«Ұлы Дала мұрасы» көрмесі

Версия для печати

2016 жылғы 14 қазанда, сағат 16.00-де «Астана» ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала мұрасы» атты сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ашылады және әр-түрлі салалар бойынша шеберлік дәрістері өткізіледі.

Іс-шара ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді халыққа кеңінен насихаттап, асыл мұраны дәріптеп, жастарға тәлім-тәрбие беру мақсатында өткізіліп отыр.

Қазақ халқының колөнері ежелгі дәуірден басталады. Ұлттық қолөнерінің өсу жолы, өзіне тән даму тарихы бар.  Қазақ халқы – кең байтақ елімізде ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері, сол дәстүрді дамытушы және жаңғыртып байытушы.

Ел ішінде он саусағынан өнер тамған, қолөнердің сан саласын жақсы меңгерген ісмерлер аз емес. Атадан балаға дарыған дәстүрлі қолөнер кәсібі бүгінгі күні қарқынды дамып келе жатыр. Өткізіліп отырған көрме осының дәлелі.

Көрмеге керемет әшекейленген, әсем бояулы, мағынасы жоғары тері, ағаш, сүйектен жасалған бұйымдар, біз кесте, киіз басу мен тоқыма өнері туындылары қойылады. Сондай-ақ зергерлік өнердің биік дәрежесіне жетіп, халықаралық көрме-фестивальдарға қатысушы шеберлердің бұйымдары көрмеде өз орнын таппақ.

Көрме соңында әр саладан шеберлік дәрістері ұйымдастырылады. «Астана» ұлттық сурет галереясы барша Астана тұрғындары мен қала қонақтарын көрмеге шақырады!

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.