқырамасы, „Әулие тас“ және тау етегіндегі мұзды қар ерекше әсер қалдырды. Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Тұрсынбайұлының  бұл тамаша жерлердің ерекшелігі, пайда болуы жайлы аңыз – әңгімелері қызығушылық туғызды.

10 мамыр күні сағат 9:00-де тоғызқұмалақ, шахмат, шашки, қол күресі, арқан тартыс, бұқа тартыс, дартс ойындары бойынша жарыстар өткізіліп, қорытындысы шығарылды.            Қазақтың ұлттық ат спорты жарыстары бойынша да жақсы ойын көрсетілді.                                             

Жарыста облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, „Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығының“ директоры Т.Қасымберкебаев, қаламыздағы Ленин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Б.Молғаждаров төрелік етті.

Қыз қуу — қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ол елімізде кеңінен тараған ұлттық  ат ойыны тобына жатады. Сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны, ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін оншама өзгеріссіз жеткен. Бұл жарыс түрі бойынша Достық үйінің қызметкері А.Тәңірбергенова мен Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүр орталығының мүшесі А.Қожақов тамаша „қыз қуу“ ойынын көрсете білді.

Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады). Бұл жарыс түрінде Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүр орталығының мүшелері Н.Ахметбеков пен С.Жарылқасынов тамаша ойын үрдісін көрсете білді. Нәтижесінде Н.Ахметбеков жеңіске жетті.

Теңге алу - ертеден келе жатқан ойындардың бірі. Теңге алу де ат спортына жататын ойынның бірі. Бұл жарыста Р.Көлбаев өзінің ептілігі, жылдамдығымен көзге түсті.

Қатысушыларға ерекше әсер қалдырған қазақтың алтыбақан ойын-сауығы. Алтыбақан басына жиналған берекесі мен бірлігі жарасқан облысымыздың этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, алтыбақан теуіп, өз тілдерінде халық әндерін шырқады.

«Полония» поляк ортағының төрағасы Е.Порсева, Қазақ мәдениеті салт-дәстүр орталығының төрағасы С.Шыныбаев, мүшелері А.Қожақов, Н.Ахметбеков, Достық Үйінің қызметкерлері Ю.Спирченко сырнай, домбыра аспаптарының сүйемелдеуімен қазақтың халық әндерін шырқады.

Осы күні түстен кейін жарысқа қатысушылар волейбол, асық ату, мини футбол, көңілді эстафеталар ойындары бойынша күш сынасты.

Фестиваль қорытындысы бойынша мынадай нәтижелер көрсетілді:

Тоғызқұмалақ ойыны бойынша  С.Шыныбаев, Б.Дюсембаев; Шахмат ойыны бойынша: Б.Әбілпейісов, Д.Тойболдин; Қол күресінен: С.Жарылқасынов, А.Хаметов,  Н.Ахметбеков; Шашки ойыны бойынша: Б.Молғаждаров,  Е.Порсева,  М.Әділбек, Дартс ойыны бойынша: Е.Порсева,  К.Кузнецова, И.Касанова, Арқан тару бойынша: „Күміс тамыр“ облыстық қытай ЭМО,  „Видергебурт“ облыстық неміс орталығы, Бұқа тартыс ойыны бойынша: Б.Дюсембинов, А.Хаметов,  А.Барлыбеков, Асық ату ойыны бойынша:

Д.Тойболдин, А.Барлыбеков,  Н.Владимиров, Волейбол ойыны бойынша:  облыстық орыс орталығы,  „Полония“ облыстық поляк ЭМО; Мини футболдан: Қазақ мәдениеті мен салт дәстүр орталығы,  Достық үйінің құрама командасы, Көңілді эстафета бойынша: Достық үйінің құрама командасы,  ЭМО құрама командасы жеңімпаз атанды.

Жарыс аяқталған соң облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Г.Тұрсынбай мен „Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығының“ директоры Т.Қасымберкебаев жеңімпаздарды, сондай - ақ белсенділік танытқан ойыншылар Мақтау грамоталарымен,  бағалы сыйлықтармен марапаттады.  

 «Қазақстан халқының ұлттық ойындары» халықаралық фестивалінің облыстық туры жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. 

Ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты, ептілікті, тапқырлықты, табандылықты, байсалдылықты, мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдығын, білек күшін қажет ететін қазақтың ұлттық ойындары халқымыздың денсаулығын нығайтуға, адамның икемді де епті, күшті де төзімді болып   өсіп жетілуіне зор пайдасын тигізетітіне сеніміміз мол.

   

   

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.