Шымкентте Пушкиннің 220-жылдығын үлкен бал кешімен атап өтті

Версия для печати

Биыл әйгілі орыс ақыны Александр Пушкиннің туғанына - 220 жыл. Осыған орай Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамбмлеясы ғимаратында қалалалық славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мен халықтың жадында мәңгі қаламын» тақырыбында шығармашылық кеш өтті. 

Қалалық ассамблея мен білім бөлімінің басшылығы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, студент жастар мен оқушылар қатысқан кеште ұлы ақынның шығармашылығындағы ізгілік, адамгершілік, достық секілді құндылықтар кеңінен дәріптелді. 
Іс-шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан Шымкент қаласы театрларының кәсіби әртістері мен мектеп оқушылары Пушкин поэзиясын орыс, қазақ және өзге тілдерде мәнерлеп оқумен қатар, ақынның шығармаларына жазылған әндер мен романстар орындалды.

Жиында сөз сөйлеген Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қоғамда ізгілікті қалыптастырудағы поэзияның рөліне тоқталып, қаладағы этномәдени бірлестіктер жанында әдебиет клубын ашуды ұсынды. Жастар жылында қолға алынатын игі бастама жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыруға зор ықпал етпек. 

Қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романованың айтуынша Пушкин мұрасы ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келеді.

«Поэзияны құрметтейтін елдерде Пушкинің шығармашылығына арналған кештер өткізіліп тұрады. Сондай игі шаралар Шымкент қаласында да тұрақты өткізіліп жүр. Ондағы мақсат – әлем әдебиетінде жауһар жырларымен жарқ еткен Пушкин шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау, жас ұрпақты адамгершілікке, махаббатқа тәрбиелеу, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыру», – дейді ол. 

Бұған дейін ақынның мерейтойына орай жастар арасында 3 номинация бойынша байқау ұйымдастырылған болатын. Пушкин шығармаларына арналған романстарды, «Татьяна әнін» орындау және «Евгений Онегин» романы мен сол шығарма аудармаларынан үзінді оқу жөнінен жеңімпаз атанғандар осы кеште арнайы сыйлықтармен марапатталды. 

Салтанатты шара шымкенттік мектеп оқушылары дайындаған мерекелік бал-кешімен аяқталды.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.