Қазақстанда Алғыс айту күні қалай пайда болды?

Версия для печати

2015 жылғы 23 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІІ сессиясы ашылып, «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбының мазмұнында өткен болатын. Маңызды іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев солақай саясаттың кесірінен туған жерінен жыраққа жер аударылған халықтардың тағдырын баяндап сөз сөйледі.

«Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», – деді Президент.

Назарбаев өмірінің алғашқы жастық кезеңдерінде мұндай тарихи оқиғаларды өз көзімен көргенін, сондықтан тағдыр тауқыметімен жер аударылғандарды мейірбан қазақ халқының қалай қарсы алғанын жақсы білетінін айтты.  «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті», – деді ол.  

Президент осы шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне байланысты 1 наурызды барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе деген ұсынысын айтты.

Ал 2016 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгенін айтып,  1 наурыз – Алғыс айту күнін ресми түрде жариялады.  Осыдан бастап қазақстандықтар мейірім мен татулыққа шақыратын ғажайып мерекені атап өтуді бастап кетті. Жаңа мерекенің ерекше дәстүрі «Мәңгілік Ел» тұрғындарын бір мақсат пен бір мүдде жолында ұйыстыратын қазақстандық ортақ құндылықтарды белгілейді.

Алғыс айту –атамекенінен еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың құтты қоныс, қасиетті қазақ жері мен қазақ халқының қонақжай қалпына шынайы тағзымның белгісі.

Бұл – тыныштық пен үндестік, ынтымақ пен татулық, береке мен бақыт, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған қазақстандық саяси жолдың салтанатты көрінісі.

Алғыс айтудың қазіргі таңда мәні тек аймақтық, жергілікті шеңберден асып, әлемдік маңызға ие болуға тиіс. Әлемнің көптеген елдерінде  тыныштық кетіп, қақтығыстар болып жатқандықтан, дәл бүгінгі таңда  планета тұрғындары бір-біріне қолдау көрсетуі аса қажет-ақ. Ол үшін бұл мереке әр шаңырақта, әрбір отбасыдан басталғанда жарасым табады. Алғыс айта отырып, кешірім сұрау, кешу жағы да ұмыт қалмауға тиіс. «Егер өкпе-реніш болса, көңілге тиетін сөздер айтылса бұл күні кешіруге болады. Бүгін мен таңертең әріптестерімнен ренжітіп, сөккен болсам кешірулерін сұрадым», – деген болатын алғашқы Алғыс айту күнін тойлаған сәтте елбасы.

АҚШ және Канада халықтары Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтеді екен. Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін 1789 жылы «Ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ұсынатын болған.

Заманның қиын-қыстау шағында туы жығылып, тауы шағылған басқа халықтар үшін жылы мекен, ыстық ұя болған қазақтардың қамқор пейілі мен оларға әрдайым алғыс білдірген өзге ұлт өкілдері адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналып келеді. 

Дата события Ассамблеи: 
Бейсенбі, 1 Наурыз, 2018

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.