Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлеу технологиясы

Версия для печати

2017 жылдың 30-31 наурыз күндері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлеу технологиясы» тақырыбында екі күндік әдістемелік семинар-тренинг өткізілді.

Семинар-тренинг Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауларын және Ұлт жоспары – «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» аясында этносаралық қатынастарды және этносаяси жағдайды зерттеу жұмыстарын әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және кадрлық жағынан қамтамасыз етуді жетілдіру, ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша қолданбалы ұсынымдар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды.

Лекторлар ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы мамандары, Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің профессор ассистенттері, үкіметтік емес ұйымының өкілдері, тілшілер шақырылды, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мамандары ғалымдардың сұрақтарына жауап берді.

Тыңдаушылар ретінде этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттейтін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, ҚР БҒМ ҒК М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істер комитеті, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының мамандары қатысты.

Әдістемелік семинар-тренинг жұмысы кезінде мемлекеттік саясат үшін ғылыми зерттеудің міндеттері және тәжірибелік нәтижелері; жабық этностық топтармен жұмыс барысында кездесетін негізгі мәселелер; ғылыми зерттеу нәтижелерін ақпарат құралдарында жариялау технологиялары сынды мәселелер ашылып көрсетілді, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласында ғалымдардың интерактивті дискуссиясының жүргізілуі туралы тренинг ұйымдастырылды. Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебі профессордың ассистенті, Орталықазиялық зерттеулер саласындағы PhD Азиз Бұрханов қазіргі зерттеулерде Орталық Азиядағы ұлттық бірегейлікті зерттеу мәселелеріне сараптамалық шолу жасаса, Жоғары мемлекеттік саясат мектебі профессордың ассистенті Бриджет Гудмэн ұлттық/этностық бірегейлік пен Қазақстандағы этностарға қатысты мәселелеріне сүйене отырып тіл және бірегейлік мәселесі бойынша дәріс оқыды.

Семинар-тренинг барысында ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша жоба жетекшілерінің презентациялары тыңдалды, жалпы ұсынымдар нақтыланды.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.