Жексенбілік мектептерінде жазғы демалыс басталды

Версия для печати

Көптен күткен жаз маусымы да келді, бұл елордамыздағы этномәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептері жазғы демалысқа шығатын уақыт жетті деген сөз.

22 мамыр күні № 32 мектеп-гимназияда «Ван» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жексенбілік мектебінде оқитын төменгі сынып оқушыларына арналған «Әліппе мейрамы. Менің Отаным Қазақстан-Армения» атты ертеңгілік өтті. Қалыптасқан дәстүр бойынша мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды. Одан соң балалар армян әліппесінің негізін қалаушы – Месроп Маштоц туралы сахналық қойылым көрсетіп, армян тілінде өлеңдер оқып, Қазақстан мен Армения туралы әндер айтты.

Мерекелік концертке Қазақстандағы Арменияның дипломатиялық корпус өкілдері, қалалық ҚХА хатшылығының қызметкерлері, ата-аналар мен жексенбілік мектеп оқытушылары шақырылды. Армения Ресепубликасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ара Саакян, Қазақстандағы Армения Елшілігінің консулы Мгер Бадалян, Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының бас маманы Гүлнар Тайгокова сынды мәртебелі меймандар жиналғандарды ерекше мейраммен құттықтап сөз сөйледі.

Мерекеге қатысқан ата-аналар өз балаларының армян тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін танып-білуге жағдай жасағаны үшін мемлекетке алғыстарын жаудырды.

Дәл сол күні «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жексенбілік мектебінде жас түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Оған жексенбілік мектеп мұғалімдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

«Бүгінгі таңда жексенбілік мектепте 30 шақты бала оқиды. Біздің оқушыларымыз республикалық, қалалық деңгейдегі байқаулар мен  фестивальдерге жиі қатысып тұрады. Балаларымыз ана тілінде өлеңдер оқиды, татардың ұлттық әндерін орындайды. Олар ата-аналарымен бірге елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға жиі атсалысып тұрады», - дейді Татар-башқұрт жексенбілік мектебінің жетекшісі Нұрия Зағидулина.

Оқу жылының аяқталуына орай өткен мерекелік іс-шара барысында балалар татар халқының ұлы ақыны әрі жазушысы Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, татар халқының ұлттық әндерін айтып, билерін биледі. Мерекелік рәсімнің ресми бөлімінің соңында оқуда үздік деп танылған оқушыларға «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі атынан Алғыс хаттар табысталды. Одан соң балалар ата-аналарымен бірге театрландырылған «Сабантой» қойылымын көрсетті. Мереке соңында барлығы татар халқының ұлттық тәтті дәмдеріне толы дастарханға жиылды.

   

_____________________________

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі:

тел. 24-98-56/ +7707-310-53-54/ +77071305659

WhatsApp - 7707-310-53-54/ +77071305659

e-mail: adelya-solnce89@mail.ru

www.astanakelisim.kz

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.