«Жарық және көлеңке. Лев Дашкевичтің суреттері» көрмесі

Версия для печати

9 қырүйек күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде Беларусь Республикасы Ұлттық тарихи музейі қорының «Жарық және көлеңке. Лев Дашкевичтің суреттері» көрмесінің салтанатты  ашылуы өтті.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі мен Беларусь Республикасы Ұлттық тарихи музейінің  бірлесіп жасаған алғашқы жобасы, екі халықтың мәдени байланысы мен ортақтастығын нығайтудың  үлгісін көрсеткен жұмыс болды.

Музейдің Беларусь Республикасының Қазақстандағы  елшілігінің белсенді қатысуымен ұйымдастырған  «Мәдениет арқылы үндесу» халықаралық жобасының аясындағы көрмеге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі  директорының бірінші орынбасары Ақтаева Күләйша,  Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов,  Беларусь Республикасы Ұлттық тарихи музейінің  ғылыми қызметкері Мартынова Наталья, қоғам қайраткерлері мен музей  қонақтары қатысты. Сонымен қатар, осы іс-шараны ұйымдастыруға Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Беларусь» мәдени орталығының төрағасы Александра Романова тікелей атсалысты.

Беларусь Республикасының өнері мен мәдениетін көпшілікке ұсынуда ҚР Тұңғыш Президенті музейі  қосып отырған  зор үлесті атап өткен Анатолий Ничкасов Қазақстан мен Беларусь арасындағы ағайындық және одақтық өзара байланысқа тоқталып: «Бұл жыл біз үшін аса маңызды болды, себебі Мемлекет басшысының жарлығымен осы жыл Беларусь мәдениетінің жылы болып белгіленді. Сондықтан да біз  бауырлас ел - Қазақстанда өз  республикамыздың мәдени жетістіктерін барынша көрсетуге ұмтылудамыз»,- деді.

Лев Дашкевичтің ерекше шығармашылық өмірі туралы айтып өткен Наталья Мартынова көрменің құрылымына тоқталып: «Көрме ең алдымен, біздің ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы тарихымыздың жарқын, халыққа танымал  тұлғалардың  бірі – Лев Урбанович Дашкевичті таныстырады. Көрме үш шартты бөлімнен тұрады, оның біреуінде 1920 жылдардағы Беларусь  бейнеленген.  Шығармашылыққа деген ерекше сезімінің арқасында Лев Дашкевич керемет сезімтал суретші болды. Сол себепті, сіздер бүгін  Беларусьтің 20-жылдардағы бейнесін көріп қана қоймай, сезіне де аласыздар».

«Жарық және көлеңке» көрмесінің ашылу барысында көрермендерге Лев Дашкевичтің 1910 - 1950 жылдар аралығындағы 39 суреті ұсынылды. Көрме атауының да өзіндік ерекше мәні бар, себебі жарық пен көлеңке Лев Урбановичтің шығармашылығының негізі болып, оның жұмыстарын көргендерді ерекше бір сиқырлы күйге бөлеп,  жан-дүниелерін өзгеше сезімге  толтырды. 

«Жарық және көлеңке» фотокөрмесі Астанада көрсетілгеннен  кейін басқа елдерге тарихи-мәдени саяхатқа аттанады. Беларусьтің өзінде аталмыш көрме турне соңында ғана салтанатты түрде ашылады.

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.