Поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толды

Версия для печати

2016 жылғы 10 маусымда елордамыздағы М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласындағы «Polacy» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толуына орай іс-шара өткізілді.

Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен өткізілген бұл іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, этномәдени бірлестіктер, ғылыми және зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен студент жастар қатысты.

Іс-шара барысында сөз алған Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынова былай деді: «Бүгін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығын атап өту барысында, біз сенімді түрде поляктардың Қазақстан халқымен біте қайнасып кеткенін айта аламыз. Олар ортақ мақсатты көздеген істерді бізбен бірге айрықша екпінмен атқаруда.  Соңғы кезде ортақ үйімізді алаңдатқан жағымсыз оқиғалар ендігі жерде қайталанбасын дей отырып, барлық әлемге тыныштық пен жақсылық тілеймін. Қазіргі кезде басты ұстаным да осы болып тұр. Аспанымыз ашық болып, баршамыз мамыражай бейбіт жағдайда өмір сүрейік!»,-деді ол.

Қиын-қыстау кезде барша ұлтқа қонақжайлылық танытқан елімізге ризашылығын білдірген Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Мачей Ланг  жалпы қазақ халқының қайырымдылығын жоғары бағалады. Оның айтуынша, қазақтар өз бастарынан ауыр жағдайды өткеріп отырғанына қарамастан, жер аударылғандарға барынша қамқорлық көрсеткен. Кімнің тірі қалуы белгісіз кезеңдегі азапты тірлікте көмегін аямаған халық туралы жылы лебізін бізге ол былайша білдірді.  «Сол кездегі сұрапыл уақытта қол созған қазақтардың іс-әрекетін - ең жоғары адамгершіліктің белгісі ретінде бағалаймын. Бұл қайырымдылықты ешкім ұмытпайды. Әрқашан қазақтардың көрсеткен көмегін есімізде сақтап, оларға алғыс білдіруді абзал борышымыз деп білеміз»,-деді ол сөз орайында.

Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Рафик Валиев өз сөзінде бұл күнді әрдайым есте сақтау қажеттігіне басымдық беріп, сол кездегі ауыр кезеңдер туралы бейнетүсірілімді жиі көрсету керектігін әңгімеледі. Осы арқылы біз жастарға  қиын кезеңдерде барша халықтың бір-біріне қол ұшын соза білгенін ұғындыра аламыз. Әрі ол аға ұрпақтың иық теңестеріп, аянбай еңбек еткенін көрсетеді. Бұл жерде жастардың сол тұста ешбір діни алауыздықтың орын алмағанын ескергені абзал. Р. Валиевтің осынау сөзінен кейін «Қазақстандағы поляктар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Свинцицкий өз ойын былайша сабақтады: «Бүгін, мынадай керемет іс-шарада поляк этносының өкілі ретінде және жер аударылғандардың үшінші ұрпағы ретінде  менің есіме Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқан сөзі түсіп отыр. Президент Павлодар қаласына жасаған кезекті бір жұмыс сапары барысында былай деген болатын:  «Біз бәріміз әртүрліміз. Шашымыз, көзіміз де әртүрлі. Бірақ, Ұлы Жаратушының бұйрығы бойынша, барлығымыздың қанымызды бір қылып, мына жерге жіберген», деді Президент.  Сондықтан біз  өзіміздің Ортақ үйіміздің тыныштығын сақтайық! Сол кездегі ауыр зардаптар әлі есімізде, осыған орай келешек ұрпақ өткеннің зардаптарынан сабақ ала отырып, ел тыныштығын сақтауға үлес қоса білулері керек!»,-деді ол.

Іс-шараға қатысушылар арасында жер аударылғандар болып, сол кездің ауыр зардаптарын әңгімелеп берді. Әрі олар жер аударылғандарға қазақтардың тарапынан жасалған үлкен көмекті жылы ілтипатпен  айтты.

«Polacy» қоғамдық бірлестігі концерттік бағдарлама әзірлеп, оның барысында «Ватра» украин мәдени орталығының, «Возрождение» неміс қоғамы, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы, «Оберег» украин қоғамы мен «Алеф» еврей мәдени-ағарту және қоғамдық-саяси қоғамының шығармашылық өкілдері өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының фойесінде тақырыптық көрме өткізілді.

Еске сала кетсек, 1936 жылғы 28 сәуірде «Украинадан қоныс аударушылар туралы» КСРО ҰКО қаулысы қабылданып, осыған сәйкес, Украинада тұратын поляктар Қазақстанға көшірілді. Ал биылғы жылы Қазақстанның поляктары Орталық Азия даласына көшірілгендеріне 80 жыл толғанын атап өтеді.

   

   

 

_____________________________

Астана қаласы әкімдігі жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-57/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.