«Қазақтану» мектебінің қызықты сабақтары

Версия для печати

Петропавлда Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан жуырда ғана ашылған  «Qazaqtany» мектебі этномәдени бірлестік өкілдері үшін «Тіл шебері» байқауын ұйымдастырды.  

Бұл шара шахар сыртындағы демалыс орындарының бірінде, табиғат аясында өтті.  Байқауға қатысушылар ә дегеннен ақ  бір бірімен қазақша амандасудан бастады. Бұл бекер емес, өйткені қазақ халқы қай уақытта болмасын өз қонақжайлылығымен ерекшеленген,  қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып, күтудің салтын жақсы біледі. Сондықтан, олардың әдет-ғұрпы және дәстүрімен танысамын дегендер ең алдымен қазақша амандасу мен сәлем қайтаруды меңгерулері қажет. Бұны сайысқа қатысушылар облыстық  «Қазақтану» мектебінің алғашқы сабағында өткен екен,  енді сол жерде алған білімдері  сынға салынды.

«Urpaq»  қазақ мәдени-ағарту орталығы» қоғамдық бірлестігінің  төрайымы Гүлбахша Мұсабаеваның атуынша, енді әр сабақтан кейін осындай ойын түрінде практикалық  тәжірибелер өтіп тұрмақ. Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінде үлкен мән-мағына жатыр. Мәселен, қуаныш айғағына айналған шашу молшылықты білдіреді екен. Осылайша, жиналғандар көңілді форматта білімдерін арттыру мүмкіндігіне ие болды.

«Қазақтану» сабағына келгендер екі командаға бөлініп, берілген тапсырмаларды жылдам әрі тиянақты орындау үшін топ болып жарысты.  Алдымен, құрамаларға берілген сөздерден сөйлем құрау қажет болды. Бұны қос команда да уақытында орындап шықты.

Осы шараға қатысқан  «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының белсендісі Лилия Гизатуллинаның айтуынша,  оның қазақ тілі пәні бойынша деңгейі жоғары болмағандықтан , ассамблея жанынан ашылған мектепке әдейі келіпті. Біраз сөздерді есіне түсірген ол  алдағы уақытта да білімін  арттыру үшін осындай  шараларға ұдайы атсалысып тұрмақ.  Бастысы – ынтаның болуы деп санайды ол. 

«Қазақтану мектебі» жұмысын тек қыркүйек айында ғана бастаған.  Алайда оған өзге ұлт өкілдері тарапынан қызығушылық көп екен. Мектепте  басымдық  сөздерді жаттап, сөйлем құрауға беріліп отыр. Апта сайын этномәдени бірлестік өкілдері бас қосып, жаңа тақырыпта білімдерін нығайтатын болады. Ал, мамыр айында қазақ халқының тілін меңгеріп, салт-дәстүрімен танысқандар мектептен түлеп ұшпақ. Шара  соңында белсенділік танытып, тапсырмаларды тиянақты орындап, сұрақтарға мүдірмей жауап бергендер медаль және кубоктармен марапатталды.

 

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.